Қасиетті Рамазан айымен қатар келген айтулы мереке І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өзіндік сән-салтанатымен ерекше аталып өтті. Ақ халатты абзал жандардың жүзіне ерекше қуаныш ұялап, бірін-бірі мерекемен құттықтап, шат-шадымен көңіл-күйде жүр. Құшақтары гүлге толы. Бұл құрметтің барлығы да медицина қызметкерлеріне арналды. Алғыс арқалаған абзал жандар салтанатты жиынға облыстың түкпір-түкпірінен келді.
Облыстық денсаулық сақтау саласында 19 мың адам еңбек етеді. Тұрғындарға 600-ден астам медициналық мекеме сапалы қызмет көрсетіп келеді. Соңғы 5 жылда денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемі 59 пайызға өсіп, 2017 жылы 83,6 млрд. теңгеге жеткен. 2017 – 2018 жылдар аралығында 22 медициналық нысан салу жоспарланып отыр.
Өңірдегі барлық ақ халатты абзал жанның құрметіне арналған салтанатты жиынға облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысып, денсаулық сақтау қызметкерлері мен ардагерлерін төл мерекесімен құттықтады. Облыс халқының денсаулығын нығайтуға үлкен үлес қосып жүрген дәрігер қауымын құттықтаған өңір басшысы Елбасының денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөлетіндігін айта келе, облыс бойынша бұл бағытта атқарылып жатқан ілкімді істерді тілге тиек етті.
– Ұлт Көшбасшысының «Ұлт денсаулығы – біздің жарқын болашағымыздың негізі» деген сөзі дәрігер мамандығының бар болмысын айқындап тұр. Бұл сала мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Сондықтан біз денсаулық сақтау саласына барынша жағдай жасауға тырысамыз. Өткен жылдың өзінде қаншама нысан халық игілігіне берілді. Тіпті, Талдықорған көпсалалы ауруханасына Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп, ризашылығын білдірді. Емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы да нығайып келеді. 2016 жылы 2,5 млрд. теңгеге 123 медициналық құрал-жабдық алынды. Жас мамандарды жұмысқа тарту жоспары да ойдағыдай атқарылуда. Осындай жетістіктермен ғана шектеліп қалмай, жоспарланған жұмыстарды жүйелі түрде атқаруда бірлесе жұмыс істеуіміз керек, – деді әкім.
Салтанатты жиында облыс әкімі бір топ медицина қызметкерін үлгілі қызметтері үшін Құрмет грамотасымен, Алғыс хатпен және «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапаттады. Сонымен қатар, «Облыстың үздік дәрігерлік амбулаториясы» аталымы бойынша Ұйғыр ауданы Сұңқар ауылы дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Аида Исмайлова марапатталса, «Облыстың үздік ауылдық ауруханасы» атағын Дамир Сұраужанов меңгеріп отырған Қарасай ауданындағы Үшқоңыр ауылдық ауруханасы иеленді. «Облыстың үздік аудандық ауруханасы» атағы Болат Балақойшиев басқаратын Еңбекшіқазақ ауданындағы орталық ауруханасына, «Облыстың үздік облыстық медициналық мекемесі» атағы Сәуле Құсмолданова басшылық ететін Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасына бұйырды. Ал облыстық үздік техникалық кәсіби білімі бар медициналық қызметкері номинациясын Ескелді аудандық орталық ауруханасының директоры Төлеу Сарпеков жеңіп алды. Облыстың үздік дәрігері болып Іле аудандық ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі Айдын Елікбаев танылса, облыстағы үздік ауыл дәрігері Талдықорған қаласына қарасты Еркін ауылдық амбулаториясының меңгерушісі Әскербек Оралбаев атанды. Білікті де білімді қос маман облыс әкімінің қолынан «Лада Гранта» автокөлігінің кілтін алды. Сондай-ақ, өңір басшысы үздік денсаулық сақтау мекемелеріне қаржылай сыйлықтар тапсырды.
Медицина саласының ардагері Өмірғали Кенжебек денсаулық саласында мықты мамандарды даярлап, шетел асып ем алмаудың жолдарын қарастыруды ұсынды. Жас маман, қалалық емхананың терапевт-дәрігері Дана Алтынбаева әріптестерін мерекемен құттықтап, жастарға жасалып жатқан қолдау мен қамқорлық үшін алғысын білдірді.
Жыл құсындай сағындырып келетін мерекеде Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары да қуаныш иелеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Еңлік КЕНЕБАЕВА