10 қыр, 2016 сағат 19:38

Әдептілік әдетке айналуы керек

Тәуелсіздік жылдарында қазақстандық мемлекеттік қызмет өзінің қалыптасуы мен жетілуінің ұзақ жолынан өтті. Былтырғы жыл еліміз үшін ерекше мәні бар кезең болды. Ауқымды институттық реформалар үшін тұғырнама болған, бірінші бағыты кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын қабылдадық. Мемлекеттік кәсіби аппаратты қалыптастыруға қатысты жаңа реформа Қазақстанда мемлекеттік қызметті дамытудың жарқын кезеңі басталғандығын дәлелдейді.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби­лігі олардың жұртшылық алдындағы мем­­лекеттік басқару органдарының имид­­жін анықтайтын мінсіз әдеп мінез-құлықтарымен қатар жүруі керек.

Сондықтан қазіргі таңда елімізде мемлекеттік қызмет аппаратының кәсіби біліктілігіне, мемлекет­тік қыз­мет­шілердің моральдық-этикалық кел­бетіне үлкен мән берілуде. Ұлт Жоспарының 12-қадамының басты мақсаты жаңа әдеп ережелерін енгізу болып табылды.

Нәтижесінде «Қазақстан Респуб­ли­касының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңында қызмет этикасына қатысты ережелер айтарлықтай күшейтілген. Ең алдымен, мемлекет­тік қызметшілермен әдеп нормаларын сақтау бойынша талаптар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық пен өз қызметінде мүдделер қақтығысын болдырмау заң дәрежесіне көтерілді.

Заңды жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Прези­денті­нің Жарлығымен мемлекеттік қыз­метшілердің Әдеп кодексі қабыл­данды. Әдеп кодексі халықтың мем­лекеттік органдарға сенімін нығай­туға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәде­ниетін қалыптастыруға және мем­ле­кеттік қызметшілердің әдепсіз әре­кетінің алдын алуға бағытталған. Мем­лекеттік қызметшінің моральдық бет-бейнесі мен этикасына айрықша кө­ңіл бөлінуінің астарында оның іскерлігі ғана емес, сонымен қатар айналасындағыларға құрметі мен ізеті де сараланады. Кодексте мемле­кет­тік қызметшінің моральдық-эти­ка­лық келбетіне қойылатын негіз­­гі талаптар, қызметтен тыс уақыт­­тағы және қызметтік қарым-қаты­нас­тағы, көп­шілік алдында, оның ішінде бұ­қа­ра­лық ақпарат құрал­дарын­да сөй­леуі­мен байланысты мінез-құ­лық стан­дарт­тары нақты көр­сетіл­­ген. Атап айтар болсақ, бұдан бы­лай мем­ле­кет­тік қызметшілер тек қа­тар­­­да­ғы жай қызметкер емес, халық ара­­сын­да беделді, жұртшылық үлгі тұ­та­­тын тұлғаға айналғаны абзал. Ол үшін жаңа реформаға сай бар­лық мемле­кет­тік органдарда этика жөнін­дегі уәкіл болады. Осы талаптарды орын­дау мақ­сатында Қызылорда облы­сы бо­йынша жергілікті атқарушы ор­ган­­дар­ға әдеп жөніндегі уәкілдің өкі­лет­­тігі Қызылорда облысы әкімі аппа­ра­ты басшысының орынбасарына жүктелді.

