02 мам, 2019 сағат 13:04

Абайдың қоғамдық қызметінің бір қыры

Қазақ әдебиеттану ғылымы тарихында ең көп зерттелген де, шығармашылық мұрасы жан-жақты талданып, ғалымдардың тыңғылықты назарына ілінген да Абай екендігі даусыз. Ә.Бөкейханов, М.Әуезовтен бастау алған абайтану саласында да хакім Абайдың өмір жолы барынша кең жүйеленді. Абайтануда алғаш сүрлеу салып, тұңғыш ғұмырбаяндық мәліметтерді негіздеуші Кәкітай, Тұрағұл, Көкбайлардан бастау алған еңбектердің ішінде М.Әуезовтің төрт рет жазған ғылыми өмірбаянының орны ерекше.

Абайтану тарихындағы ұлы ақын өмір жолы, қоғамдық қызметі туралы көптеген зерттеулер болғанымен де, кейінгі жылдары жаңадан архивтік деректердің табылуы осы тақырыпқа тағы бір оралуға себеп болды. Мақаланың мақсаты да Абайдың болыстық қызметіне қатысты тың құжаттарды негізге ала отырып, ақынның қоғамдық жұмыстарының ерекшеліктерін ашып көрсету болып табылады. Ақын ұрпақтарының естеліктерінде айтылып, күні кешеге дейін ғылыми дәлелі болмай келген Абайдың 1893 жылдары да болыс болып сайлануы мақалада кең қарастырылған. Алғаш 1866 жылы ағасы Құдайберді қайтыс болған соң болыстық жұмысты атқаруды бастаған Абайдың ұзақ жылдар бойы осы қызметті абыроймен атқарғандығы, ел басқару жолындағы жетістіктер мен қиындықтары мақалада кеңірек қарастырылған.

Абайдың бірден-бір биографы болған ғұлама ғалым араға әр жылдарды салып, уақыт озған сайын оны толықтыра, байыта отырып ақын өмірбаянының төрт нұсқасын дүниеге әкелді. 1933, 1940, 1945 және 1950 жылдары жазылған ақын ғұмырбаянының өзіндік ерекшеліктері де бар. Уақыты мен дәуірі, қоғамдық қадағалаудың, белгіленген шеңберден шықпай, социалистік таныммен жазу қажеттілігінің ықпалы М.Әуезовке өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Сондықтан да болар осы өмірбаяндарда кеңестік қоғамның коммунистік көзқарасы үддесі тегеуірінімен көптеген жайлар толық жазылмағаны да ақиқат. М.Әуезовтің өзі: «Осы зерттеуде де ақынның өмірбаяны бұрынғы жазылғандардан бірталай өзгертіліп, тың редакциядан өтті»,- деп төртінші нұсқасында жазғанымен де, ұлттық таным мен далалық өмір шежіресін, қоғамдық - әлеуметтік жағдайды, әке мен бала қарым-қатынасы мен олардың билік құру ерекшеліктерін, замана сипатын толық білсе де, оларды еркін жазу, кеңес халқына қазақы шындықты айту мүмкіншілігіне толық қол жеткізе алмады. Ғұлама ғалымның: «Абайдың өмірбаянын зерттеп, толықтырып жазу жұмысы жетер өрісіне жетіп, аяқталған жоқ. Абай өмірі туралы бұдан былай да ел аузынан жиналатын естегілер, жалпы әңгімелер жамала беруге тиіс»,- деуінің себебі де осы сөздерінде жатқан болар. Бұл ретте М.Әуезовтің ақын өмір жолын жазудағы теңдессіз, жанкешті еңбегінің маңызы орасан екендігін айта келе келе, ғалымның өзінен кейінгі зерттеушілерге қойған талап, тілегін де ескеруіміз керек. М.Әуезов «Абай юбелейі туралы» атты мақаласында: «Абайдың өмірін, ісін зерттеу ретінде де бірталай тың жұмыстар бар. Оның үлкені – Семейдің архивін тексеру. Жандарал, ояз кеңселері мен облыстық, ояздық соттар архиві Абай жәйінен көп мағлұматтар беруге тиіс еді. Әлі күнге дұрыстап тексерілмей келеді. Жалғыз Семей емес, Степной генерал-губернатордың тұрған жері – Омбы қаласының архивін де зерттеу керек»,-дейді емес пе!!! Міне ғұлама ғалымның өзінен кейінгі Абайды зерттеушілерге қарата айтқан темірқазық сөзі.  

