17 қыр, 2021 сағат 11:26

Адам саудасының алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді


Алматы облысының тәртіп сақшылары адам саудасының алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарасай ауданық Полиция басқарамасы Жергілікті полиция қызметі бөлімі Әйелдерді зорлық - зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары «Родник» Қоғамдық Қоры қызметкерлерімен бірлесе, Алматы облысы Қарасай ауданының өңірдегі ең үлкен мигранттар келіп-кететін «Алтынорда» базарына қарасты автобекетте адам саудасының алдын алу мақсатында түсіндіру жұмысын өткізді.

Аталған іс - шара АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің қаржылық қолдауымен «Сана сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы Қоғамдық Бірлестігінің «Азаматтық қоғам ұйымдарының әлеуетін арттыру арқылы адам саудасына қарсы бірге тұру» жобасы аясында өтті.

Шара барысында қиын жағдайға тап болған мигрант қайда хабарласып, нендей көмек алуына болатыны, неге баса назар аудару керектігі туралы ақпараттар берілді. Сондай-ақ, автобекетте жолаушы тасымалдайтын көліктердің жүргізушілеріне және келушілерге ақпараттық өнімдер таратылды.

Түсіндіру жұмыстары барысында 200-ден аса ақпараттық кітапшалар таратылған.

Айта кетсек, статистика бойынша елімізде адам саудасы бойынша 3 жылда 1100 қылмыс тіркелген. 242 адам адам саудасымен айналысқану үшін сотталды. Десек те мамандар Қазақстанда бұл қылмыс жылдан жылға азайып келе жатқанын айтады.

Адам саудасы – адамның қадір-қасиеті мен жаһандық қауіпсіздікке қауіп төндіретін аса ауыр қылмыс. Адам саудасы заң үстемдігін әлсіретеді, халықаралық қақтығыстар туғызып, тұрақсыздықты күшейтуі мүмкін. Ең сорақысы, әлем бойынша шамамен 25 миллион адамды құрбан етуді бизнеске айналдырған трансұлттық қылмыстық ұйымдарды байытады.