31 там, 2020 сағат 04:32

Абай күйлері шетел қазақтарына қалай тараған: Күйші Ардаби Мәулетұлымен сұхбат

10 тамызда ұл­­ты­­мыздың ұлы ақы­ны, ойшыл тұл­­ғасы Абай Құнан­­бай­­ұлы­ның ту­ға­нына 175 жыл тол­ды. Бұ­дан ши­рек ға­сыр уақыт бұ­рын Тұңғыш Прези­дентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың бастамасымен Абайдың 150 жыл­дығы ЮНЕСКО деңгейінде өткі­зіл­ген еді. Бұл торқалы той – сол тама­ша дәстүрдің жалғасы.

Биылғы мерейтойға орай бірқатар іс-шара жоспарланған болатын. Бірақ әлемді жайлаған індетке байланысты со­ның көпшілігін онлайн форматқа ауыстырылды. 

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Менің тапсырмам бойынша Үкімет оныншы тамызды «Абай күні» деп бел­гілеп, мерекелер тізбесіне енгізді. Ұлы ақынның мұрасын ұлықтауға арналған іс-шаралар жыл сайын өткі­зіліп тұратын болады. Мәселе мерейтойда емес – тұғырлы тұлғаның туын­ды­ларынан терең тәлім алуда. Абай­дың рухына тағзым ету – оның қағидатын ұстану, аманатына адал болу. Сонда ғана жас ұрпақтың сана­сына қастерлі құндылықтарды сіңі­реміз.

Біз ұлы ойшылдың өнегелі өмірі мен тағылымы туралы айтудан жалықпаймыз. Әсіресе қазіргі Қазақстан қоға­мын Абайдың рухани ұстанымына сай дамыту аса маңызды. Мен бұл жөнінде «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаламда кеңінен айттым», - деді.

Абайдың қара өлең болып өрілген және қара сөз болып төгілген оралымды ойлары әлі күнге дейін өмірлік бағдар болып келеді. Сонымен бірге оның әндері мен күйлері де қалың қазақтың сүйіп тыңдайтын ғұмырлық туындылары.

Осы орайда ҚР Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ҒЗИ аға ғылыми қызметкері, күйші-зерттеуші, өнертану PhD докторы Ардаби Мәулетұлымен сұхбаттасқан едік. 

Қазақ музыкасын зерттеген ғалымдардың зерттеп-зерделеуінде ұлы Абайдың осы уақытқа дейін 4 күйі жеткен. Ол күйлердің алды 1965 жылғы Құрманғазы атындағы консерваториясының фольклорлық зертханасының қызметкерлері тарапынан жасалған экспедиция кезінде жазылып алынса, кейінгі табылған бір-екі күйі 80-жылдардың басында күйші-зерттеуші Уәли Бекеновтің нотаға түсіруінде бізге жетті. Ал енді «Егемен Қазақстан» газетінде жазған мақалама арқау болған Абайдың «Ақтолқын» атты күйі Іленің арғы жақ бетіндегі қазақтар арасында бұрыннан тартылып келе жатқан көне күй. Яғни Абайдың бұл күйі манағы айтқан Іленің арғы жағындағы классик күйшілер Қоңқай Шоқырақұлы, Әшім Дүңшіұлы сияқты күйшілер арқылы жетіп отыр. Ал бұл күйшілердің есімі қазақтың күйтану ғылымы мен орындаушылық бағытта кеңінен таныс тарихи тұлғалар. Уәли Бекенов пен Ақселеу Сейдімбек және басқа да өнер зерттеушілері бұл күйшілер туралы кеңінен қалам тербегенін айта кеткім келеді. Біз осы күйшілердің көзін көріп қолынан күй үйренген шәкірттерінен бұл күй туралы мәліметті және 1980 жылы шертіп қалдырған үнтаспасын осыдан 10 неше жыл бұрынғы зерттеулерімізде тауып аудио-видео таспаға жазып, одан бері қосымша зерттеулер жүргізіп енді ғана өнер зерттеуші ғалымдарымыздың, күйшілердің талқысына тастап отырмыз. Қалай дегенменде бұл қазақтың рухани мұрасына қосылған үлкен байлық және хакім Абайдың музыкалық мұрасын болашақ ұрпақтың жүйелі іздеп-зерттеуіне зор көмегін тигізеді деп білеміз.