Белгілі журналист, жазушы және қоғам қайраткері Сапар Байжанов «Абайға қатысты кейбір архив деректері» мақаласында: «...Бұлар халқымыздың ұлы перзенті Абайға тікелей қатысты архив документтерінің басы да, соңы да деп қарауға әсте болмайды. Түбегейлі іздеушісі, зерттеушісі келіссе, республикамыздың архивінен де, Ленинград пен Москваның, Омбы мен Ташкенттің, басқа да қалалардың архив қазыналарынан да әлі де  талай-талай құндыда мәнді документтер табылары кәміл», - дейді. 

М.Әуезовтің абайтанудың болашағы үшін жоғарыда айтқан сөздерін басшылыққа ала отырып, Ресейдің Мәскеу, Омбы, Татарстанның Қазан, Туркияның Стамбул қалаларына ғылыми іс-сапарларға шығып, архив және кітапхана қорларында жұмыс істедік. Бұл сапарлар нәтижелі де болды. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында шыққан «Киргизская степная газета», «Семипалатинские областные ведомости» және  «Отчет Семипалатинского статистического комитета» атты басылымдар да назардан тыс қалмады. Бұрын-соңды белгісіз болып келген көптеген тың құжаттар табылып, әдебиеттану, абайтану ғылымына жаңа мәліметтер қосылып, дерек  қоры да молайып келеді. Абайға және оның туыстық, өнер айналасына табылып жатқан осы архивтік құжаттардың ғылыми маңызы ерекше екендігін ғылыми қауым өкілдері түсінеді деп ойлаймын. Және де осы зерттеулеріміз барысында Абай музейі қорына жинақталған Құнанбай, Абай, Шәкәрім, Ақылбай,  Мағауия, Көкбай, Ысқақ, Оспан, Әзімбай, Мұқыр болыстары жөніндегі соны мәліметтерді және осы елдегі білім беру ісі мен би, билік жайындағы  жаңа құжаттарды болашақта абайтанушы ғалымдар, әдебиеттанушылар, ізденушілер зерттеу нысанына алады деп ойлаймыз.

Соңғы жылдардағы ғылыми іс-сапарлардың нәтижесінде Ресей, Түркия архивтері мен кітапханаларынан табылған Абай мен оның заманы, туыстық, өнер айналасына қатысты табылған бұрын - соңды белгісіз болған тың құжаттардың бірі – Семей облысының әскери губернаторы, генерал майор Карповтың 1893 жылғы 11 қыркүйектегі №55 бұйрығы. Бұл бұйрыққа сәйкес Абай Құнанбайұлы 1893-1896 жылдар аралығына Шыңғыс болысына болыстық қызметке тағайындалған.  «Утверждаются в должностях по выбору общества на трехлетие с 1893 по 1896 год» деп басталатын құжат 3 тармақтан тұрады. Бұйрықтың І тармағына сәйкес Делбегетей болысы бойынша болыстық қызметке Әлжан Назаров (кандидаты Кездікпай Нұрлыбаев) тағайындалып, сол болыстықтың 9 ауылына билер сайлауы туралы жазылған. ІІ тармақта Бұғылы болысына Смағұл Балтақаев (кандидаты Дуанбек Есентаев) және 12 ауылға сайланған билер аттары көрсетілген. Бұйрықтың ІІІ тармағында Шыңғыс болысына болыстық қызметке Ибрагим Құнанбаев, кандидаты Әзімбай Тәнірбердин сайланды делінген және осы болыстықтың 9 ауылына сайланған билердің аты-жөндері көрсетілген. Осы әр ауылға сайланған билердің ішінде де таныс есімдер кездеседі. Олар: №2 ауыл – Рыздықпай Худайбердин, №4 ауыл – Ысқақ Құнанбаевтар.

Абайдың ғұмырнамасын зерттеген ғалымдардың деректері бойынша, ұлы ақынның дәл осы кезеңде болыстық қызметте болғаны туралы ұлы Турағұлдың «Әкем Абай туралы» деген естелігінде былай деп айтылады: «1893 жылы сайлауда, баяғы Оразбай мен Күнту тағы да бірі Бұғылыға, Бірі Мұқырға шығып, қалған елді өзің ие болып қайырып алмасаң болмайды деп халық ақсақалдары мені әкемді болыстыққа сайлаған». Бірақ осы пікірді нақтылайтын ешқандай құжат болмаған еді. Абай өмір жолын зерттеу нысанына алып, тың архивтік деректермен толымды еңбек жазған Бейсенбай Байғалиевтың «Абай өмірбаяны архив деректерінде» де осы Турағұл айтқандарын нақтылап, бекіте түсетін архив құжаты кездеспегенін өкінішпен айтқан еді.  «Қалай болғанда да, Турағұл келтірген мәліметті есепке алмасқа болмайды, өйткені оның естелігі ұлы ақын туралы кейінде жазылып алынғандардың ішіндегі бірден-бір шындыққа жақын, сенімді дерек көзі. Егер бұл деректі ақиқат десек, онда ұлы Абайдың болыстық қызметі тағы да үш жылға ұлғайып, ұзын саны 15 жылға жетпек». 

Яғни кейінгі жылдары табылған осы құжат бойынша Абайдың болыстық қызметті ұзақ жылдар атқарғандығы ғылыми түрде нақтыланды.

Абайдың ел алғаш болыстыққа сайлануы 1866 жылдан басталуына ағасы Құдайбердінің ерте қайтыс болуының әсері мол. Себебі  1865 жылы шілде айындағы кезектен тыс болыстық сайлауда Күшік Тобықты болысына болыстыққа Шәкәрімнің әкесі Құдайберді сайланады. Ал оған кандидат болып Абай белгіленген болатын. Өкінішке орай 1866 жылы сәуір айында Құдайберді қайтыс болады. Кандидат болып сайланған Абайға осы қызмет  жүктеліп, осы кезде Күшік Тобықты елінде қызметке кіріседі. Бұл туралы Бейсенбай Байғалиев «Абай өмірбаяны архив деректерінде» еңбегінде Абайдың болыс ретінде 1866 жылдың 11 маусымында, 13 шілдеде, 29 қарашада Рапорттарға қол қойғандығы айтылады. Шынында да Абай Омбы қаласына қазақ балаларын орысша оқыту үшін арнайы ашылған мектепке көпшілік ортасынан Баймұса Тәңірбердин деген баланы жіберу туралы Рапортқа қол қояды. Бұл дерек ғылыми айналымға енген. Екінші бір бізге сақталып жеткен архив дерегі: Абай Күшік Тобықты болысы ретінде «Дело об укочевании казахов рода Урус-Коржау Кучук  Тобуклинской волости Куттукбаева и других в  Байджигитовские волости» деген Рапорт жазған. Келесі бір бізге жеткен архивтік құжат «Дело об откочевке казашки Кузеновой с сыном Кучук-тобыктинской волости» деп аталады. Қазақ әйелі Кузенова жас баласымен Күшік Тобықты болысынан Миялы қыстағына көшкені туралы 1866 жылы 29 қарашада Абай болыс ретінде Рапортқа қол қойған.  

Турағұл естелігінде: «Менің әкем жасында Құдайберді деген ағасына кандидаттыққа бір сайланған екен, Құдайберді өлген соң араз жазып, жасы толымсыз деп көрсетіп, түсіп қалған екен», - дейді.

 Абай 1872-1874 жылдары Күшік Тобықты болысына екінші рет болыс болады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивіндегіқұжаттарда Бұғылы елінің сенім білдіріп, сөзін ұстатқан өкілі Сман Бегімбетовтың Семей облыстық басқармасының жер межелеу (өлшеу) бөліміне 1907 жылы 23 ақпанда жазылған арызында Абайдың Күшік Тобықты еліне болыс болғаны көрсетілген.

1876-1878 жылдары – Абайдың Қоңыр - Көкше еліне болыс болып сайланады. Абайдың бұл жолы болыс болуының ерекше себебі болады. Естеліктерде айтылғандай Қоңыр Көкше болысы басында он бір старшын ел кірген екен. Оның төрт старшыны Көкше, екі старшыны Жөкең, төрт старшыны Мамай, бір старшыны Мырза рулары еді. Кейіннен оған бір старшын Жігітек, бір старшын Бөкенші қосылып он үш старшын болады. Әр рудан қосылған болыстық ішінде түрлі талас-тартыстар да шығып, ұрлық, барымта көбейіп, бір-бірінің үстінен арыз-шағымдар да көп болып, елдің берекесі кете бастапты. Енді оларға болыс сайламақ болғанда талас-тартыстың көп болатынын сезгендіктен «сырттан болыс қою керек, яғни ояз бен жандаралдың өз ұйғаруымен қойылсын» деген шешімге келеді. Және де елді дұрыс жолға салатын әділ мықты адам болсын деседі. Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов естелігінде айтылғандай: «Сол Коңыркөкше болысына ояз бен жандаралдың лайықты деп тапқан адамы Абай болады. Сайлаусыз «назначение» ұйғаруымен болыстыққа  Абай сайланады.

