04 қар, 2017 сағат 12:37

Ақмешіт - қазақ экотуризмінің орталығы

«Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни, туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс. Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады».

(Елбасы Н. Назарбаевтың 
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан)


Оңтүстіктегі Ақмешіт үңгірі. Соңғы кездері осы киелі мекеннің кереметі жайында республикалық БАҚ беттерінде жиі айтылып-жазылып жүр. Белгілі ғалым, академик Мырзатай Жолдасбеков осында келгенде «Мен дүниеде көп нәрсені көріп едім, мынау нағыз ғажайып екен ғой» деп таңдайын қағып кетіпті. Үңгір Бәйдібек ауданындағы Ақмешіт ауылынан 7-8, ал Шымкенттен шамамен 70-80 шақырым жерде. Қаладан бір жарым сағаттық жол. Осы құпиясы мол мекенге жол тарттық. Сырт көзге елеусіздеу көрінеді. Егер ол жерден кездейсоқ өтсеңіз, үңгірдің бар екендігін байқамауыңыз да мүмкін.

Жанарды арбаған табиғи көрініс

Ақмешітке көбіне дертіне шипа іздеп немесе Жаратқаннан перзент сұрап, құрбандық шалып, ниеттеніп келетін көрінеді. Сондай-ақ ел арасында тіл мен көзден, дуадан құтқаратын мекен ретінде жиі айтылады. Аңызға сенсек, Ақмешіт үңгіріне XII-XV ғасырларда жоңғар шапқыншылығы кезінде он мыңға жуық әскер кіріп, намаз оқыған дейді. Келесі деректе, ертеректе жыланның ордасына айналған үңгірдің иесі айдаһар мен дию пері болған деп те айтылады. Әйтеуір, сыр сақтап жатқан құпия сандық секілді бұл жер. 

Киелі мекенде ұзақ жылдар бойы шырақшы болған Асқар Рүстембекұлы демалысқа шығыпты (Аудан әкімдігінің нұсқауымен бұдан былай ондағы қызметкерді шырақшы деп емес, саяхаттаушы деп атауды ұйғарыпты – С. Т.). Қазіргі гид-саяхаттаушысы Әбдіразақ Мәуленов деген азамат. Мамандығы тарихшы-географ. Бір жылдан бері осында қызмет етіп келеді екен. Оған ілесіп, баспалдақпен жоғары көтерілдік. Жылы жел соғып тұр. Үңгірге кіреберістегі орындықта кішкене кідіріп, ентігімізді басып, ішке ендік. ...Керемет дерсіз! Аузы аядай ғана болғанмен іші футбол алаңы іспеттес. Тамсанбай қарау мүмкін емес. Аяғымызды аңдап басып, Әбекеңнің әңгімесіне құлағымызды түріп келеміз. «Өзім Ақмешіт ауылында тұрамын. Біраз жылдар болды, осы үңгірдің тастарын алып ғылыми жұмыстар жүргізіп жүрмін. Зерттеп көргенімізде, Неолит дәуірінде қалыптасқаны белгілі болып отыр. Кереметі аз емес. Бұрын мұнда екі бұлақ болған екен. Төменге түскенде оң жақ бөлігінде төрт аттылы адам кіріп шығатын қақпасы да болған. Кейін бітеліп қалған. Киелі мекен болған соң халық жиі келеді. Зиярат етеді. Саяхат жасайды. Бұл жер Жаратқанның тылсым бір әлемі әрі емдік қасиеті бар үңгір», – дейді гид-саяхаттаушы.

Айналаны шолып, асықпай аралап шықтық. Үңгірдің орталық алаңында құстың саңғырығы үйіліп жатыр. Оған бәлкім жүз жылдан астам болған шығар, мүмкін одан да көп. Бірнеше жеміс ағашы бар екен. Жабайы жүзім мен бүлдірген. Жоғарыда жаңбыр суы әр жерінен тамшылап тұр. Гид абайлап жүруімізді өтініп, ескертті. Жанымыздағы сапарластарымыз «суды қойшы, жоғарыдағы тас құлап кетпес пе екен» дейді бір-біріне үрейленіп. Шынында 40 метрге жуық биіктегі тастар ешқандай тіреусіз тұр. Үңгірдің іші күмбез іспеттес. Ені 60-80, ұзындығы 120 метр екен. Осыдан 60-70 жыл бұрын ұзындығы 200 метр болған екен, 1966 жылғы Ташкенттегі жер сілкіністің әсерінен 120 метрге қысқарып, шөгіпті. Гидтің әңгімесін тыңдап келеміз. Біраз жайтқа қанық болдық.

Тарихи аңыз-деректер не дейді?

