Ақтау теңіз-сауда порты уақыт өткен сайын өзінің тасымалдау қуатын арттырып келеді. Жүктерді ауыстырып тиеп, бірқатар тасымалдарды қабылдап, мұнай және мұнай өнімдері, металл, құрғақ жүктерді алыс жолға аттандырып, қарбаласып жататын порт айлақтары қазір елімізде өсірілген астықты белсенді экспорттауда.
Қазақ даласы – алтын астықтың алқабы. Елдің ырыздық-несібесіне орай, астық қоры мол жиылып, оны тіпті әлемнің 46 еліне экспорттау мүмкіндігіне ие екендігімізді мақтанышпен айтуға болады. Қазіргі таңда Ақтау теңіз-сауда портындағы «Ақ бидай» терминалы қауырт жұмыс үстінде. Олар жуырда қазақстандық бірнеше бидай экспорттаушылармен келісімге отырған Иранға бидай жөнелтуде.
– Қазір «Ақ бидай» астық терминалы толық өндірістік қуатымен жұмыс жасап тұр. Қазақстандық бидай экспорттаушылардың саны тоғызға жетті. Олармен 100 мың тоннадан астам астық жөнелту туралы келісімшарт жасалған болатын. Біз жыл соңына дейін жұмысымызды тұрақты жүргізетін боламыз, – дейді «Ақ бидай-терминал» АҚ басқарма төрағасы Р.Галямов.
Жағалауда бауырын суға төсеп тұрған су көліктеріне жүкті тиеудің де өз әдіс-тәсілдері бар. Оны жақсы түсінетін мамандар өз істерін шебер атқаруға әбден машықтанған. Мұнда кеме бір жағына ауып кетпеуі үшін жүкті бір жерге үймей, жайып тиеу сынды қарапайым жұмыстар да операторлардың қолымен түйме арқылы басқарылады екен.
Астық тиеу үшін кемелердің арнайы кестесі жасалған. Қазақстандық және ирандық кемелер ауыр жүкті теңдеп, көк теңіз үстімен жолға шығуда.
Иран елінің жүк кемесінің жалпы сыйымдылығы 2500 тонна, айлақта сағатына кемелерге 350 тонна бидай жүктеледі. Ақтау теңіз-сауда портына күніне темір жол арқылы 50 вагон астық жеткізілсе, порттан бір айда 60 мың тонна, бір жылда 600 мың тонна бидай жүктеліп, шетелдерге шығарылады.
Сапасы жоғары Қазақстан бидайына шетелдерден сұраныс арта түсуде. Қазіргі таңда астық тасымалдауда өз міндетін мінсіз атқарып тұрған Ақтау теңіз-сауда порты әлі талай тонна ақ бидайды экспортқа шығарып, ел экономикасына өзіндік үлесін қоса түсетін болады.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы