6 наурыз күні Алматыда Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының президенті Мурат Жұрынов бір топ академиктермен кездесу өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҰҒА мүшелері таяуда өткен академияның 70 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиналыс қорытындыланып, елімізде саяси билік реформалары мен Елбасының Қазақстан халқына жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыру мәселелері қаралды.
Сонымен қатар ғалымдар академиктердің мемлекеттік тілдің дамуы туралы ҚР Премьер-министрі Б. Сағынтаевқа, ҚР Мемлекеттік хатшысы Г. Әбдіқалықоваға және Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары М. Тәжинге жолдаған үндеу хаты талқыланды. Бұл мәселені талқылауға ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілі – ҚР БҒМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Гүлзат Көбенова және филология ғылымының докторы Айгүл Ісмақова да шақырылған.
"Талқылау барысында ҚР БҒМ өкілі қолданыстағы классификатордың ресми нұсқасын ұсынып, үндеуде аталған мамандықтардың өз қалпында қалғанын, және осы мамандықтар бойынша жыл сайын бөлінетін гранттардың көбейтілмесе, азайтылмай бөлініп жатқаны туралы мәлімдеді. Сонымен қатар ол министрліктің әрбір шешімінің тек алқалы негізде, түрлі кәсіби деңгейлер мен тараптарда талқыланғаннан кейін ғана қабылданатынын жеткізді" дейді баспасөз өкілдері.
Өз кезегінде, А. Ісмақова министрлік тарапынан берілген түсініктемелер мен толық мәліметтерді естіп-көргеннен кейін мәселенің анық-қанығына көз жеткізгенін айтқан. Ол соңғы уақытта туындаған жағдай – мәселені жаңсақ ұғыну нәтижесі екендігін мәлімдеген.
Ал наурыздың 7 жұлдызында Астанада, еліміздің құрметті ғалымдары, академиктер Серік Қирабаев пен Әлия Бейсенова Білім және ғылым министрлігінде болып қайтты.
Ғалымдырдың министр Ерлан Сағадиевпен өткен кездесуінде де қазақ тілінің даму мәселелері қозғалды. Е. Сағадиев министрліктің осы бағытта жасап жатқан істері, алдағы жоспарлары туралы мәлімдеп, қазақ тілін оқытудың жаңа методикасы туралы баяндады.
Сонымен қатар ол министрліктің тапсырысымен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мамандарының дайындаған қазақ тілінің тұңғыш жиілік сөздігін ұсынып, кітаптың сүйінші данасын сыйға тартқан.
"Серік Қирабаев пен Әлия Бейсенова білім саласының мәселелерін саяси негізде қарастырып, я болмаса жеке бас мүдделерін көздеп, жұртшылықты жаңылдыратын адамдардың іс-әрекеттеріне наразылығын білдірді. Кездесу соңында олар білім және ғылым министрлігінің жоспарлаған қадамдарын қолдайтындығын айтты" делінген хабарламада.