«Ақ жол» демократиялық партиясы президент сайлауына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Партияның кезектен тыс ХІХ съезінде президент сайлауына үміткер болуға жетісулық журналист Сандуғаш Дүйсенова, Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев және «Ақ жол» ҚДП Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы, кәсіпкер Асқар Садықов ниет білдірген еді. Сонымен бірге партия мүшелері қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да кандидатурасын қолдауды ұсынған.
Жасырын дауыс беру үшін 126 бюллетень қолданылды. Бірінші үміткер журналист Сандуғаш Дүйсенова 11 дауыс жинап, 6 пайызды иеленсе, депутат Серік Ерубаев 23 дауыспен 19 пайызға ие болды.
Ал партияның Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Асқар Садықов 17 дауыспен 13,7 пайыз алса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын 74 адам, яғни қатысушылардың 64,1 пайызы қолдаған.
«Қазір біздің еліміз әлеуметтік-экономикалық жағдай болсын, ішкі саясаты, сыртқы саясаты болсын, тар жол, тайғақ кешуден өтіп жатыр. Әлеуметтік-экономикалық жағына келсек, соңғы кездері Президент Қ. Тоқаев қабылдаған шешімдерге түрлі пікір айтылса да, олардың көпшілігі нарықтық экономикаға арналған, мемлекеттің экономикаға қатысуын азайтуға, жеке кәсіпкерлікті қолдауға арналған. Яғни, бұл ұсыныстар негізінен «Ақ жол» партиясының көзқарасына жақын», - деді Азат Перуашев партия съезінен кейін тілшілерге берген сұхбатында.
Партия төрағасы сыртқы саясатта түрлі сын-қатерлер бар екенін, одан елімізді сақтап өткізу керектігін айтты.
«Меніңше, сыртқы саясаттағы ең өткір, ең қатерлі мәселе – тәуелсіздігімізді, мемлекеттігімізді, жер тұтастығын сақтау болып отыр. Егер осыларды сақтап қалсақ, Қазақстан ертелі-кеш мықты, дамыған, заманауи нарықтық экономикасы бар, демократиясы бар мемлекетке айналады. Ол үшін қазір таңдаған жолымыздан таймауымыз керек. Ішкі саясатты қарасақ, партияның үш жыл бұрынғы саяси бағдарламасында біз парламенттік республика қалайтынымызды айттық. Ал Президенттің Жолдаулары мен референдумда конституциялық реформаның ең басты маңызы – парламентаризм институтын күшейту деп жазылған. Яғни бұл жерде де партияның көзқарасы Президентпен үндес болып жатыр», - деп түсіндірді Перуашев.