Ардаби осы айтқандарыңызды нақтылай түссеңіз. Бұл - оқырмандарымызға да қызғылықты деп ойлаймын. Зерттеу зерделеуден өтіп, мызғымас деректерімен құнды деген. Өзіңіз күйшісіз әрі күйші-зерттеушісіз. Ұлы бабамыздың күйлері жөнінде білетініңізді бөлісе отырыңыз.

- Ұлы Абайдың осы уақытқа дейін бізге жеткен «Май түні», «Майда қоңыр», «Торы жорға», «Абайдың желдірмесі» қатарлы төрт күйі бар.

«Май түні», «Торы жорға» күйлерін жазушы, журналист шығысқазақстандық Ғайса Сармурзиннің (1904-1987) орындауында, күйші-зерттеуші, ғалым Уәли Бекенов 1983 жылы жазып алып, нотаға түсірген. Ал Абайдың «Майда қоңыр» күйі Шығыс Қазақстанның Шұбартау өңірінен шыққан атақты күйші Жүнісбай Стамбаевтың орындауында 1965 жылы жазылып алынып бізге жетті. Біз де бала күнімізден ел арасындағы күйшілерден Абайдың атымен аталатын күйлерді естіп өстік.

П.И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде 3-курста оқып жүргенімде, ұстазымыз күйші-зерттеуші М. Әбуғазымен бірлесіп «Әшім және Іле аймағының күйлері» атты Іле бойындағы күйшілердің күйлерін негіз еткен бір кітап құрастырдық. Осы кітапқа қатысты материалдар жинау мақсатында 2008 жылдың жаз кезінде ҚХР-дың Іле Қазақ автономиялы облысына күй жинау жұмыстарымен бардым. Іленің Күнес ауданы Зекті қалашығында тұратын Имаш Асқарбекұлы (ол кезде 88 жаста еді) және Камал Мақайұлымен болған бір сұхбатта Іле бойындағы ертедегі күйшілердің орындауында «Абылай ханның сыбызғысы», «Абайдың ақтолқыны», «Қызылмойын Қуандықтың күйі», «Қарайт батырдың күйі» сияқты ескі күйлердің соңғы кездерде ұмыт бола бастағанын өкінішпен айтты. Әшімнің «Ақ ерке» деген күйін «Абайдың ақтолқыны» деп жаңсақ айтып отыр ма деген оймен, әңгімеге араласып анықтап сұрағанымда, Имаш ақсақал маған «Ақ ерке» күйінің басқа күй екенін, ал «Абайдың ақтолқыны» атты күйдің бұрыннан бері тартылып келе жатқан көне күй екенін айтты. Сондай-ақ Имаш Асқарбекұлы 1950 жылдардың шамасында Қазақстаннан келген зерттеушілердің осы «Абайдың ақтолқыны» атты күйін естіп, бір жоғымыз табылды деп қатты қуанып, жазып алғандарын да осы әңгімесінде айтып еді. Имаш Асқарбекұлы мен Камал Мақайұлы атақты Әшім күйшіге шәкірт болып, қолынан күй үйренген көнекөз кісілер болғандықтан, бұл кісілер айтқан осы мәлімет, ұлы Абайдың күйлері туралы ендігі жерде ізденуімізге үлкен үміт ұшқынын оятқандай болды.

2010 жылы жаз айында ҚХР-дағы қандастарда сақталған музыкалық мұраларды жинау экспедициясы кезінде, Іле қазақ автономиялы облысы Қорғас ауданы Сарыбұлақ ауылының Шыбарағаш деген жерде тұратын 73 жасқа келген Мәлік Әлиақынұлы есімді күйші ақсақалды жүздестірдік. Ол кісінің орындауында ескі халық күйі «Кенесары-Наурызбай», «Жалғыз қурай сұртеке», Әсет ақын Найманбайұлының «Ән күйі» және «Кертолғау» атты екі күйін, Тергеусізден бері жалғасып келе жатқан Қызылмойын Қуандықтың күйі деп тартылатын екі күймен қоса Тергеусіздің «Мұң-зар», «Нүсіпақынға арнау», «Кеңес» және өзінің «Ана», «Жұбай» т.б. он неше күй жазып алдық. Мәлік ақсақалмен әңгімелесе келе, Сарыбұлақ өңірінде Тергеусіз Бәлекейұлы деген ел басқарған ақалақшы (мансап аты), күйші болғанын, ол кісіден қалған күйлердің Мәлік күйшіге Тергеусіздің бел балалары Ыбырай, Дәуіт арқылы жеткенін білдік. Мәлік ақсақалдың айтуы бойынша Тергеусіздің Қуанышбай деген кенже баласы да ғаламат күйші болыпты. Әшім күйші Іле облысының орталығы Құлжа қаласында «Қазақ-қырғыз мәдени ұйымында» өнер көрсетіп жүрген кезінде, Қуанышбай Әшіммен рухани қарым-қатынаста болғаны айтылады. Қуанышбай Тергеусізұлы 1980 жылы магнитофонның кассетасына өз қолымен шертіп жаздырған күйлері Тергеусіздің немересі Сатыбалды Ыбырайұлының қолында сақталған екен. Бұл үнтаспаны көшіріп алдым. Барлық күйлерді атын атап шертіпті. Жазылған ескі күйлердің арасында «Абайдың ақтолқыны» деген күй де шертіліпті. Одан басқа «Кенесары-Наурызбай» атты ескі халық күйі, әйгілі ақын Әсет Найманбайұлының «Ән күйі», «Кертолғау» күйлері және Қызылмойын Қуандықтың күйі деп тартылатын екі күй, Тергеусіздің «Нүсіпақынға арнау», «Кеңес» қатарлы жиыны 8 күй жазылыпты. Бұл фоножазба көшірмесі менің жеке архивімде сақтаулы тұр.

Ардаби, әңгіме басында «Абайдың ақтолқыны» күйінің болғаны туралы деректі жеткізген күйшілер Іленің шығысы Күнес ауданында өмір сүрген Әшім күйшінің шәкірттері екенін айттыңыз. Ал күйдің өзін шертіп, үнтаспасын қалдырған Іленің батысы Қорғас ауданында өмір сүрген Қуанышбайдың өзі де, әкесі Тергеусіз күйші де заманында әйгілі Әшім күйшілермен тығыз рухани қарым-қатынаста болғаны туралы біраз деректерде айтылады. Абайдың осы уақытқа дейін бізге жеткен «Май түні», «Майда қоңыр», «Торы жорға», «Абайдың желдірмесі» қатарлы төрт күйі бар. Білгіміз келгені «Абайдың ақтолқыны» осы күйлермен ұқсастығы, авторлық стилі қандай?

- Енді осы «Абайдың ақтолқыны» деген күймен, осыған дейін табылған Абайдың басқа күйлерінде әуендік немесе құрылымдық жақтан қандай да бір ұқсастық, жақындық бар ма деген оймен ақынның күйлерін бір-бірлеп тыңдап шығып, салыстырған пікірімізді оқырмандарыңызға айтып өтейін.

