21 ақп, 2026 сағат 14:01

Ақмола облысында карьерде жүргізушісімен бірге экскаватор суға батып кетті



Кеше Целиноград ауданына қарасты Қабанбай ауылы маңындағы карьерде жұмысшы қаза тапты. Экскаватор су айдынына аударылып, кабина ішінде отырған азамат сыртқа шыға алмай, суға батып кеткен.


Карьерді «Астана Керамика» ЖШС игеріп жатқан.


Аймақтық «Найза Кокше» басылымының жазуынша, бастапқы тергеу марқұмның да, арнайы техниканың иесінің де аталған компаниямен келісімшарты болмағанын көрсеткен. Сонымен қатар осы учаскеде құм өндірудің заңдылығы да тексерілмек.


Еңбек инспекциясы жұмыс беруші тарапынан бұл жазатайым оқиға туралы ешқандай мәлімет түспегенін хабарлады. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.


«20 ақпан күні сағат 12:40 шамасында Целиноград аудандық полиция бөліміне оқиға туралы хабарлама келіп түсті. Саз өндіретін карьердің су айдынында 1996 жылы туған жүргізушісімен бірге экскаватор суға кеткен. Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен жедел қызмет өкілдері жұмыс істеуде, техника су астынан шығарылып жатыр», – деп мәлімдеді полиция департаменті.



Қосымша ақпарат кейінірек берілетіні хабарланды.