Үңгірдің тарихы қызық. Ертеректе, жаугершілік қиын-қыстау уақыттардың кезінде осы маңдағы ұлы Бөген мен бала Бөгеннің жарысып аққан тұсында Есіркеп Қойкелді батыр қалмаққа қарсы қол жинап, он мыңнан астам сарбазымен жауға қарсы шығуға дайындалып жатқан кезінде жаңбыр жауып кетеді. Селдетіп жауған жаңбыр астында таңғы намазды қалай оқимыз деп қиналмай бірден үңгірге түсіп, бәрі қатарласа тұрып намазға жығылады. Мынау бір керемет жер екен деп таңданысады. Үңгірге бойы үйренгеннен кейін сарбаздардың бірі батырға бұл жер кереметтігімен ұзақ есте қалдыру үшін бұдан былай бұл үңгірді Есіркеп деп немесе Қойкелді деп ат қойып кетейік дейді. Бұл ұсынысқа қарсылық білдірген батыр, қасиетті керемет үңгірдің киесі оған лайық болмасақ бұл атауды кешіре алмаса, ең қиыны сол болар, деп сөзін түйіндейді. Батыр да ойға беріле тұрып сөз бастапты. Бұл үңгір олай болмаса оң мыңнан астам адам бізге жаңбырдан қорғаштамас еді ғой, таңғы намазымызды оқуға мүмкіндік берді, тастары да аппақ күйінде ғажап әсер сыйлады, бәріміз жиналып, он мыңымыз бір жерде сәждеге бас қоя алдық, киелігі де осы да, бұл жерді енді Ақмешіт деп атайтын болайық, бұл қасиетті жер екен, содан былай Ақмешіт үңгірі аталып кетіпті.

Тибеттің қасиеті бар

Ақмешіттің кереметіне тоқталайық. Мамандардың мәлімдеуінше, мұнда адам ағзасына ем: қуатты, толқынды ауа ағымдары шоғырланған. АҚШ-тың ғарышты зерттеу орталығының («НАСА») мәліметінше, күмбез шаңырақты ғимараттарда шоғырланған ғарыштық энергия ауаның құрамындағы ионды бөлшектерді өзгертіп, ауадағы келеңсіз бактерияларды жойып, тазартады екен. Ғылыми түрде сараптама жүргізілген. Ондай ғимаратта болған адам жеңілдеп, биологиялық ағзасы (аурасы) тазаратын көрінеді.

Көпшілік біледі. Шымкентте Мұсатіллә Тоқанаов деген ұлтжанды ғалым бар. Өзі ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты. Елімізде геомагниттік толқындарды зерттеп жүрген бірден-бір ғалым. Осы азамат соңғы кездері Ақмешіт үңгірін экотуризмге айналдыру мәселесін көтеріп жүр. Бұл туралы «Шымкент келбеті» газетіне арнайы сұхбат та берген болатын. Ғалым айтады.

– Бірде геомагнитті толқындардың бар-жоғын тексеріп көру үшін, серіктеріммен бірге үңгірге түстім. Оның іші тап-таза. Жанымдағылардың қан қысымын алдын ала тексеріп алғанмын. Жарты сағаттай серуендеп, сыртқа шыққанымызда 160 болып тұрған қан қысымы 130-ға бір-ақ түсті. 20-30 деңгейге төмен түсетінін анықтадым. Қазақтың киіз үйі де күмбезді шаңырақты. Ақордамыз да сондай. Мұндай пішіндегі нысанның ішінде ауа иондары өзгеретіндіктен, қауіпті бактерия, вирустар болмайды. Керісінше, адам ағзасына жайлы әсер етіп, келеңсіз энергияны өзіне тартып алады. Сіз күмбезді шаңырақты ғимараттың ішіне көңіл күйіңіз төмен болып кірсеңіз, мамыражай күйге еніп, ашу-ызаның қайда қалғанын ұмытасыз. Мәселен, тіл-көз, дуа тиген адамның ұнжырғасы түсіп, мазасызданып жүреді. «Ақмешітке» кіргендердің бәрінің биоөрісі қалыпты жағдайға түсіп, иммундық күш-қуаты көтеріледі. Өзім биофизик ғалым ретінде, бес-алты адамның биоөрісін реттей аламын. Ал ары қарай шамам келмейді, өйткені оған көп энергия жұмсалады. Ал «Ақмешітке» мыңдаған адам түссе, бәрі де ауруынан айығып, қуаттанып шығады. Яғни, бұл мекен болашақта денсаулықтың «фабрикасына» айналуы мүмкін. Біз қолда барды пайдалануымыз керек қой. Сол жерде шипажай ашылуы керек деген ұсынысымды айтқанмын. Үңгірдің аймағында демалыс-сауықтыру шипажай орынын салсақ... Кәдімгі «Манкент», «Сайрам», «Сарыағаш» сияқты. Шипажайды қымыз бен шұбатпен қамтамасыз етсе. Сол жерде адамдар ем алатын болса, одан кейін «Ақмешітке» күніне 2 сағат кіріп-шықса, нағыз иммунды күш-қуатты арттыратын бірден-бір орын болмай ма?! Сол себепті бұл үңгір келешекте дүниежүзілік экотуризм аймағына айналарына сенім мол.

