04 қар, 2020 сағат 12:43

Ақмола облысында діни объектілер, кинотеатр, мәдениет объектілерінің қызметі тоқтатылады

COVID-19-дың таралуына жол бермеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның төрағасы, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Ақмола облысындағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында 9 қарашадан бастап облыс әкімдігіне бірқатар шектеу шарасын қабылдауды тапсырды.

Атап айтқанда:

Көкшетау қаласының периметрі бойынша блок бекеттер орнату;

күн сайынғы өсімі 10 жағдайдан асатын елді мекендерде санитарлық блок бекет орнату;

Көкшетау-Алматы, Көкшетау-Ақтау бағыттары бойынша әуе қатынасын аптасына 2 рейстен 1 рейске дейін қысқарту;

Көкшетау-Қызылорда бағыты бойынша теміржол тасымалдарын аптасына 7 реттен 3 ретке дейін қысқарту;

жолаушылар теміржол құрамдарының облыс ішінде аялдауына тыйым салу (облыс әкімдігі белгілеген жерлерді қоспағанда);

діни объектілердің, театрлардың, кинотеатрлардың, мәдениет объектілерінің қызметін тоқтата тұру;

жұмыс күндері үй-жайлардағы қоғамдық тамақтандыру объектілерінің жұмысын бір мезгілде 30-дан аспайтын келушілер болған жағдайда, 30-дан кем орындық объектілер үшін есептік орындардың 50%-ынан аспайтын жағдайда сағат 8:00-ден 21:00-ге дейін, жұмыс режимін қысқарта отырып шектеу;

жұмыс күндері сауда үйлерінің, сауда орталықтарының, көлемі 500 шаршы метрден астам азық-түліктік емес дүкендердің жұмысын сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін шектеу;

стратегиялық объектілер мен тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінің өндірістік процесті қамтамасыз ететін жұмыскерлерін қоспағанда, облыс елді мекендерінің аумағы бойынша тұрғындардың қозғалысын сағат 23:00-ден сағат 06:00-ге дейін шектеу;

65 жастан асқан адамдарға азық-түлікті, бірінші кезекте қажетті тауарларды, дәрі-дәрмектерді және медициналық бұйымдарды сатып алу жағдайын қоспағанда, аса қажет болмағанда тұрғылықты жерінен шықпауды ұсыну;

қызметкерлердің кемінде 80%-ын қашықтан жұмыс істеу режиміне көшіру;

офлайн режимде кеңес өткізуге тыйым салу тапсырылды.

Еске сала кетсек, COVID-19-дың таралуына жол бермеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның төрағасы, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды.