Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Абай облысы Үржар ауданының прокуратурасы Науалы балалар үйінің әкімшілігі қызметкерлерінің 6 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын ұрлау дерегін анықтады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Балалар үйінің директоры мен бас есепшісі өздеріне жоғары жалақы төлеп, жоғары сыйақы мен іссапар шығындарын аударған.
"Жымқыру дерегі штат кестесі мен қазынашылық есептерді салыстыру барысында белгілі болды, онда тиісті жалақы мен нақты төленген жалақы арасындағы айырмашылық анықталды. Сондай-ақ "Өлі жандар" қатарындағы жұмыс істемейтін адамдарға жалақы төленген. Балалар үйі басшылығының заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде мемлекетке залал келтірілді" - делінген хабарламада.
Бұл дерекке қатысты прокуратура Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлігінің 2, 3-тармақтары бойынша қылмыстық іс қозғады. Істі сотқа дейінгі тергеу Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүктелген.
Бұл баптың санкциясы белгілі бір лауазымдарды атқаруға немесе белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады.