Фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі
8 қараша күні Ақмола облысының Макинка станциясында пойыз ер адамды қағып кетті. Бұл туралы ҚТЖ баспасөз қызметі хабарлайды.
«8 қараша күні таңертеңгі 8:45-те Макинка станциясында пойыз темір жол үстінде адам болуына байланысты шұғыл түрде тоқтауға (тежегішті басуға) мәжбүр болды. Машинист дабылды басса да, құлаққап таққан әрі күләпара бүркенген ер адам оны естімеген. Ара қашықтықтың қысқа болуына байланысты соққының алдын алу мүмкін болмады», — делінген хабарламада.
Қазіргі кезде аталған оқиғаға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.
ҚТЖ теміржолда жүргінші адамдардың жарақат алуы және жапа шегуі көп жағдайда олардың белгіленбеген жерден өтер кезде жан-жағына мұқият қарамауынан болатынын мәлімдейді.
Теміржол релсінің үстімен жүруге, теміржол маңына масаң күйде жақындауға, құлаққаппен жүруге, сондай-ақ тоқтап тұрған пойыз құрамының астынан өтуге тыйым салынған.
Айта кетейік, жуырда ғана Ақмола облысында жүк тасымалдайтын пойызға жеңіл көлік соқтығысқан болатын.