ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясы кезінде ҚР әділет министрі Марат Бекетаев заңдарды әзірлеу және қабылдау шараларын жетілдіру туралы айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
М. Бекетаевтың айтуынша, қазір Қазақстанда Қазақстанда 340 дербес заң, оның ішінде 21 кодекс бар. Тиімді құқықтық ортаны қалыптастыру процесі жалғасуда, заңдар ғана емес, оларды әзірлеу мен қабылдау рәсімдері де жетілдіруді талап етеді.
«Құқықтық орта халық үшін, бизнес үшін, сонымен бірге шетелдік инвесторлар үшін де бәсекеге қабілетті және тартымды болуы тиіс. Заңнаманың тұрақтылығы инвесторларға инвестициялар салу үшін мемлекет таңдау кезінде маңызды өлшем болып табылады. Инвесторлар бізде заңдардың тұрақты екенін, ал оларды әзірлеу мен қабылдау тәртібі үздік шетелдік практикаларға сәйкес келетінін білуі тиіс», — деді әділет министрі.
М. Бекетаев атап өткендей, бұл ретте халық заң жобаларын қоғамдық талқылауға қатысуы және ұсынылып отырған бастамалар бойынша өз ұстанымдарын белсенді білдіруі керек.
«Осыған байланысты, біз заңдарды әзірлеу, қоғамдық талқылау және қабылдау бөлігіндегі халықаралық тәжірибені зерделедік, сондай-ақ отандық заң шығарудың проблемалық мәселелеріне талдау жүргіздік. Жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша заң нормаларын шығаруды жетілдіру мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер топтамасын әзірленді», — деді әділет министрі.
Бірінші. Ұлыбританияның тәжірибесі бойынша заң нормаларын шығару процесіне «Жасыл» және «Ақ» кітаптың жаңа кезеңдерін енгізу ұсынылады.
Министрдің айтуынша, бұл құжаттар бар мәселелерді шешу үшін талқылауды есту, ынталандыру және қоғамдық пікірді ескеру үшін пайдаланылады.
«Жасыл» кітап дегеніміз - нақты проблемалар егжей-тегжейлі қаралатын, содан кейін саясат пен заңнама тұрғысынан іс-қимылдардың ықтимал бағыттары көрсетілетін үкіметтік жарияланым, алдын ала есеп. Жасыл кітап қоғаммен және алдағы өзгерістермен мүдделеріне әсер тигізетін нысаналы топтармен – стейкхолдерлермен мұқият талқыланады», — деп түсіндірді М. Бекетаев.
«Жасыл» кітапты талқылау мерзімі белгіленбейді, оған бір-екі ай, жарты жыл немесе бір жыл да кетуі мүмкін. Барлығы мәселенің сипатына байланысты. Алайда, шетелдік практика, нәтижелі талқылаулар үшін қажетті мерзім кем дегенде үш ай екендігін көрсетеді.
«Жасыл» кітап талқылауды ынталандыру құралы және заңды өзгертуге бірінші қадам болады», — деді әділет министрі.
Егер «Жасыл» кітапты талқылау барысында шешім реформалар қажеттілігі пайдасына шешілсе, онда талқылау жаңа сатыға – «Ақ» кітапты дайындауға өтеді.
М. Бекетаев хабарлағандай, «Ақ» кітаптарды мемлекеттік органдар алдағы реттеу саясатының ресми мәлімдемесі ретінде шығарады, онда заңнамалық өзгерістер немесе жаңа заңдар қабылдау бойынша нақты ұсыныстар белгіленеді.
«Ақ» кітаптар Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында талқыланатын болады. Аталған комиссиямен мақұлданған «Ақ» кітаптар заң жобаларын әзірлеу үшін негіз болады», — деді министр.
«Жасыл» және «Ақ» кітаптар заң жобасын заң шығару процесінің барлық сатыларын, тіпті Президент қол қойғанға дейін сүйемелдейтінін және заң қабылданғаннан кейін де міндетті қосымшаларға айналатынын айта кеткен жөн.
Екінші. Заң жобалары мен қолданыстағы заңдарды бағалау рәсімдерін жақсарту ұсынылады.
Ол үшін «Ақ» кітап сатысында әзірлеуші орган ұсынылған заңнамалық өзгерістерді енгізгеннен кейін қол жеткізуге ниетті нақты индикаторларды анықтауы тиіс.
Үшінші. Заң жобаларына ғылыми құқықтық сараптаманы жүргізу тәртібін қайта қарау ұсынылады.
«Заң жобаларына ғылыми сараптама жүргізудің қолданыстағы тәртібі қолда бар ғылыми әлеуетті толық көлемде пайдаланбайды. Сондықтан ғылыми сараптама дайындауға қазіргідей бір ғылыми ұйымның қатысуының орнына, үлкен сарапшылардың тізімін қалыптастыру ұсынылады», — деді М. Бекетаев.
Төртінші. Бизнеске және азаматтарға қосымша міндеттер жүктейтін нормаларға қатысты «өтпелі кезең» практикасын заңнамалық деңгейде белгілеу ұсынылады.
Қабылданған заңдар шеңберінде болатын алдағы өзгерістер туралы қоғамға тиісінше түсіндіру жұмысын жүргізбеуі және қоғамның оларға дайын болмауы, жаңа заңдардағы нормалардың дұрыс қабылданбауына әкеледі. Осы ретте мемлекеттік органдардың бизнес пен азаматтардың дайындығын ескере отырып, жаңа реттеуді қолданысқа енгізу мерзімін белгілеуі ұсынылады.
Бесінші. Алдағы заңнамалық өзгерістер туралы халыққа және бизнеске ақпарат беру және түсініктеме беру тетіктерін күшейту ұсынылады. Бұл үшін әрбір заң жобасына және қабылданған заңға ақпараттық сүйемелдеу бағдарламасы қоса берілетін болады.
Алтыншы. Заң нормаларын шығару процесіне жасанды интеллект элементтерін, сондай-ақ деректердің үлкен көлемімен жұмыс істеуге арналған талдау құралдарын енгізу ұсынылады.
М. Бекетаевтың айтуынша, «Е-заңнама» ақпараттық жүйесі аясында жүргізіледі. Заң шығару процесіне қатысушыларды осы жүйеге қосу мәселесі бойынша жұмыстар жүргізілуде, сонымен бірге басқа жүйелермен интеграциялау мәселелері пысықталуда.
Сөзін аяқтаған әділет министрі айтылған тәсілдерді мемлекеттік органдар қолдағанын, олар бойынша жұртшылық пен бизнес қоғамдастықтың ұсыныстары алынғанын жеткізді. Заң жобасы қазіргі уақытта Үкіметтің қарауында.