07 қар, 2021 сағат 13:46

«Абай» шахтасындағы апат: Аман қалған 2 кеншінің халі ауыр


Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасында «Абай» шахтасындағы апаттан зардап шеккен 2 кеншінің жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«7 қарашада профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханаға 1960 және 1963 жылдары туған шахтаның екі қызметкері түсті. Диагноз – токсикогипоксиялық энцефалопатия. Науқастар жансақтау бөлімінде. Клиника дәрігерлері барлық қажетті медициналық көмек көрсетуде», - деді Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.

Еске салайық, 7 қараша күні сағат 08:37-де «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Абай» шахтасында төтенше жағдай орын алды. Апат кезінде шахтада барлығы 64 адам болған. 56 адам өздері жер бетіне шыққан. Метан газы тараған 3-К10 кенжарында сегіз адам қалған. Алтауы қаза тауып, екеуі зардап шекті, олардың жағдайы ауыр.

Өндіріс процесі тоқтатылды. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда.