Енді Қазақстанда қамауға алынған күдіктілердің шашы сот шешімі шықпағанға дейін алынбайды. Бұл туралы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ведомство басшысының айтуынша, 30 қыркүйекте ішкі істер министрлігінде консолиум өтіп, күдіктілердің шашын алмау туралы шешім қабылданған.
"Бізде санитарлық эпидемиологиялық нормаға сәйкес, уақытша қамау изоляторына түскен адамның шашын 1,5 сантиметрге дейін алып тастау туралы бұйрық болды. Мен осы бұйрықтың күшін жою туралы шешім қабылдадым. Енді сот шешім шығарып, адам түзету мекемесіне түспейінше, оның шашын алмайды", - деді Тұрғымбаев үкімет кулуарында.
Бұған дейін Алматыда Нұрсұлтан Күдебаевтың қазасына байланысты қамауға алынған хирург Қанат Тезекбаевтың жұбайы тергеу изоляторында күйеуінің шашын тақырлап алып тастағанын айтқан еді.
Нұрсұлтан Күдебаев – Алматы полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаевтың ұлы. Биыл тамыздың басында Алматы облысында квадроциклмен жол апатына түскен болатын. 27 тамызда ол Германиядағы емханалардың бірінде көз жұмды.
Осыдан кейін Алматыдағы №4 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаев пен анестезиолог Асқар Тұңғышбаев ұсталып, сот шешімімен екі айға қамауға алынды.
Дәрігерлерге Қылмыстық кодекстің 317-бабы, 3-бөлігі "Медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісті деңгейде орындамауы" бойынша айып тағылды.
Алматылық дәрігерлердің ұсталуы медицина қызметкерлерінің наразылығын туғызды. Бұл іске Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та араласты.
Президенттің мәлімдемесінен кейін екі дәрігер де ешқайда шықпау туралы қолхатпен босап шықты.
Егер кінәсі дәлелденсе, дәрігерлер үш жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылып, бес жылға дейін сотталуы мүмкін.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев дәрігерлердің қамауға алынуына Алматының бас полицейі Серік Күдебаевтың қатысы жоқ деп сендірді.