Абайдың «Май түні» күйін тыңдап отырғанда, орта буында астыңғы ішекте «e-ре», үстіңгі ішекте «В-си бемоль» дыбыстарынан әндете басталатын әуен, бірден кіші сағадағы «a1-ля+g1-соль» дыбыстарына көтеріліп қайтадан орта буынға және бас буынға барып шалқып қайтып отырады. Бұндай қоңырлатып бастап, бірден жоғары дыбысқа әуендік секірулер жасау көбінесе әнге тән, Абай әндеріне тән ерекшелік. Күйде әуен бір қалыпты жүріп келе жатып, арасында ырғақтық өзгеріс жасап, кідіріп секіртпе ырғыққа ауысып, қайтадан бастапқы жүрісіне келеді және күй аяқталар кездегі қайырма буындарда қайтадан секіртпе ырғақтар арқылы, үстіңгі ішекте «g-соль» дыбысынан «fis-фадиез» дыбысына жарты тондық лига арқылы ауытқу жасап, құлаққа бейне бір аккордық дыбыс қатарын елестетеді. Мұндай тәсіл көбінесе әннің басталуы немесе аяқталуы кезінде қолданылады. Сондықтан ұлы Абайдың әншілік әлеміндегі кең тынысты, нәзіктікке толы интонациялық ерекшеліктері осы күйлерінде анық көрініп тұр. Біздің қолымызға түскен «Абайдың ақтолқыны» атты күйде, орта буын «d/g – ре-соль» дыбысынан салмақты, ойлы басталады. Жалпы бұл күйде ойшылдың басқа күйлеріне қарағанда мазмұнындағы зар мен мұңның, өкініштің бейнеленуі дыбыстық және оң қолдағы салмақтап шертілетін қағыс ерекшелігінен байқалады. Ырғақтық және дыбыстық жағынан «Абайдың ақтолқыны» күйі «Майда қоңыр» күйіне жақындығы бар. Мысалы, «Абайдың ақтолқыны» атты күйде негізгі бастапқы әуен орта буында астыңғы ішек «е-ми» дыбысынан басталып «d-с-h – ре-до-си» дыбыс қатарымен үстіңгі ішектегі «a-g – ля-соль» дыбыстарының қабысуымен орындалатын сөйлем, «Майда қоңыр» күйінде де кездеседі. Екі күйдегі сөйлемнің әуендік, дыбыстық жақындығын ноталық таңбалануынан байқауға болады. 

«Абайдың ақтолқыны» атты күйдің, өз заманында ел билей жүріп соңына осындай мол мұра қалдырған күйші Тергеусіз Бәлекейұлы арқылы баласы Қуанышбайға көшіп, одан бізге жеткендігін әңгімеміз барысында айттық. Енді осы Тергеусіз Бәлекейұлы жайында қысқаша тоқтала кетсеңіз.

- Тергеусіз Бәлекейұлы 1886 жылы ҚХР Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданы Іле Қазақ автономиялы облысы Текес ауданының Қарағанты деген жерінде дүниеге келген. Тергеусіз дүниеге келгеннен кейін көп ұзамай рулы ел, Өр Текестен Қорғастың Сарыбұлақ ауылына қоныс тебеді. Әкесі Бәлекей аздап домбырашы, әрі өрімші кісі болған. Тергеусіз қызай ішінде Меңіс – Тілеуберді – Жанғабыл – Торғай – Көрпеш руынан тараған. Тергеусіз домбыраны алғаш 7 жасында нағашысы домбырашы әрі ақын Нұрыбектен үйренеді. 13 жасқа келгенде халық күйлерінің басын қайрып тартқан. Ақылына таланты сай Тергеусізді, елдің игі-жақсылары жастайынан ел басқару ісіне баулиды. Ол 1928 жылдан 1933 жылға дейін зәңгі (мансап аты: жүз түтінді басқарады ), 1933 жылдан 1947 жылға дейін ақалақшы (мансап аты: мың түтінді басқарады) болып халықтың саяси өміріне белсене араласады. Өзі басқарған Бессарбұлақ, Ақсу, Бесағаш, Ноғайты, Ойманбұлақ қатарлы жерлердегі халық арасындағы қайшылықтарға әділ төрелік етіп отырған.

