04 шіл, 2024 сағат 10:59

Абай облысында шегіртке қаптады: шаруалар көмек сұрауда


Абай облысында шегіртке қаптады. Зиянкестер Үржар ауданындағы жайылым мен шабындық жерлерді отап жатыр.

31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасының хабарлауынша, Aбай облысындағы шаруалар шегірткеден мезі болып, жергілікті биліктен көмек сұрайды. Олар гектар-гектар алқапқа жайылған жәндікпен күресу оңай емес дейді.

"Елтайдың Сартерек учаскесіне Алакөл жақтан азиялық шегіртке қаптап, кешеден бері қарай елдің мазасын алып жатыр. Бұрын-соңды ондай болмаған. Азиялық та, жай шегіртке де болмаған. Мынау деген масқара, жүре алмайсың", – деді Елтай ауылының тұрғыны Шәріпқазы Сарқытбаев.


Егінсу мен Елтай ауылдық округтерінде жағдай қиындаған. Жайылымдық жерде жаяу жүру мүмкін емес дейді. Сөздерінше, ауылдағы бау-бақшаларға да зиянкестер тиіп жатыр. Халық бұл мәселе шешілмесе, қыстық мал азығын дайындай алмай қаламыз деп алаңдаулы.

Шаруалар дабыл қаққан соң алқаптарды улау басталыпты. Әкімдіктің мәліметінше, шегіртке күрт көбеймес үшін 10 мыңға жуық гектар аумаққа химиялық өңдеу жүргізу жоспарланған екен.

"Қазіргі таңда анықталған 500 гектар жердің 350 гектарына авиация көмегімен заласыздандыру жүргізілді. Сонымен қатар Көкөзек ауылдық округінде азияттық шегіртке анықталып отыр. Қазіргі таңда ауа райы қолайсыз. Жауын-шашын басылғаннан кейін жедел түрде жоспарлы түрде залалсыздандыру жүргізіледі", – деп мәлімдеді Үржар ауданының ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ерзат Болатұлы.