07 қаз, 2025 сағат 11:35

Ақмолада «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 150 млн теңгеден астам қаржы жымқырылғаны анықталды

Фото: ашық дереккөз

Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) Ақмола облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Ult.kz.

2020 жылы «Құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен «НИКС Инжиниринг Групп ИВ» ЖШС арасында 500 млн теңгеден астам сомаға келісімшарт жасалған.

Алайда мердігер компания 3 жыл бойы құрылыс бөлімі басшысының көмегімен іс жүзінде орындалмаған жұмыстарға жалған қабылдау актілерін рәсімдеген.

Мердігерге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Осылайша мемлекетке 152 млн теңге көлемінде зиян келтірілген. Сот санкциясымен күдіктілердің жалпы құны 100 млн теңгеден астам мүлкіне тыйым салынды.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жолданды.

Айта кетейік, «Нұрлы жер» бағдарламасы елдегі әлеуметтік осал топтардың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыруды көздейді.