Астрахан ауданында жоғалған балықшыны іздеу жұмыстары он бір тәулік бойы үздіксіз жалғасуда. Әзірге еш нәтиже жоқ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, Баршын көліндегі іздестіру жұмыстарына 15 адамнан тұратын үш сүңгуірлер тобы, үш мотоқайық және үш техника жұмылдырылды. Сонымен бірге, аудан әкімдігі, полиция бөлімінің қызметкерлері, еріктілер мен жанашыр тұрғындар атсалысуда.
«Құтқарушылар мен еріктілерге жоғалған балықшының денесін табуға көл аумағының үлкендігі мен қамыстың көп болуы біраз кедергі келтіріп отыр», - дейді ведомстводан.
Айта кетейік, 2020 жылғы қазанның 23-інде Астрахан ауданындағы Ұзынкөл ауылдық округінің аумағындағы Баршын көліне төрт адам балық аулау үшін барған болатын. Сол күні кешке олардың үшеуі моторлы қайықпен көлге жүзіп кетеді де, біреуі жағада қалады. 2020 жылғы 28 қазанда іздеу тобы екі балықшының денесін табады. Ал үшінші балықшының денесі іздестірілуде.