Аталған жаңа институт этикалық нормалардың сақталуын қадағалап, мониторинг жасайды, мемлекеттік қызметтегі азаматтардың заңды мүдде­лері мен құқықтарының сақталуына және қайта орнына келтіруіне шаралар қабылдайды. Уәкіл жұмысының маңызды бағытының бірі – ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалды анонимді сауалдама арқылы зерделеу. Сауалдама нәтижесі талдау үшін негіз болып, оның қорытындысы бойынша персоналды басқару тетіктерін жақсарту үшін мемлекеттік орган басшылығына ұсынылады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызмет­шілердің өмірде адал, әділетті, қара­пайым және шынайы болуын тәрбиелеумен бірге, шешім қабылдаған кезде заңдылықтың сақ­талуын қам­тамасыз етуге міндеттейді. Қызмет­тен тыс уақытта олар қоғамға жат мі­нез-құлық көрсетпеуге, ішіп-жеу, құмар ойындарға жол бермеу­ге жауап­кершілік жүктейді. Жо­ғары­­да аталған мемлекеттік қыз­мет­­тегі жаңашылдықтарды облыс тұр­­ғын­дарына, оның ішінде мем­ле­­кет­тік қызметшілерге жете тү­сін­діру мақ­сатында департамент кең көлемді ақпараттық-наси­хат­­тық жұ­­мыс­тар жүр­гізді. Жаңа заңна­ма­­лар­ды түсін­дірудің бастауы ретін­де наурыз айында облыстық ғылы­ми-тәжірибелік конференция өткізілді. Мемлекеттік органдарда, квазимемлекеттік сектор, басқа да мақсатты топтар арасында 180-нен астам құқықтық оқыту өткі­зіліп, жалпы 5 мыңға жуық адам қам­тыл­ды. Сондай-ақ, департамент бас­шы­лығы және қызметшілерімен 7 аудан орталығы мен 50 ауылдық округте халықпен кездесулер, жеке мәселелері бойынша азаматтарды қабылдаулар жүргізіліп, әдістемелік көмектер көрсетілді. Осылайша, облыс аумағында Ұлт Жоспарында көз­дел­ген мақсаттарды жүзеге асыру барысында, оның ішінде мем­ле­кеттік қызметшілердің кәсіби білік­тілігін, тұрғындардың құқықтық сауат­­тылығын арттыруға сәйкес жұмыс­­тар атқарылып жатыр.

Өкінішке қарай, осындай түсін­дір­ме жұмыстарына қарамастан, мем­лекеттік қызметшілердің әдеп мәсе­ле­лерімен жиі кездесеміз. Жыл басынан бері Әдеп жөніндегі кеңес­тің 7 отырысы өтіп, 37 мәселе қарал­ды. Оның 26-сы – мемлекеттік қыз­мет­шілерге қатысты тәртіптік істер болса, 7 мемлекеттік орган бас­шы­лары­ның, аудан әкімдерінің мем­ле­кеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзушылықтардың профилактикасы бойынша жұмысының есептері тың­далды. Қаралған тәртіптік істер нәти­­жесімен 16 мемлекеттік қызмет­шіге тәртіптік жаза қолдану жөнінде ұсыныс берілді.

Мемлекеттік қызметшілер қыз­мет­тен тыс уақытта да жалпы қабыл­­дан­ған моральдық-әдептілік нор­ма­­ларын ұс­тануға, қоғамға жат мі­нез-құлық, оның ішінде қоғамдық орын­­дарда адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдағы адамгершілікке нұқ­сан келтіретін масаң күйде болу жағ­дай­ларына жол бермеуге тиіс. Дегенмен, бұл талаптар кейбір мемлекеттік қыз­метшілер тарапынан сақталмай жатыр. Мәселен, ағымдағы жылдың 6 айын­да Құқықтық статистика және ар­найы есепке алу жөніндегі орган­ның мәліметіне сәйкес, облыста 9 мем­лекет­тік қызметшінің қоғамдық орын­дарда масаң күйде жүрген­дігі үшін, оның ішін­де 3 мемлекеттік қызметшінің көлік құра­лын ішімдік ішіп басқарғаны үшін әкімшілік айып­пұлдар салынғаны белгілі болды.

Қызылорда облысы бойынша мем­лекеттік қызмет істері департаментінің ұсынысымен аталған мемлекеттік қызметшілердің 3-іне «қатаң сөгіс», 4-іне «қызметіне толық сәйкес емес­тігі туралы ескерту» түріндегі тәртіп­тік жазалар қолданылды. Ал бас­шылық лауазымдағы 2 қызметкердің тәр­тіптік істері Әдеп жөніндегі кеңес­те қаралып, кеңес шешімімен оларға қатысты тәртіптік жазалар берілді.

Жалпы, заманауи мемлекеттік қызметте кадрларға деген кәсіби талаптар басты қағида болуы тиіс. Оның кәсіби сапасы арқылы мемлекеттік органдардың жұмысы бағаланады. Сондықтан әрбір адам мемлекеттік қызметпен тағдырын байланыстыра отырып, халықтың алдындағы үлкен жауапкершілік екендігін түсінуі қажет. Себебі, мемлекеттің мәртебесін көтеруге, алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарынан көрінуіне мемлекеттік қызметшінің қосатын үлесі зор.

 Жазира ЖЫЛҚЫШИЕВА,

Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Қызылорда облысы

 бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі

кеңес төрайымы