Тергеусіз 1947 жылдың аяғында өз ауылы Сарыбұлақта бақилық болған. Тергеусіздің артында «Нүсіпақынға арнау», «Өрелі кер», «Ерулік кеңес», «Кеңес», «Бурылшаның күйі», «Теріс қақпай І, ІІ», «Арнау», «Өр Текес», «Арман-ай», «Көкқамыр», «Жылжып өткен дүние», «Қос төбе» қатарлы артында 20-дан астам күй қалды. Тергеусіздің күйлері жайында бұдан бұрын Шалқар ұлттық радиосынан, белгілі күйші, радио-журналист Сәрсенғали Жүзбайдың «Күй шашу» бағдарламасы арқылы қазақ еліндегі өнер сүйер, күй сүйер ағайынға насихатын жасаған болатынбыз.

Абайдың күйлері шекараның арғы жағындағы елге қалай баруы мүмкін деген сұраққа да бірнеше рет зерттеу жүргізіп барған соң, ойға түйгендеріңмен, естіп-көргендерің бойынша теориялық жауап тапқан боларсың? 

- ХІХ ғасыр мен ХІХ ғасырдың бас кезінде Шыңжаң қазақтарының білімі мен ағарту ісі, өнері мен әлеуметтік-саяси жақтарында қызмет еткен қайраткерлердің барлығы дерлік қазақ даласындағы ұлт зиялыларымен тығыз қарым-қатынаста болғаны баршаңызға мәлім. Мысалы, сонау 1920 жылдары Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов және Райымжан Марсековтардың Тарбағатайдың Бақты шекарасынан өтіп, Жайырдағы елге баруы, сондай-ақ Іленің арғы жақ бойында туып өскен әйгілі ақын, композитор Таңжарық Жолдыұлы да ХХ ғасырдың басында Жетісу жерінде болып, қазақ даласындағы ұлттық идеямен сусындап еліне қайтып барған соң, ондағы қазақ руханиятына өлшеусіз еңбек етуі, қазақ ән өнерінің классигі Әсет Найманбайұлының арғы беттегі (Шыңжаң жеріндегі) қазақтың арасына барып, қазақ даласындағы ән-күй өнерінің ол жаққа кеңінен насихатталуына үлкен жол ашуы және Әсет ақынның осы «Абайдың ақтолқыны» атты күйді жеткізген Қуанышбайдың әкесі Тергеусіз күйшімен, Мешпет ақынмен Іленің бойында игі істердің басында дәмдес-тұздас болуы қатарлы мәдени-рухани сабақтастықтың болғаны тарихи деректерде бар. Абай мұрасының Шыңжаң жеріндегі ағайынға таралуына себеп болған шығар деп топшылайтын құнды мәліметтердің бірі, жастайынан Абай мен әкесі Шәкәрімнен тәлім-тәрбие алған Құнанбай ұрпақтарының ішінен Зият Шәкәрімұлының қуғын-сүргін жылдары, яғни 1931-1935 жылдар аралығында Шыңжаңдағы қазақтар арасына барып мәдени, оқу-ағарту ісімен шұғылданып, ол жақтағы қазақ жастарын ғылым мен білімге үндеу мақсатына «Шал мен баланың айтысы» және «Қарагөз», «Шұға», «Қалқаман мен Мамыр», «Жалбыр» т.б. пьесаларды сахнаға шығарып, Абай мен Шәкәрім шығармаларын халық арасына кеңінен насихаттауы туралы дерек. Міне, осындай тарихи-рухани тұтастықты негіз еткен ұлт зиялыларының жанкешті өнерінің арқасында Абай мұралары екі жақтағы қазаққа кеңінен таралған болуы мүмкін деген ой туады. 

Ұлы ойшыл, данышпан Абайдың музыкалық мұрасы туралы қазақтың музыкатану ғылымының негізін салған академик Ахмет Жұбановтан бастап, Б.Г. Ерзакович, А.В. Затаевич т.б. өнертанушы ғалымдардың аса құнды ғылыми пікірлерін білеміз. Абайдың шығарған әуендерінің ерекше рух пен жігер беретіндігі туралы ертеректе, Совет Одағы тұсында шетелге шыққан белгілі азаматтардың айтқаны бар. Шетелдіктер Гимндеріңіз қандай дегенде Абайдың әнін шырқайтынбыз. Олар үлкен ықыласпен тыңдап, қол соғып - әлемдік деңгейдегі классикалық дүние дейтін дегенді талай естідік.

- Қазақ музыкасын шынайы жанашырлықпен зерттеген Б.Г. Ерзаковичтің өзі Абайдың ән-күй мұрасын толығырақ жинап, зерттеу үшін әлі де экспедициялар ұйымдастыру керектігін баса айтқан. Бұған дейін жарық көрген Абайдың күйлерін жеткізген күйшілердің ауыл арасында, бір-екі әуеннің басын қосып күй тарттық деп жүрген жай адамдар емес екені анық. Мысалы, Абайдың «Майда қоңыр» күйін жеткізген Жүнісбай Стамбаев сонау Хан Абылай заманындағы Байжігіт мұраларын дерлік бізге жеткізген Таласбек Әсемқұлов сияқты дәулескер күйшінің жүрегіне күй дарытқан, М. Мағауин т.б. өнер зерттеушілеріміз бен тарихшыларымыздың назарына іліккен заңғар күйші болғандығын барша жұрт біледі. Сол сияқты жоғарыда айтқанымдай Абайдың «Май түні», «Торы жорға» күйлерін Ғ. Сармурзиннің орындауында жазып алып, зерттеп-зерделеп жеткізген У. Бекенов те қазақтың күй өнеріне бір кісідей төрелік айтқан күйші-зерттеуші екені бәрімізге аян. Бұл күйлер де сол арнайы ел ішінен іздеу-жинау жұмыстары кезінде табылған олжалар. Абайдың заманында үш ішекті домбыра ұстағаны туралы ақынның көзін көрген көнекөздердің тәлімін алған шежіре ақсақал Шәкір Әбеновтың де айтқан деректері бар екені баршаға белгілі. Ал Қуанышбай Тергеусізұлы арқылы біздің қолымызға түскен «Абайдың ақтолқыны» деген атпен жеткен бұл күйді мың ойланып, сан толғана отырып, зердесі биік өнер зерттеушілерімен қазақ руханиятының жанашырларының назарына ілініп, өз бағасын алса екен, мүмкін болашақ жастардың Абай күйлерін тиянақты ден қоя зерттеуіне осы дүниелердің аз да болса септігі тиер деген үмітпен ұсынып отырмыз. Күллі адамзат бас иген ұлы ақынның ұшан-теңіз рухани әлемі, қазақтай халқы барда әлі жалғасты зерттеле беретіні сөзсіз. 

Ардаби сен тәуелсіздіктен кейін елге оралып, білім алып, өз саласы бойынша жұмыс жасап жүрген талантты жастардың бірісің. Оны өнер мен руханиятта атқарып жүрген қызметтеріңнен көріп отырамыз. Жалпы өзіңнің туған жерің, өскен ортаң туралы айта отырсаң? Қазақстанға қай жылы келдің?

