Алматы облысында 71 ауылдық округ әкімін сайлау науқаны қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бүгінгі таңда үміткерлердің ұсынымын қабылдау аяқталды. Алдағы кезекте үгіт-насихат жұмыстары мен әкімдерді сайлау ісі тұр.
279 тұлға ұсыным жіберіп үлгерген. Оның ішінде 93-і - саяси партия өкілдері болса, 186 азамат ауылдық округті басқаруға қауқарлымын деп өзін-өзі ұсынған.
Айта кету керек, Ақсу, Алакөл, Кеген, Кербұлақ, Панфилов аудандарына қарасты ауылдық округтеріне әкім болып сайланамын деушілер өзін-өзі ұсынған.
Кандидаттар арасынан 243-і талапқа сай келсе, 16 тұлға саяси бәсекеден шет қалды.
Ауылдық округті басқаруға бағын сынап жатқандардың ішіндегі ең жасы Жантас Амангелдіұлы. Жасы 25-те. Алакөл ауданының Теректі ауылдық округін басқармаққа өз кандидатурасын ұсынғандардың бірі.
Еңбекшіқазақ ауданына қарасты, Балтабай ауылдық округінің тізгігін ұстамаққа ұсыным берген Жұман Мықтыбаев - үміткерлердің ішіндегі ең үлкені. Оның жасы 62-де.
«154 үміткер жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметшілер болып табылады. Оның ішінде 35 үміткер қайта сайлану арқылы дауысқа салынады. Орташа бәсеке – 3,9 адам. Барлық округте үміткерлердің саны 3-тен көп. Ең көп үміткер тіркелген аймақ - Іле ауданы Чапаев ауылдық округі. Мұндағы кандидаттардың саны - 9», - дейді Алматы облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Қаһарман Жақсылық.
