21 қаз, 2020 сағат 11:17

Ақмола облысындағы бюджеттік мекеме нарық бағасынан 3-4 есе қымбатқа киім сатып алмақшы болған

Ақмола облысында «Ашық бюджет» жобасы белсенді іске асырылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің хабарлауынша, жоба аясында Департамент қызметкерлері «Ақмола - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдерімен бірлесіп, Ашық бюджеттердің интерактивті картасы арқылы бюджет қаражатын тиімді және мақсатты пайдалануға мониторинг жүргізді. Қазіргі таңда Интерактивті картаның порталында өңір ұйымдарының 2550-ден астам бюджеті орналастырылған. 

Мониторинг қорытындысы бойынша Ақмола облысы аудандарының бірінің мемлекеттік мекемесі бюджеттік бағдарламасының әкімшісі ерлер мен әйелдер күрткелерін жалпы сомасы 6 950 000 теңгеге бір данасын 50 000 теңгеден сатып алуды жоспарлағаны анықталды.

Алайда, киім нарығын және басқа ұйымдардың мемлекеттік сатып алу жоспарларын талдау барысында ұқсас күрткелерінің орташа бағасы бір күртке үшін 11-ден 16 мың теңгеге құрайтыны анықталды.

Тапсырыс берушіге жоспарланған тауарларға оңтайлы бағаларды қайта қарау және орнату туралы ұсыныс хат жіберілді. Департаменттің ұсынысынан кейін мекеме мемлекеттік сатып алу бағасын төмендетті. Нәтижесінде бюджет қаражатының жалпы үнемделуі 5 000 000 астам теңгені құрады.

Айта кетейік, Интерактивті карта арқылы әрбір тұрғын әлеуметтік нысандарды жөндеуге және ұстауға бөлінген бюджет қаражатын бақылай алады. Ол үшін Publicbudget.kz порталына кіру жеткілікті.

Бұдан басқа, «Ашық бюджет» жобасы аясында халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында Департаменттің әлеуметтік желілердегі парақшаларында тікелей эфирлерде құзыретті мамандар азаматтарға тегін кеңестер береді.