- Мен 1984 жылы ҚХР-дың Шыңжаң өлкесі Іле Қазақ автономиялы облысының Қорғас ауданы Мұқыр ауылында дүниеге келіппін. Мен таза қазақы ортада өстім. Ауылымызда қазақтан басқа ұлт көрмейтінсің, тек қазақ қана болатын. Мен өскен ауыл малшаруашылығын негіз еткен, егін салу дегенді мүлдем білмейтін. Қазір айтсам Ардаби ХІХ ғасырда өмір сүрген ба? деуіңіз мүмкін, бала күнімізден нағыз көшпенді тұрмысты көріп өстік қой шіркін. Қыс-қыстау, жаз жайлауда сахараның көшпенді өмірі қайнап жатушы еді. Біздің отырған жеріміз негізінен Іле дариясына жақын, қамысты, қоғалы мал қыстатуға қолайлы болды. Көктем шығысымен елмен бірге біздің үйде жайлауға көшетін. Көшкенде қазіргіндей машинамен емес, байырғы көшпенді салттың жұрнағымен өгіз-атпен, түйемен көшетін. Ол көштің сән-салтанаты бөлек еді ғой. Әлі есімде небір жорға-жүйрік ат, қыран бүркіт, қаршыға, құмай тазылар біздің көштің көркі болатын. Мен сондай ортада бала жасымнан тай-тайыншаға мініп, жүк артқан өгіз, атты жетектеп асу бермес асқар таулармен бой таластыра көштің ортасында жүретінмін. Атты кісі азер жүретін небір құласын қия жолдарда жүретінбіз, тау жолында жүк артқан талай көлік (ат, өгіз) құлап сай табанына түскенше жүк бір жақта, өздері бір жақта шашлып қалғанын көзіммен көрдім ғой. Сонда, шешелеріміз не деген мықты еді деймін, бір не екі қонып әзер баратын қиын тау жолында, аттың үстінде алды-арттарына бала мінгестіріп, көлік жетектеп, бір қыңқ етіп қоймайды ғой жарықтықтар. Баяғы қазақтың батыр қыздары қайдан шыққан, осындай киелі ортада аттың жалы, түйенің қомында тәрбиеленіп өскен ғой, Мен мұны неге айтып отырмын, қазақтың сахарадағы көш мәдениеті шынтуайтында тұнып тұрған ғылым ғой. Отырған жұрттан бастап, көштің басы-қасында атқарылатын ырым-жырымға дейін бәріде ғажайып дүниелер. Мен кейде ойлаймын, қазақтың этнографиясын зерттеп жүрген жастар сол елге арнайы барып, жұрнағы болса да қалған, қазақтың нағыз көшпенді мәдениетін көзбен көріп ізденсе, өте бір нәтижелі ғылым жаратар ма деп. Менің осы көшпенді тұрмыстың нағыз ортасында өскендігімнен болар, азды-көпті өнерді түсініп, қазақы ойлауымның қалыптасуы осы қасиеттерден деп ойлаймын. Осы 2000 жылдардың басына дейін біздің үйдің босағасынан екі-үштен бүркіт, жүйрік тазылар үзілмей келді (Ол туралы ескі естелік фотоларда бар). Біздің әулетте құсбегілік өнермен қоса күйшілік өнер арғы аталарымыздан жалғасыпты. Ұлы әкеміз Яқұп ел көлемінде айтулы күйші, қанжығасы кеппеген аңшы, бүркітші болыпты. Ол туралы, елде атамызды көре қалған көнекөз қариялар майын тамызып қазірге дейін айтып отырады. Ал әкеме атамыздың құсбегілі де, домбырашылығы да қонды. Бірақ атамыз айтқан екен, домбырашылық өнер үшінші немесе бесінші не болмаса жетінші ұрпаққа шынайы дариды деп. Әкем мен қолыма домбыра ұстап күй тартқан соң өзі аздап тартатын күйлерін қойып кетті. Сонда кейде сұраймын ғой, Сіз бір-екі жақсы күйлер тартушы едіңіз ғой, соңғы кезде неге тартпайтын болдыңыз дегенімде, жаңағы атамыз айтқан сөзді айтып, сен атаңа үшінші ұрпақсың саған домбыра қонды, мен енді тартпасамда болады деп отырады. Анам Райхан Әзізқызы қолөнерге өте шебер болды. Қазақтың аққалпағын қозы жүнінен басып, жасайтын ауылдағы бірден-бір әйел менің шешем болатын, есіктің алдына өрнек құрып алып атқа жабатын аткежім тоқитын, ши тоқитын өте ісмер болды.

Ауылымызда Тойбазардың Әтәні, Есіркесін деген күйшілер болды. Домбыраны ғаламат тартатын. Мен бастауыш 4 сынып оқып жүрген кезімнен бастап осы күйшілердің өнеріне қанық болдым. Сол өңірдің күйлерімен қоса Тәттімбет, Сүгірлердің күйлерін тартқанда сай сүйегіңді сырқырататын еді жарықтықтар. Кейін бастауыштың 5 сыныбынан бастап домбыра үйрену үшін, өз ауылымнан көрші ауылға оқуымды ауыстырып, Шыңжаң жеріне танымал компзитор Мәлік Шипанұлының баласы Асқар Мәлікұлынан алғашқы домбыра сабағын алдым. Одан кейін сол елге танымал күйші Ұран Ақатайұлы мен әйгілі Әшім күйшінің төл шәкірті Камал Мақайұлына шәкірт болып күйшілікті әжептәуір меңгердім. Осындай қазақы орта мен өнер иелері менің өнерге келуіме үлкен әсер етті деп ойлаймын. 

