Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі барлық қаржы мен мемлекеттік сатып алуды орталықтандырды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесі талқыланған жиында аталмыш министрліктің жауапты хатшысы Жанат Қожахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды қабылдау қажеттігін түсініп, бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, 2019 жылдың ақпан айында министрлік келесі жұмыстары жүргізді. Біріншісі - сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету мақсатында министрліктегі кадрлық, заңдық, қаржы қызметтерін, сатып алу қызметтерін орталықтандыру туралы шешім қабылданды. Яғни, комитеттер бүгінгі күні бұл функциялармен айналыспайды. Өздерінің салалық міндеттерін іске асырады. Ал қалғандарының бәрі орталықтандырылған. Біздің ойымызша, бұл, бірінші кезекте, біздің салалық бөлімшелерімізге өздерінің стратегиялық саяси міндеттеріне тереңірек назар аударуға мүмкіндік береді. Екінші кезекте, әрине, бұл өз қызметкерлеріне қысым көрсету элементтерін жоюға жол ашады», - деді Жанат Қожахметов.
Оның айтуынша, министрлікте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша ведомстволық жоспар әзірленіп, бекітіліп қойған. Сондай-ақ, министрліктің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттары бекітілген. Жұмысқа қабылдау кезінде әрбір жаңа қызметкер осы стандарттармен танысып, қол қояды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүйелі негізде семинарлар өткізіледі. Ведомстволық бағынышты ұйымдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл картасы қабылданып, құқық бұзушылықтардың жоқтығын растайтын құжаттарды ұсынғаннан кейін ғана ведомстволық бағынышты ұйымдардың басшыларын тағайындау туралы шешім қабылданады. Бағынышты қызметкері жемқорлықпен ұсталса, басшысын жұмысқа шығаруға дейінгі жаза бар.
Сонымен қатар, Жанат Қожахметов хабарлағандай, министрлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, 2019-2020 жылдарға арналған «Адалдық алаңы» жобасы жүзеге асырылып жатыр.