05 нау, 2020 сағат 20:47

Аида Балаева: "Махаббат пен достықтан асқан байлық жоқ екенін уақыт қана дәлелдей алмақ"

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Platon.asia порталы мемлекеттік басқару жүйесіндегі жүгі ауыр қызметтердің бірі саналатын - ҚР Президентi Әкiмшiлiгiнiң Өтiнiштердi қарауды бақылау бөлiмiнде еңбек етіп жүрген Мемлекет басшысының көмекшісі Аида Балаевамен сұхбаттасқан еді. Бүгін сол ашық әңгімені оқырман назарына ұсынғанды жөн санадық.

- Қалай ойлайсыз табысты, еңбекқор әйел берекелі шаңырақтың ұйытқысы, ақылды жар және мейірімді ана бола ала ма?

- Әйел затының бойында әртүрлі рөлді үйлестіре алатын ерек қасиет бар. Өткенге көз жүгіртсеңіз де, айналадағы замандастарымызға қарасаңыз да, сөзіме дәлел таба аласыз. Ал, өмірде қандай да бір табысқа жету үшін тәртіп, жауапкершілік және еңбекқорлық қажет. Бұл ойдың біздің қоғамға тікелей қатысы бар, әрине.

- Сіздің ойыңызша, мықты ер азаматтың бойында қандай қасиеттер болуы тиіс?

- Нағыз ер - ол, ең алдымен өз іс-әрекетіне һәм сөзіне жауап бере алатын адам. Тектілік, бекзаттық, кісілік деген де содан байқалады. Осы екі қасиеттің үйлесімі қай азаматты да сері ғып көрсетпек.

- Көңіліңізге селкеу түсіріп, жаныңызды жаралайтын не нәрсе? Жабырқаған, мұңлы күйіңізді қалай жеңесіз?

- Адам баласы болған соң, жақынымыздан айырылғанда қатты қиналып жатамыз. Бұл ауыр күйді жеңудің жалғыз жолы - табандылық, яғни орта жолда сынбай, талпынған мақсаттан қайтпау. Өз алдыңнан жаңа көкжиектер көріп, бар қайғы-қасіретке мұқалмастан, алға ғана ұмтылу қажет.

- Қандай жағдайда өзіңізді әлсіз сезіне аласыз?

- Өзіңді сәтке де болсын әлсіз сезіну - бұл мен үшін көркем салтанаттай болар. Егер де сенде нақты өмірлік алғышарттар болса және жақындарыңның, қоғам мен мемлекеттің алдындағы парызыңды сезіне алсаң, мұндай күй кешудің жайы қиындау болмақ.

- Ал сын-пікірге қалай қарайсыз?

- Қазір сөз бен даудың объектісіне айналу үшін көп тырысудың қажеті де жоқ. Әсіресе, әлеуметтік желілерде. Ел алдындағы тұлғаларды айтпағанда, онымен кішкентай баланың өзі ұшырасып жатады.

Ең бастысы - сыни ескертпелерді дұрыс қабылдай білуді үйрену керек. Конструктивті мазмұнды дәлелсіз, беталды айыптаулардан айыра білген жөн. Сол кезде ғана бұл - өз-өзіңді кемелдендірудің бір амалы болмақ.

- Жаңа ғасырда, заманауи тұрмыста рухани құндылықтар қандай рөл ойнайды?

- Қандай да болсын қоғам өмірінен оның рухани әлемін бөліп қарай алмайсыз. Адамдар қай ғасырда да өмірдің мәні мен мәңгілік құндылықтар хақында ойланған.

Жақсылық пен жамандықтың ара жігін ажырату, әділдікке сену, өзгені шын сүю, қуана білу - адам жанына кішкентай кезінде, тәрбиемен қатар сіңетін қасиеттер.

Қоғам болса балғын шақта қабылданар сол негізгі құндылықтар жүзеге асатын ортаны қалыптастырады.

