26 сәу, 2022 сағат 16:21

Adal партиясы Amanat-қа қосылды

© Sputnik / Владислав Воднев

Adal партиясы Amanat-қа қосылды. Басқарушы партияның кезектен тыс съезінде осындай шешім қабылданды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Партияның кезектен тыс XXIII съезі онлайн режимде өтті. Оған барлық аймақтың делегаттары қатысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Ақордадан онлайн байланыс арқылы қосылды.

Партия хатшысы Асхат Ораловтың айтуынша, Adal партиясының құрамында белсенді жастар көп.

"Сондықтан Adal партиясының қосылуы Amanat-тың жастар қанатының әлеуетін арттырады", - деді Оралов.

Партия төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басынан бері үшінші рет жиналып отырғанын жеткізді. Алдағы конституциялық реформа аясында саяси ұйымға үлкен үміт артылып отырғанын ерекше атап өтті.

"Жаңа Қазақстанды құрамыз десек, елге жанашыр қоғамдық-саяси күштердің бәрі жұмылуы керек. Бұл ретте партиялардың өзара тіл табысып, саяси жүйені дамытуы аса маңызды. Сондықтан Adal партиясының бастамасын қолдап, онымен біріккен жөн деп санаймын. Adal - өз жақтастары бар қалыптасқан партия. Саяси бәсеке артып келе жатқан қазіргі кезеңде мұның айрықша мәні зор", - деді Тоқаев.

Президент осы маңызды қадам Amanat партиясын жаңғыртып, күшейте түсуге септігін тигізеді деген ойын білдірді.