Абай болыстыққа сайланған соң өзіне кандидат қылып Уандық Алатай баласын сайлайды. Себебі Абайдың ел басқару жолында өзіне нақты жәрдемі тиер, тілегі бір көмекші болар адамдарды төңірегіне жинауды қолға алады. Осы бағытта тапқаны, негізгі ниет болған Еспай, Жарылғап, Қаракүшік Балтай және де басқа аталардан құралған төрт болыс Көкше елі еді. Бұл кезде Еспайдың, жалпы Көкшенің бұрынғы басшысының бірі Қаратай егде тартып, ел билеу жұмысының өзінің немере інісі Уандық Алатай баласына берген екен. Осы Уандықты Абай кандидаттыққа алып, кеңсесін, тілмәшін, стражник, атшабарын сонда орналастырады.

Коңыр Көкшедегі болыстық кезеңі Абай өмір жолында ерекше орын қалдырғаны айқын. Ел басқару ісінің ауыртпашылығы пен әурешілікті көп көреді. Тек Қоңыр - Көкше болыстығының ішіндегі ғана емес жалпы ел арасындағы сан алуан оқиғалар Абайға үлкен әсерін тигізеді. Елінің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын, мал және егін шаруашылығы жайын, тұрмыс-тіршілігін үнемі назарына алып отырды. Өлеңдері мен қара сөздеріндегі халық тұрмысының мән-шайына баруда осы ел тіршілігімен біте қайнасуында жатқандықтан да болар.    

Абайдың болыс управителі ретінде қол қойып жіберіп отыратын құжаттарының бірі де болыстықтың жай-күйін баяндайтын статистикалық мәліметтер еді. Осы статистикалық есептің өзінен Абай басқарған болыстықтың жай күйін терең аңғаруға болады. «1876 жылдың аяғында болыста 4163 еркек, 3393 әйел болды. Қыстайтын жерлер саны – 1004, оның 469 –ы тастан, кірпіштен қаланған қыстауларда, 535-і киіз үйде қыстайды. Болыста 900 түйе, 4500 жылқы, 1350 ірі қара мал, 30150 қой-ешкі болды. 19 шаңырақ егін шаруашылығымен шұғылданды. Суару жүйесі Мұқыр, тақыр өзендеріне салынды, бір су диірмен болды»,- дегінген.

Жалпы сайлау арқылы емес, арнайы бұйрықпен тағайындалған Абайдың қызметіне Семей әскери-губернаторы жоғары баға берген. Өзге сайланған болыстарға берілмейтін еңбекақының тек Абайға берілуінің де, қызметін жақсы атқарған адамдар қатарында наградталу себебі де осында жатыр. Яғни болыстардың ішінде Абай ғана 300 сом еңбек ақы алып отырған. Бұрын сотты болмағаны, награда алмағаны ескеріле отыра, Абай 1876 жылы 25 қазанда болыстық міндетін мінсіз атқарып, тапсырылған жұмыстарды мерзімімен тиянақты орындап отырғандығы үшін генерал Казнаковтың қол қоюмен №2314 куәлік беріліп,  3 разрядты шапанмен (кафтан) наградталады.

Абайдың 1876-1878 жылдар аралығында болыс болған кезіндегі қол қойған келесі бір бізге жеткен архив деректерінің бірі осы 1876 жылы 6 желтоқсанда өзге де болыстармен бірге Қоңыр-Көкше елінің басшысы ретінде қол қойған үндеу еді. Орыс-түрік соғысына байланысты қазақ елін патша үкіметіне қаржылай көмек беруге, моральдық жағынан қолдау көрсетуге Семей уезі болыстары Үндеу жазады. Міне бізге сақталып жеткен Абай қол қойған құжаттардың бірі осы еді.

Жоғарыда айтқанымыздай Абайдың туған халқы үшін жанталасып еңбек етуі өз елінің басқа мақсат көздеген жекелеген адамдарына жақпай да жатады. Әділдік пен адалдықты темірқазық етіп ұстанып, өмірлік қағидасына айналдырған Абайдың ел басқарудағы ісіне жаптым жала, жақтым күйе дейтіндей жағдайлар да осы жылдары белең алады. Үзікбай Бөрібаевтың атынан жазылған арыз бойынша Абайдың болыстық қызметін тексеру жұмыстары да жүргізіледі. Әйтсе де тексеріс нәтижесінде Абайдың болыстық қызметін асыра пайдаланбағаны, ешкімге зорлық-зомбылық, қысым жасамағаны, пара алмағаны дәлелденіп, оның үстінен жазылған арыздың жалған екені тергеуші тарапынан дәлелденеді. Әйтсе де оған Бөрібаев келіспей қайта шағымданып, Семейдегі уезд начальнигіне, әскери-губернаторға арыз жазады. Жалпы ұзаққа созылған осы тексеріс барысында 600 дей адамнан сұрақ-жауап алынып, арызда көрсетілген жайлар жан-жақты қарастырылады. Арызға Абайдың халықаралық дәрежедегі ұлттардың береке-бірлігін, елдің тыныштығын ойлап, әрі тәртіпке шақырып, үндеуге қол қоюы себебі де болғандай. Осы үндеу салдары арызда саяси мәнге ұласып кетеді. Солдатқа кетіп бара жатқан әскерилерге Абай заңсыз мал, ақша берді деп пәле жабылады. Әйтсе де ұзақ жылдардағы тексерістер барысында канцелария меңгерушісі Лосовский Батыс-Сібір генерал – губернаторы алдында да баяндама жасап, жалпы Абайдың ақ екендігін үнемі дәлелдеп отырған. Әйтсе де осы кездердегі арызқұмарлық, көре алмаушылық, беталды пәле жабу сияқты ел ішіндегі кереғар істер Абайға қатты әсер етеді. Бірақ бұлардың бәрі Абайды шыңдай түскендігі айқын. Бұдан кейінгі жылдары да Семей қаласындағы санақ комитетінің мүшесі болған Абайдың өзге  де қоғамдық жұмыстармен жан-жақты айналысқанын көре аламыз. 1885жылы Шар бойындағы Қарамола съезінде билер талқылауынан өткен, 74 баптан тұратын заң ережелерін жасауға барынша ат салысады. Қазақтарға арналып Абайдың басшылығымен жасалған осы заң Ережесі 1886 жылы генерал-губернатордың бұйрығымен Қазан қаласында жарық көреді. Семей қаласына келген С.С.Гросс, А.А.Леонтьев, Н.И.Долгополов, П.Д.Лобановский, А.Блек, Н.Я.Коншин сияқты өзге ұлт өкілдерімен жақын араласып ғана қоймай, олармен түрлі қоғамдық істерді бірге атқарып, ел тарихы мен салт-дәстүріне қатысты көптеген деректердің сақталуына зор еңбек етеді.

Абай 1893 жылы қайта Мұқыр еліне 3 жылға болыстыққа сайланады. Бұл туралы жаңадан табылған құжаттардың нақты дәлел болғандығы жоғарыда айтылды.  

Қорыта айтқанда А.Құнанбаевтың ұзақ жылдар бойы ел басқару ісімен айналысады.

Болыстық қызметтерді атқару Абай өмір жолындағы елеулі бір кезеңдерден тұрғандығын архив құжаттары мен естеліктерден көре аламыз. Абайдың болыстық қызметті таңдауының да өзіндік себебі бар. М.О.Әуезов сөзімен айтсақ: «1897 жылға шейін Абай ел сөзі мен ел жұмысынан шыға алмай қойғанда, көбінесе әділ билікпен тыныштық орнатып, тым болмаса дау-шарды тоқтатармын деген үмітте болған».

Ақын өзі де:

Болды да партия,

Ел іші жарылды.

Әуремін мен тыя

Дауың мен шарыңды. 

Әділдік пен ақиқат негізгі ұстанымы болған Абайдың туған халқының жағымсыз, кереғар кейбір мінездерін, ұнамсыз қылықтарын тек әдеби мұрасы, өлең әлемі, ақыл-ойымен ғана емес, ел басқару арқылы түзу жолға салуды мақсат тұтқандығы айқын.

Түзетпек едім заманды,

Өзімді тым-ақ зор тұтып,-

деуінің себебі де осында. «Болыс болдым мінекей, бар малымды шығындап» деп болыстық жолды ащы әзілмен сынға алатыны да бар.

Әубәкір Жандос Мағазбекұлы,

ф.ғ.к., доцент, Білім беру ісінің үздігі