Ақмола облысында үй құстары жаппай қырылған ауылға шектеу шаралары енгізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мәліметінше, Жарқайың ауданының Шойындыкөл ауылында 200-ден астам үй құсы (қаз, үйрек, тауық) өлген. Құстардың жаппайы қырылуы ауылдағы 65 үйдің 19-ында тіркелген. Құстардың өліміне құс тұмауы күдік туғызып отыр.
«Ветеринарлық қызметтер үй-үйді аралап, тексеруде. Тұрғындардың арасында құс тұмауымен ауру оқиғасы тіркелген жоқ. Аудан әкімінің қаулысы және аудандық штабтың шешімен Шойындыкөл ауылына шектеу енгізілді. Оның ішінде, үй құстарының барлық түрінің қозғалысына, аса қажеттілік болмаса ауыл тұрғындарының жүріп-тұруына тыйым салынды», - деді ведомстводан.
Тұрғындар арасында құс тұмауын болдырмау және індеттің таралуының алдын алу бойынша Жарқайың аудандық әкімдігі, аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы және ветеринарлық қызмет мамандары түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Айта кетсек, елімізде құс тамуының таралуына байланысты Ақмола облысы аумағында кешенді шаралар қолға алынған болатын.