Осы тұста үлкендер жас буын тәрбиесіндегі өз рөлін, яки ықпалын сезінуі керек.

Жер Жаһандағы бүтін ел ұлттық ерекшелікті сақтап қалу проблемасымен ұшырасып жатқаны жасырын емес. Міне, осындай шақта бала тәрбиесі бірінші орынға шығады.

Ата-бабасының дәстүріне деген ыстық пейілмен, өз ұлтының мәдениетіне, тіліне деген махаббатпен сусындап өскен тұлғада даму үшін қажет берік діңгек болады. Сондай-ақ, ол басты құндылықтар бағдарын жоғалтпақ емес. Сол себепті әйел адамның негізгі миссиясы - дүниеге сәби әкелумен және халықтың рухани құндылықтарының сақталуымен тікелей байланысты.

- Қауырт жұмыстан өз балаларыңызға уақыт қала ма?

- Қарқынды һәм қызу жұмысқа қарамастан, балалармен сырласуға уақыт табуға тырысамын. Бала тәрбиесіндегі басты дүние - есейе берсе де, сенімді қатынасты жоғалтпау. Бала өзінің бар ішкі құпиясымен, аяулы сезімімен, уайымымен бөліскен болса, сен оған адам болып қалыптасу жолындағы осы бір қиындықтар мен қызықтарды шешуге көмектесе аласың. Соңсоң ата-аналық ақылың олардың тарапынан алғыспен қабылданып жатады, ал уақыт өткен сайын бұл сырласу құнды бола түспек.

Өз балаларымды ең сенімді дос және ең шынайы сыншы ретінде көретінімді ерек бақ деп санаймын.

- Ата-анаңызбен, жақындарыңызбен және достарыңызбен жиі уақыт өткізетін мүмкіндік бола ма?

- Жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты әрбіріне уақыт бөлу қиынға соғып жатады, әрине. Дегенмен, мен ештеңеге қарамастан, әңгімелесіп-жүздесудің амалдарын іздеп жүретін жақындарыма қашан да ризашылығымды білдірем.

Біреуге қажет екеніңді білгеннің өзі ғажайып қуат сыйлайды. Сондықтан жанымда жүргендері үшін туыстарым мен достарымның алдында алғыстымын. Махаббат пен достықтан асқан байлық жоқ екенін уақыт қана дәлелдей алмақ.

- Қоғам алдында жүрген қазақ қыздарын тым ашық, кейде тіпті арандатушы кейпінде жиі көреміз. Осыған байланысты пікіріңізді білсек. Нақты бір тыйымдары жоқ желілердегі мәдени-этикалық шекараны қалай анықтауға болады?

Меніңше, оның белгілі үлгілерінің бірі - өмірден түңілуден туған қоғамдық қарсылықтың айқын формасы. Әлеуметтік желідегі белсенділік, сөзсіз, қоғамның қандай да бір тобының ішкі мәдениетіне тікелей байланысты.

Бөлек бір кейіпкерлердің танымалдылығы - жазылушылар реакциясының көрінісі. Өкінішке орай, хайпты жасайтын да, оның тууына сеп болатын да - жұрт реакциясы. Сондықтан әр адам қоғамдық кеңістікте өзін жауапты және түзу ұстауы тиіс.

- Cіздің ойыңызша, әйел бақыты деген не?

- Асылы, өз ойыңды ашық айта білудің өзі бақ. Саясатта болсын, өнерде болсын, бала тәрбиесінде болсын. Маңызды емес. 

Не болса да, бұл - қоғам дамуына және келешек ұрпақтың жарқын өмір сүруі үшін пайдаңды тигізу. Содан да шығар, әйелдің басты бақыты - ана болу.

Менің бақытым мен жетістігім - балаларым. Олардың табыстары мені шын қуантып, жаныма аса қажет өмірлік энергия сыйлайды.

Сұхбатты қазақшалаған Ұлт порталы