Фото: facebook.com/aqparatqogam
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазіргі уақытта интернет кеңістікте заңға қайшы, шындыққа жанаспайтын ақпарат жиі таралатынын айтып, үндеу жасады, -деп хабарлайды Ult.kz.
Осыған байланысты министр желілік ресурстардың әкімшілерін жаңалықтар ағынын мұқият қадағалап, расталмаған ақпараттың таралуына жол бермеуге және заңға қайшы контентті жоюға шақырды.
"Әлеуметтік желі қолданушыларынан да ойланбай әрекет етпеуді, сондай-ақ заң талаптарына сәйкес онлайн-платформаның бұғатталуы мүмкін жазбалар мен пікірлер қалдырмауды сұраймын", -дейді министр фейсбук парақшасы арқылы.
Аида Балаеваның сөзінше миллиондаған азамат жаңалықтарды онлайн платформалардан алатынын ескере отырып, министрлік тыйым салу шараларына сирек жүгінеді. Дегенмен, желілік ресурстардың әкімшілері де өз әрекеттерінің салдарын түсініп, ақпарат таратуда ең алдымен оқырман мен қоғам алдындағы жауапкершілікті жіті ұғынуға тиіс.
"Заңға қайшы контент көлемі екі есе өсті"
Статистикаға сүйенсек, 2023 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта Қазақстан интернет сегментінде анықталған заңға қайшы контент көлемі екі есе өсіп, 116 354 материалға жетті. Ең көп таралған заңбұзушылықтар қатарында – терроризмді, діни экстремизмді және есірткі құралдарын насихаттау, онлайн-казино мен қаржы пирамидаларын жарнамалау бар.
Өткен жылы онлайн-платформаларда 78 539 заңға қайшы материал анықталып, оның 24,3%-ы жойылды.
"Достар, кез келген мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ететін басты факторлар – ауызбіршілік пен ынтымақ. Сондықтан бәріміз Мемлекет басшысы атап өткендей, нағыз құқықтық мемлекет қалыптастырудың басты кілті саналатын заң мен тәртіп қағидатын берік ұстануымыз қажет", -деп қорытындылады министр Балаева.