10 там, 2020 сағат 14:15

Ақ Жайықта Абай күні тойланып, өлеңдері оқылды

Батыс Қазақтан облысында Абай күні алғаш рет аталып өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мереке Оралдағы Абай алаңындағы ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды.

Оған қатысқан облыс әкімі Ғали Есқалиевтің атап өткеніндей, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл Абай күні елімізде алғаш рет мереке ретінде тойланып отыр. Шынында да Абайдың мұрасы халқымен бірге жасай бермек. Ұлы ақынның сол кезде жазған өлеңдері мен қара сөздерінің өміршеңдігі сондай, қазіргі замандағы хал-ахуалды тап басып көрсетеді. Абай армандаған «толық адам» болса ғана қазақ мұратына жетпек. Данышпанның өсиет сөздерін ұмытпай, одан тағылым ала білу кейінгілерге парыз болып қала бермек.

«Абай күні баршаға ортақ ұлттық мереке болуы тиіс. Тәуелсіздік алған кезден бастап Абай күнін белгілеп, осыншама уақыт бойы ұлы ақынды оқыту керек еді. Сонда ұрпақ тез есейер еді, алдыңғы қатарлы елдер қатарына тез қосылуға талап қылар еді. Дегенмен әлі де кеш емес. Бұл мейрам – ұлы Абайдың есімі әр жүрекке жазылатын күн. Ақын жырларын тебірене оқып, әндерін әуелете салатын күн. Абай дүниеге келген осы күнді қастерлей білсек, елдігіміз де биіктеп, өреміз де өседі», - деді зиялы қауым атынан сөз алған ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгереева.

Биыл қайта жаңартылған ақын алаңында Абайдың қара сөздері жазылған тастар орнатылған. Соның біріндегі: «...Ықыласпен оқып, ұғып алыңыздар. Күллі адамзат баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің...» деген Абай сөздері халқын мәңгі сақтандырып тұрғандай.

Шара барысында ақынның өлеңдері оқылып, әндері орындалып, «Абай оқулары» онлайн байқауының жеңімпаз-жүлдегерлері марапатталды.