04 қыр, 2019 сағат 11:00

Әдебиетіміздің асқар шыңға шығуы ұлы Абайдың даналық болмысымен тығыз байланысты – Тоқаев

Төл әдебиетіміздің асқар шыңға шығуы - ұлы ойшыл Абайдың даналық болмысымен тығыз байланысты. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан Азия елдері қаламгерлерінің тұңғыш форумында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құрметті қаламгерлер, жазушылар! Құрметті қауым! Ең алдымен баршаңызды осы форумға келгендеріңізге, қатысқандарыңызға ризашылығымды білдіремін. Азия  ақын-жазушыларының алғашқы форумы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өткізілуде. Біздің халқымыз рухани мұраларын сақтап, ұлттық тарихын зерттеуге, мәдениетін жан-жақты қолдауға әрдайым баса мән береді», - деді форум жұмысын ашқан Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бұл берік ұстаным Тәуелсіз Қазақстан кезеңінде жаңа сипат алып отырғанын баса айтты.

«Қазақ әдебиеті - халқымыздың сан ғасырлық тарихымен біте қайнасқан асыл қазына. Тұтас түркінің ортақ мұралары Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған жырлары мен Қорқыт ата кітабы - әдебиетіміздің түп тамыры. Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи сынды ұлы тұлғалардың еңбектері ислам дәуірінде түркі жұртын бүкіл дүниеге танытты. Алтын орда заманындағы жыраулық поэзия дәстүрі өз жалғасын тауып келеді. Төл әдебиетіміздің асқар шыңға шығуы ұлы ойшыл Абайдың даналық болмысымен тығыз байланысты. Оның шығармалары - жалпы адамзатқа ортақ  рухани жауһарлар», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстанның 61 қаламгерінің туындылары Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 тілінде жарық көретінін айтты.

«Бүгінде төл әдебиетіміздің көкжиегі кеңейіп, әлем әдебиетінің даму көшіне қосылды. Қазақ қаламгерлерінің туындылары арқылы дүниежүзі жұртшылығы ұлттық руханиятымызды танып-білуде. Қазақстандық 30 жазушы мен 31 ақынның шығармалары БҰҰ-ның 6 тіліне аударылып, жарыққа шыққалы отыр. Осы туындылар 5 құрлықтағы 90-нан астам елге, яғни, 2,5 млрд оқырманға тарайды», - деді Қ.Тоқаев.

Қазақстан Президентінің атап өтуінше, бұл қазақ әдебиеті тарихында бұрын-соңды болып көрмеген бірегей оқиға болмақ.