«Оңтүстік» туризм орталығының басшыларына Мұсатіллә ағамыздың бұйымтайын жеткізіп, пікірін білгенбіз. Ондағы мамандардың айтуынша, емдеу-сауықтыру кешенінің жобасы дайын. Жоспарда тұр. Қонақүй, мейрамхана, автотұрақ алаңы қарастырылған. Қаржы мәселесі алдағы уақытта шешімін таппақ көрінеді.

Игі іске қашанда қолдау керек-ақ. Ақмешіт үңгірі туралы журналистік зерттеу жүргізіп, көпшілікке кеңінен түсіндіріп, тереңнен қозғап жазған азаматтың бірі – белгілі журналист Бақтияр Тайжан. «Ақмешіт – био және экотуризм. Насихаты жақсы болса туристерді магниттей тартатын киелі мекен, – дейді қаламгер. – Дүниежүзінің жұрты сәті түссе, Тибет тауына шығып, көкірек кере дем алып, шамбалалар қасиетін жүрегінен өткізуге құмбыл. Қолы жеткендер бойындағы кеселдерден арылдым, жан-дүнием тазарды деп келеді. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, аспанмен амандасқан сол Тибет тауларының қасиеті осы біздің Ақмешіт үңгірінде бар. Мұсатілла Тоқановтай ғалымның басқа шаруасын жиып қойып: «Ақмешіт!» деп шырылдауынан осыны ұққайсыз. Ақмешіт – Алланың мейірімімен ерекше жаратылған жер. Ертеде адамдар жер қыртысының жарылыстары ойпаң, сай жерлерге және өзеннің бұрынғы арналарына өздері тұратын үйлерін салмаған. Үйлерін тек биік, тегіс, таза жерлерге салған. Біздің ата-бабаларымыз көшпенді қалыпта өмір сүргендіктен, жаздық жайылымдарға шыққанда қой малы қай жерге үйіріліп жатса, сол жерге үйлерін тіккен. Себебі, қой малы, тегіс қыратты жерлерді қалайды, сайға үйірілмеген. Халық киелі таза жерлерді біліп ондай жерлерді киелі емдік қасиетті жерлер деп атаған. Туризм керек пе, ем керек пе, Ақмешіттен табасыз. Мұнда әлем жұртының көзқұрты Тибеттің қасиеті бар».

Жөн-ақ дерсіз. Ақмешіт үңгірі туризмге сұранып тұрған жер. Тағы да гидтің әңгімесін тыңдасақ: «Кезінде, өткен ғасырдың 70-80 жылдары Байжансайдағы бір азамат үңгірді мал қораға айналдырып, сиыр ұстамақшы болыпты. Қыста жылы, жазда салқын, жайлы деп. Бірақ тасты бұзып-жаруға көлік-техниканың «тісі» өтпеген. Ол әрекетінен түк шықпағасын үңгірдің шеткері жағын арнайы жарылғыш затпен жарған. Қопару сәтінде бір жұмысшысы қаза тапқасын, әлгі кісі түпкі ойынан бас тартыпты».

Туған өлкесінің тау-қыратын, сай-саласын бес саусағындай білетін Әбдіразақ Мәуленов әңгімесінде болашақта үңгір ішінде арнайы қазба жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырғанын айтады. «Мүмкін біз білмеген жаңа парақтың беті ашылар, көне жәдігерлер табылуы да ғажап емес. Оны ауыл әкімдігімен келісіп, жүргіземіз», – дейді ол.

Ақмешіт үңгіріне барар жол теп-тегіс екен. Осыдан 4-5 жыл бұрын сол кездегі облыс әкімі А.Мырзахметовтың қолдауымен жол салынған. Жергілікті кәсіпкерлер демеушілік көрсетіп, айналмалы түсіп-шығуға ыңғайлы баспалдақты орнатып беріпті. Сосын тікұшақ қонатын екі алаң бар. Алыс-жақыннан кәсіпкер азаматтар да келіп-тұратын көрінеді. Туристерге келсек, әсіресе Ресейден, Қырғызстаннан көп келеді екен. Таяуда облыс әкімі Ж. Түймебаев өңірімізде Туризм саласы еншісін алып арнайы жеке басқарма болып құрылатынын айтқан-ды. Бұл әрине, жағымды жаңалық. Демек, алдағы күннен үміт басым. Ақмешіттің болашақтағы жоспар-жобасы нәтижелі әрі жемісті жүзеге асатынына үлкен сеніммен қараймыз.

Сәбит Тастанбек