Ақмола облысында жоғалған бала әкесінің көлігінің жүксалғышынан табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, 30-қыркүйек күні Шортанды аудандық ПБ кезекші бөліміне 37 жастағы жергілікті тұрғын хабарласып, 12 жастағы ұлын іздеуге көмек сұраған.
Оның сөзінше, 29 қыркүйек күні кешкі сағат 20:00 шамасында, кешкі астан кейін ұлы үйден шығып кеткен.
Алдымен жоғалған баланы туыстары өздері іздеген, кейін полициядан көмек сұраған.
«Баланы іздеуге жедел-тергеу тобы, ювеналды полиция қызметкерлері және учаскелік полиция инспекторлары жұмылдырылды. Олар бірінші кезекте жоғалған баланың үйі орналасқан аумақты сүзіп шықты. Нәтижесіне бала әкесінің көлігінің жүксалғышында ұйықтап жатқан жерінен табылды», - деді ведомстводан.
Полиция департаментінің баспасөз қызметінен атап өткендей, баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін белгілер анықталмады, бала ата-анасымен қауышты.