«ADAL» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали партияның AMANAT-қа қосылу шешімін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ADAL партиясының AMANAT-қа қосылуы маған да оңай емес. Бірақ біз бұған қатысты егжей-тегжейлі ойландық. Кеше Мемлекет басшысының Жолдауын тыңдауға да қатыстық. Сосын біз бірауыздан осы шешімге келдік. Жасыратыны жоқ, AMANAT партиясын барлығы қолдайды. Әлеуметтік санат та бұрыннан осы партияны біледі, қолдайды», - деді С. Сұлтанғали партияның съезінде.
Оның айтуынша, облыстардың филиалдарында да отырыс өткізіп, бұл шешімді қолдады. Бастапқыда түсінбеушілік те болған екен.
«Бірақ талқылайтын ешқандай себеп жоқ. AMANAT-қа қосылу арқылы әлеуетімізді арттыра түсеміз. Ол партияға қосылу партиямыздың бағдарламасындағы мақсатқа жетуге тезірек мүмкіндік береді. Себебі ADAL -дың ұсыныстары жеткілікті. Біз ақылмен келе жатқан партиямыз. Біздің беделіміз ешқашан түспейді. Халық бізді түсінеді. Бірігу қажет. Қазір партия ашуға жеңілдіктер беріліп жатыр. Саяси реформа деп осыны айтады. Ел Президенті заңдарға өзгеріс енгізуді де айтты. AMANAT партиясының құрамында біз белсенді жұмысты атқара береміз», - деді Серік Сұлтанғали,
Оның пайымынша, партиялар бірлесіп одан әрі күшейе түседі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында ADALпартиясының Саяси кеңесі президенттік Amanat партиясына қосылу туралы шешім қабылдады.