10 қаң, 2020 сағат 14:34

Абайды бір роман төңірегінде ғана біліп келдік – Ерлан Сыдықов

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Университет ректоры Ерлан Сыдықов осы мақала арқылы ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына жан-жақты дайындық басталғанын атап өтті.

«Мақала қарапайым тілмен жазылса да, онда терең ойлар мен бағыттар ұсынылған. Өкінішке қарай, біз осы күнге дейін Абайға терең бойлай алмай келеміз. Әсіресе, совет заманында Абайды халыққа жақындатқан жоқ. Оның поэзиясын ғана ұсынды. Оның өзінде де дін, мұсылмандық, билік, байлық туралы айтқан өлеңдері мен сөздерін жеткізбеді. Айналып келгенде, Абайдың ғылыми биографиясын жазуға да мүмкіндік берілмеді. Оның барлығы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясының алғашқы нұсқаларының өзін шығармай, идеяны таптық-партиялық принцип төңірегіне әкелмейінше қабылдаған жоқ. Біз Абайды сол роман төңірегінде ғана біліп жүрдік», - деді Ерлан Сыдықов ЕҰУ-да өткен жиналыста.

Оның айтуынша, жаңа замандағы, тәуелсіз Қазақстандағы жаңа ұрпақ толассыз ақпарат дәуірінде өмір сүріп жатыр.

«Қазір жан-жақтан келіп түскен ақпарат легін ешкім тоқтата алмайды. Жүрегімізге де, санамызға да, миымызға да келіп жатыр. Осы тұрғыда әсіресе жастар қандай бағыт ұстауы керек? Ел болып қаламыз ба? Елдік қасиеттерімізді сақтай аламыз ба? Ұлт болып ұйимыз ба? Тілімізді, ділімізді сақтай аламыз ба? Әлде сырттан келген дүдәмал құндылықтарға еріп кетеміз бе? Түптеп келгенде қазақ болып қаламыз ба, жоқ па? Міне, кеше шыққан мақаланың негізгі ой-бағыты, концептуалды тұжырымы «Бізге бағыт беруші кім?» дегенге жауап беріп отыр. Ол – ұлы Абай. Абайға қайтадан келейік, жаңаша келейік, Абайдың қызметі мен өміріне көңіл бөлейік. Сол арқылы өзіміздің жолымызды анықтайық. Осылайша, ұлы Абайдың бізген шырақ екенін, жол көрсетуші бағыт беруші екендігін осы мақала меңзеп отыр. Олай болса, Абайға біз керек емес шығармыз, бізге Абай керек. Өзінің кезекті мерейтойымен Абай бізге тағы бір мүмкіндік беріп отыр. Осы мақала арқылы Абайға тағы зер салып, бойтұмар етіп ұстап, өмірлік стандартымызға айналдырайық», - деді ректор.