20 ақп, 2021 сағат 10:30

Ахметов: "Жиһаздың есігі сынып жатыр, медбикелер оны жасырып әлек" (Видео)

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Қайнар ауылына жұмыс сапарымен барып, онда әлеуметтік маңызы бар нысандардың жай-күйімен танысты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Arnapress.kz сайтына сілтеме жасап.

Әкім аралаған әлеуметтік нысандардың қатарында Қайнар ауылындағы орталық аурухана да болған. Ахметов аурухананың күтімі мен қызмет сапасына тағылар сын көп екенін айтты.

Әлеуметтік желіде тараған видеода ол медициналық мекемені аралау кезінде шкафтардың бірін ашып көргісі келеді. Осы кезде оның есігі жұлынып қалады.  

"Қараөлең ауылдық округінің 2500 тұрғынына қызмет ететін аурухананың күтімі мен қызмет сапасына тағылар сын көп. Дәрі сақталатын қарапайым жиһаздың есігі сынып жатыр, өкініштісі, мейірбикелер оны жасырып әлек. Науқастар жататын бөлмелерде су жоқ, есіктерінің тұтқасы түсіп, әрең ашылып, жабылады", - деп атап өтті Ахметов.

Ол бюджеттен жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қажетті құрал-жабдықтарды алуға қаражат бөлінетінін айтты.

"Ультра-дыбыстық зерттеу құрылғысы ескірген екен, тез арада жаңасын алып беруді тапсырдым. Денсаулық сақтау басқармасы сондай-ақ, перзентхана ашу жұмысын бастауы қажет", - деп түйіндеді өңір басшысы.

Еске сала кетейік, бұған дейін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың халықпен кездесуі кезінде Қазақстанның елтаңбасы мінбеден құлап түскені хабарланған болатын.