07 қар, 2021 сағат 15:13

Абай шахтасындағы 6 кеншінің қазасы: полиция тергеуді бастады


Алты адам қаза тапқан Абай ауданындағы шахтада төтенше жағдай дерегі бойынша соталды тергеу басталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Абай ауданындағы шахтада метан газының жарылуы дерегі бойынша ҚР ҚК 277-бабы 3-бөлігі (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша соталды тергеу басталды. Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр", - делінген полиция хабарламасында.

Осы бапқа сәйкес, кінәлілер үш жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырыла отырып, үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қарағанды облысы полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы қаза тапқан кеншілердің отбасыларына көңіл айтты.

Еске салайық, 7 қараша күні сағат 08:37-де «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Абай» шахтасында төтенше жағдай орын алды. Апат кезінде шахтада барлығы 64 адам болған. 56 адам өздері жер бетіне шыққан. Метан газы тараған 3-К10 кенжарында сегіз адам қалған. Алтауы қаза тауып, екеуі зардап шекті, олардың жағдайы ауыр.

Өндіріс процесі тоқтатылды. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда.