13 мау, 2016 сағат 19:54

«Ағаң болмасын!» немесе тобырлық мүдде

Соңғы екі-үш жылда алдымнан көп шыққан, барлық тоғышарлықтар сияқты жолымды кескен, жүрегімді қарайтқан бір іс болды.  Мен қазір оны  рушылдық деймін бе, жершілдік деймін бе, білмеймін. Әйтеуір, білетінім — оның бір бөлім адамдардың арасында шынымен өмір сүріп жатқаны. Кейбір қандастарымызға жәй тірліктің, қалалардан үй сатып алудың өзі мұң болған мынадай кезеңде, оған бас ауыртып жүрген қазекемнің қажырына таң қалмауға да болмайды. Бір шал: «Не шықса да, оқығандардан шығады» депті. Онысы рас, бірақ сәл түзетіп алу керек: шын ілім оқығандардан емес, біреулер жағынан, тобырлық сана қалыптастырған ортада оқылғандардан шығады.

Басында ниеті дұрыс, тілегі тура балалар көп-көрім келе жатқанда, жолдан мәйханаларға апарып тегін арақ ішкізетін, тегін бөстіретін, қазақтың қас игісіне қимайтын мадақ-мақтауды аямайтын, керек болса өзіне өлең арнап та жіберетін бір ағалары кезігеді. Тамыры тереңде жатқан сырқат идеялармен уландыра бастайды әлгі баланы. Бір күні сол балаңыз – қоңырқалта студент жанындағы бар тиын-тебенге арақ, тамақ алып, әлгі ағасынан сондай зиянды кеңесті ақшаға тыңдап отырса, мен таң қалмаймын. Осы ағашыл-рушыл «балалар» ақыр түбінде тым ерте жұқтырып алған рухани тоңмойындық пен бөлектенудің кесірінен бір-бір «қара тасқа» айналады, ол тастан өзі шыға алмайды, басқалар да кіре алмайды. Жібі бос, әлі көп ештеңені көріп үлгірмеген жеткіншек іні, соларды көріп жүріп, ол да «қара тасқа» айналады. Енді өзіне керекті дос-жаранды өзіндей «қап-қара тастардан» (өкініштісі — олар өздерін ақпыз деп ойлайды) іздейді. Басқа бір аймақтың шегін аттағанда да, көз алдында әлгі «қара тастар» тұрады көлденеңдеп. Жат аймақтағы басқа рудағы қандас қауымды көргенде, ең алдымен, сана түкпірінде өзі көрген немесе біреуден естіген (көбінеки, естігені — о, сайтанның құдіреті!) қарғыбаулы иттердің(ініміздің бүкіл руластарын айдалада кезіксе, тірідей үптегелі жүрген — мыс) иттігі тұрады. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген Абай дәл осы уақытта керектен шығып, мүлде жат әлемге айналады. Адамзат тұрыпты, қандас қазақтық Қан да жантәсілім ететін болса керек. Абай мен Қанның санадағы жұртында жалпиып, сазырайып, түтігіп, әбден былшиған әлгі ҚАП-ҚАРА тас ағалары отырады. Өзін соған қарыздардай сезінген ініге өз руынан шыққанның бәрі дарын көрініп, сол ғаламат «дарындарының» үндестігімен дереу бірігіп, бір иттікке белсене кірісіп кетеді. Жаңа таныспен екеуара, үшеу, бесеу… ара әңгімедегі алғашқы тақырыптың бірі қазақтың пәленбай деген руынан шыққан Түгенбайдан шеккен жапасы болмақ. Ал, әлгі «қара тасымыз» осыншама жапаның ішінде мұсылмандық сабырлылығын сақтап, қазағым ғой деп бәріне көніпті, үндемепті дейді. Енді сабырлы мұсылман, қандас «қара тасымыз» сол сабырлы қалпында қала берсе жақсы еді. Өйтпейді. Болашақ «қара тастарға» ежіктеп, оның көкірегінен де бір кектің отын қоздатып, бықсытып отырғаны.

Таласбек аға Әсемқұлов пен жары Зира ертеректе жазған бір мақаласында қазақта рушылдық жоқ, әулетшілдік бар екенін айтатұғын. Мен келіспегем, бірақ қазір келісем. Рушылдық жоқ, соны желеу еткен тобырлық мүдде бар. Бірігіп жұмыс жасау — таланттар(немесе геннийлер) ғана жеке ізденіс үстінде тудыратын қас өнердің табиғатына жат. Бірліктің болғаны, әрине, жақсы. Бірақ «малға» — атаққа, дүниеқоңыздыққа, шын тұлғаны, дегдарды қыспаққа алатын рухани үнсіздікке, елемеуге бірліктің керегі жоқ еді ғой. «Бірігу» деген — біраз адамдардың және бір топ адамнан бөлектенуі. Айналып келгенде, бөліну — бөріге жем болу. Сонда біздің ағайындар көңіл бөлсе керек екен, бұл бірлігің неге бірлік? Жас балада әуелде жалпы қазақты сүйгіш сезім болады. Бұл көпшіл жүрек кейін кірлейді, өздері өмірінде бір рет оңбаған, өнерде жолы болмаған (өнерге әркім таласады — Тәңірінің адамға берер нұрлы сипаты өнерге кім қол созбасын) ағалары осындай ортақ ішкі запыранның жетегінде көп күйкі тірлікке барса керек. Күллі ұлтының қамын ойлайтын азаматтық түйсігі төмендеп, «ру» дейтін тар ұғымның шеңберінде қалып қояды. Өзін-өзі қамаған «қара тастан» қайтып шыға алмай қалады. Жалпы, бұндай тобырлық бірігуге (Бірлікке емес!) бір рудан болудың қажеті шамалы, жабайы, қораш, қорқау одақшылдыққа бір өңірдікі болу да жетіп артылады. Басқа да кез келген бір ілгішекті тауып, бірігуды жүзеге асыра беруге болады. Бірліктің жолы ауыр болғанымен, мысық тілеу қауымның керемет иісшілдігі олардың басын бір жемтіктің үстінде әп-сәтте түйістіруге жарайды. Бұл орайда руың не, ұлттан да шығып, адамзатты ойлап кеткен әулие Абайдың тірлігі оларға мүлдем түсініксіз. Сіздерге мәлім, әу баста жас бала адамды алаламай жақсылық ойлайды. Біреуге жаны ашыса, оның найман не арғын болғандығын емес, өзі сияқты адам екендігін білгендігі үшін ғана. Ал, біздің ересектер әлеміндегі түрлі бөлінушіліктер біздегі елдіктің төмендігі мен қасиетсіздіктен басқа ештеңе емес.

Ағалар әулеті қалыптастырған бұл тобырлық былықтың ең бір көрнекті мысалы. Көшбенді қазақтың жалмаңдаған жеміт жауға қарсы қайтпас күрескерлік рухын соңғы рет әйгілеп өткен, ат үстінен түспеген, қажет кезінде түрлі одақтар тауып, халықаралық мүмкіндіктерді де пайдаланбақ ниетте өте шешімтал харекеттерге барған, бостан халқымыздың өз еркімен ноқтаға бас сұқпас бөрі мінезін бір көрсетіп, қашан жаны үзілгенше басын имей кеткен батырды, КЕЙБІР АҒАЙЫНДАРДЫҢ көңілі үшін, Ұлттық Тәуелсіздік пен Намыстың жолында екі бірдей империяның сайлауытты жасағына қарсы ойланбай оқ атқан көзсіз ерлігін төмендетіп, ру мен өңірдің жоқшысы ретінде ғана көрсету керек екен. Бұл әңгімені ашық айтпасақ та, есті оқырман өзі-ақ түсінер. Ашық айтар едік, паленбай мың жылдық(өздері сөй дейді) тыңшылық, халықты рухани құлдықта ұстау мәдениеті бар «аға халықтардың» өз ішіміздегі жандайшаптарының көңліне келеді. Басты мәселе, біздің қауымда тарихи ағаттыққа ойланбай баратын әділетсіз талас-тартыстың жоғары деңгейде өрістеуге әбден мүмкіндігі барлығында. Осындай кіріптарлық, құлдық жағдайдың жарыққа шығуына мұрындық болған тарихи негіздер мен надандықтың неден тамыр алатынын өте интеллектуалдық тұрғыда талдап берген Мұхтар Мағауин мен Таласбек Әсемқұловтың, басқа да үлкенді-кішілі ағаларымыздың алдында қарыздармыз және отызға келгенінше, Абайдың «қайран жұртының» болашағы үшін қам жеген ұлы адамдық болмысын толық танымаған, Құдай мен адам баласының арасындағы қашықтықты барынша қысқартпақ болған үлкен кісілік келбетін жете түсінбеген біздің жігіттер, күллі жұртымызға белгілі  аруақтар мен ақсақалдарымыздың атына күйе жағылғанда, мыңқ етпей отырған қорқынышты үнсіздіктері үшін жауап берулері керек. Өйткені, осы қайырсыз «сабырлары» өте хауыпты рухани дағдарыстарға, қасиетсіздіктерге себеп болған болуы мүмкін.

Қазақта «аға» өте киелі ұғым. Бізде «аға болған ерлер көп еді». «Ағаны» ондай киеге көтерген бұрынғы қазақтағы уәдеге берік, елінің елдігі жолында басын бәйгеге тіккен ерлердің сәулелі жолы. Бізге ашығын айту керек, руы үшін шетке қағылмайтын Абай, Ахмет, Міржақыптар, Жүзге кірмейтіндер: Шыңғысхан, Абылай, Кенесарылар аға болуы керек. Солардың асқақ мұраты жүрек түбінде бәрінен биік тұруы керек. Рушылдық, жершілдік, жаңа айтып өткеніміздей, жеке адамдардың өз әлсіздігін бүркемелеуден, надандықтан шығады. Дер кезінде дұрыс тәрбие көрмеген, Абайды байыптамаған, рухани тұлғалардың өмірінен хабары жоқ адамдар қанша қабілетті, ақкөңіл болса да, жеме-жемде тобырлық түйсіктен аса алмай, өз руласын, жерлесін, мүдделесін аға көріп көтеді. Сол ағаларынан әлдеқайда білімді, дарынды басқа жанды көре тұра көрмеске салынады немесе өз руындағы сондай адамды одан «ұлы» етіп көрсетуге тыраштанады. Бұл жанталас кімге керек? Сенің «анауың» оның «мынауынан» артық болғанынан не ұттың? Қазақтың елдігінің алдында осының бәрі неге тұрушы еді? Бүкіл халықтың ұранына айналуға тиісті батырды, өз руыңнан шықпағаны үшін, империялардан қалған құлдық қорқынышыңның құрбанына айналдырып жібергенде, сол бабаңның шаһид болған рухының алдында өзіңнің қаншалық қораш екеніңді аңдадың ба? Ел үшін өмір сүрген ерлердің, дегдарлардың атын Құдай қорғайтынын білмедің бе?

Сол үшін, көкірегінде сәулесі бар ағайын әуелгі кісілік болмысына бағынып, қандай бір мәселені(проблеманы) ұлттық тұрғыдан ойлауға дағдылануы, рулық, жерлік шеңберде қалып қоймауы, өзі де мандымаған, сізді де мандытпас, дәл қазір осы сөздерді оқи тұрса да, халқымыздың бүкіл маңдайына біткен ұлдарын өз ағасындай көретін біздерден – қазақтың ұлан-хайыр мүмкіндігінен күмәнданатын ағалардың теріс ықпалын әдеттен шығаруы тиіс. Біздің жігіттер ортақ иттіктің жолында бас қосып тірі жүргенше, адамгершілік бірліктің жолында жеке жортып жүріп өлсе, қазақ аты Құдайдың алдында өз беделінде қалар еді…

Тізімбек Анашұлы,

Ұлт порталы