Фото:kaz.inform.kz
Қаңтар айының басында болған жол көлік оқиғасына қатысты ТЖМ мәлімдеме жасап, оқиғаның себебін атады, деп хабарлайды Ult.kz.
Журналистер ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаменті басшысының орынбасары Аслан Уәкішевке, “Ақмола облысында қаңтар айының басында 95 көлік соқтығысқан жол апатына кім кінәлі?”,- деген сұрақты қойды.
Аслан Уәкішевтің айтуынша, апаттың себебін анықтау Төтенше жағдайлар министрлігінің құзыретіне кірмейді.
"Түсінік бере алмаймын, тергеу жүріп жатыр. Біздің құзыретімізге зардап шеккендерді құтқару және эвакуациялау кіреді", - деді Уәкішев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Одан бөлек ол, боранды күндері Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері колоннаны алып жүргенін, алайда сол жерде бір-бірін басып озуға тырысқан жауапсыз жүргізушілер болғанын жеткізді.
ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаменті басшысының орынбасары Аслан Уәкішев:
“Барлығы осыдан туындаған болуы мүмкін. Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары әлі жалғасуда”, — деп отыр.
Одан бөлек ол, оқиға кезінде министрлік тиісті шараларды атқарғанын атап өтті.
“Біздің бөлімшелер үйлесімді жұмыс атқарып, мүмкіндігінше барлық адамды құтқарып, эвакуациялап, жылыну пункттеріне жеткізді. Жолаушыларға жылыну пункттерінен Астанаға және басқа да бағыттарға жету қажет болды, біз оларды пойыздарға мінгіздік”, — деді Аслан Уәкішев.
Еске салайық, 3 қаңтарда “Астана-Щучье” тас жолындағы жаппай көлік апатында 95-ке жуық автокөлік зардап шеккен. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жедел ақпаратында айтылған еді.
