10 мау, 2024 сағат 12:29

Ақмола облысындағы Қорғалжын ауылына қызғылт қоқиқаздар ұшып келді

Қорғалжын ауылының тұрғыны Серікбай Жаныбеков өзінің Instagram парақшасында құстарды видеоға түсіріп, көпшіліктің назарын аударды.

Видеоны көрген оқырмандар табиғат көрінісіне тамсанып, жарыса пікір жазды. Көрермендер әсем табиғат пен құстардың керемет сәттерін жоғары бағалап, Серікбайдың шеберлігін мақтады.

Бұл видео ауылдың табиғи сұлулығын және құстар әлемінің таңғажайыптығын көрсетіп, көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

"Қызыл кітапқа енген сирек құстардың бірі – алқызыл қоқиқаздар. Жазда ұшатын аз ғана өңірдің бірі – біздің Қорғалжын", – деді видео авторы Серікбай Жаныбеков.


Желі қолданушылары видеоны қызу талқылап, пікір бөлісті.

"Қандай тамаша көрініс?!", "Өте әдемі. Адамзат табиғатты аялаңдар. Керемет түсірілім үшін рахмет!", "Қандай әдемі құстар, қандай әдемі музыкалық сүйемелдеу. Туған өлкем – сұлусың", – деді оқырмандар.



Айта кетейік, қоқиқаздар көктемде еліміздің солтүстік өңіріндегі Теңіз көліне және Торғай өңіріндегі бірнеше көлге және Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауына ұшып келеді. Қазан-қараша айларында Иран, Ауғанстан, Пәкістанға ұшып кетеді. Қызғылт қоқиқаздың дене тұрқы жұмырланып келген, аяқтары мен мойыны ерекше ұзын болады. Олар – дүниежүзіндегі аяғы ең ұзын құстардың бірі.

Жергілікті тұрғындар қоқиқазды "қызылқанат қаз" немесе "қызылқаз" деп те атайды. Қанаттарын қағып, ұшып бара жатқан қоқиқаздар алыстан қарағанда қып-қызыл от тәрізді болып көрінеді. Сондықтан оны орысша – "фламинго" деп атайды. Ол латынның "алаулаған от, жалын" деген сөзінен алынған. Қоқиқаздар 2010 жылы Қазақстанның Қызыл кітабына енген.