27 қар, 2020 сағат 10:22

Ақмола облысында инвестиция көлемі 23 пайызға өсті

Ақмола облысының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі өткен жылмен салыстырғанда 23 пайызға өсті. Бұл туралы өңір әкімі Ермек Маржықпаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өңірде осы жылдың 10 айының қорытындысына сәйкес қызметтің көптеген бағыты бойынша жақсы нәтижеге қол жеткізілді. Өсім, ең алдымен, нақты сектор салаларының есебінен қамтамасыз етілді: өнеркәсіпте – 106,3%, ауыл шаруашылығында - 114,2%, құрылыста-111,7%. Ақмола облысының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі өткен жылмен салыстырғанда 23 пайызға өсті, жыл басынан бері экономикаға 340 млрд теңгеге жуық қаржы бағытталды. Бұл көрсеткіш бойынша біздің облыс еліміздегі үздік үштіктің қатарында», - деді әкім Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Оның айтуынша, дағдарысқа қарсы шаралар аясында шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда, 20 мыңнан астам субъект салық алып, несие бойынша кейінге қалдыру щараларымен қамтылды. Олардың іскерлік белсенділігін қалпына келтіру үшін екі бағдарлама аясында 7 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. 

«Бизнестің жол картасы» бойынша 300 кәсіпкерге мемлекеттік қолдау көрсетілді, «Еңбек» бағдарламасы бойынша 800-ден астам микрокредит пен 700 өтеусіз грант берілді. Өңірлік бизнес «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына белсенді қатысады. Биыл 15,2 млрд теңгеге 120 бизнес-жоба қаржыландырылды. Бұл өткен жылдан үш есе көп. Жобаларды жүзеге асыру қосымша 1300 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді», - деді Ермек Маржықпаев. 

Оның сөзіне қарағанда, Жұмыспен қамту жол картасын іске асыру барысында жұмысқа орналасу мүмкіндігі пайда болды, оның аясында 9650 жұмыс орны құрылды. Еңбек нарығында бағдарламаларды іске асыру есебінен барлығы 21 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, оның ішінде 13 мыңы тұрақты.