Сенімен бір уақытта Қазақстанға келген ағайын, әсіресе ендігі атажұртқа оралатын жастар жағы біле жүрсін. Өзіңнің осы тәуелсіз елде білім алып, шеттен келген ағайындардың ішінде тұңғыш рет өнертану саласындағы ғылым докторы дәрежесіне жеткенің жайлы ашып айта кетсең? Сен атажұртқа оралмай әлі де сол шет елде жүрсең мүмкін саған осы бақыт бұйырмас па еді?

- Шыны керек, ең әуелі Алла, одан соң осы қастерлі тәуелсіздіктің арқасында елге оралдық қой. Өз басым жас жасап, жасамыс тартып отырмасамда осы тәуелсіздіктің қасиетін қатты бағалаймын және маңайымдағы елге келген замандастарыма ылғи дәрптеп келем. 2004 жылы елге келген соң, 2005 жылы П.И.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледіжіне оқуға түсіп, ары қарай университет, магистратура, докторантураны арасын үзбей 13 жыл оқып білім алып, 2018 жылдың аяғы ғылым докторы атағына қол жеткіздім. Арғы беттегі қазақтар арасында өнертану саласында докторлық немесе кандидаттық ғылыми дәреже қорғаған адам маған дейін болмапты. Сондай-ақ Шыңжаң қазақтарының күй өнері туралы да бұдан бұрын кандидаттық не докторлық жұмыстар жазылмапты. Алла қолдап, тәуелсіз елде алған білімнің арқасында осы екі жақсылық та маған бұйырды. Туған жерімдегі қазақтың күй өнерін шамам келгенше жинап елге әкелсем, сайда саны құмда ізі жоқ болып құрымай тұрғанда өнердің үлкен ошағы қазақ елінің рухани қорына қоссам екен деген бала күнімнен бергі арманым орындалды. Аллаға тәубе деймін. Қазақтың күй тарихында бұрын соңды болмаған еңбек «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» антологиясын құрастырушылардың жұмыс тобында болып, өнерге жанашыр ағаларымыздың арқасында Шыңжаң жеріне арнайы экспедиция жасап, бұрын бізге беймәлім болып келген 100 тарта тарихи күйлердің сол антологияға енуіне тікелей жұмыс істедім. Бұлда мен үшін үлкен бақыт, манағы арманымның орындалған бір сәті десем болады. Міне осы азды-көпті жасалған еңбектің бәрі қазақтың бағына берген тәуелсіздіктің арқасы ғой. Салт бас, сабау қамшы келіп едік атажұртқа, бүгін міне білім алдық, өз алдымызға шаңырақ көтеріп тәуелсіз елдің ұрпақтарын тәрбиелеп жатырмыз. Бұдан артық қандай бақыт керек айтыңызшы. Құдай қазақты осы бақытынан айырмасын. Елге оралған ағайынның қай-қайсысы да тәуелсіздіктің қадірін біліп, елдігімізге қызмет етеді деп сенем. 

Шеттегі ағайындарда сақталған ұлттық рухани мұралардың елге әкелуіне жас болсаң да біраз еңбек еттің. Сондай-ақ, ол дүниелердің ғылымға айналып алтын қорда сақалуына, жас ұрпақтың еншісіне қалуына жұмыстар жасап келесің. Осы жұмыстарды атқару барысында осы біздің руханиятқа жанашыр, көмегін берген ағаларымыз болды ғой? Сол туралы айта кетсең?

- Менің өнер жолымда кездескен жақсы адамдар көп болды. