Астрахан ауданында жоғалған балықшының денесі табылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Бүгін сағат 16.30 шамасында Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары Астрахан ауданының Баршын көлінен 23 қазанда жоғалып кеткен ер адамның денесін тапты. Бұл туралы ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, 23 қазанда Астрахан ауданы Ұзынкөл ауылдық округінің Баршын көліне төрт адам балық аулау үшін барған болатын. Сол күні кешке үшеуі металл моторлы қайықпен көлде жүзген.
Ал біреуі жағалауда қалған. 28 қазанда іздеу тобы екі балықшының денесін тапты. Ал үшінші балықшыны іздеу жұмысы 14 күнге созылды.
Бүгінгі күні Баршын көліндегі іздестіру жұмыстарына үш жүзу құралында құрамына 15 адам кіретін үш сүңгуір тобы, аудан әкімдігінің, полиция бөлімінің қызметкерлері, балықшының туыстары мен жанашыр тұрғындар қатысты.
Көлдің ауданы 40 шақырымнан астам әрі оның көп бөлігін қамыс басып кеткендіктен іздестіру жұмысында қиындық туындады.
Құтқарушылар балықшыларға балық аулауды жеке құтқару құралдары болған кезде ғана жүзеге асыруды ұсынады. Егер сіз қайықпен балық немесе аң аулауға шықсаңыз, онда қайық техникалық жағынан жарамды, су төгетін және құтқару құралдарымен жабдықталған болуы керек.
Қайықта болған кезде міндетті түрде құтқару кеудешесін кию және ешқандай оқыс қимыл жасамау, бортта еңкеймеу, қайықта тұрмау және қозғалмау қажет.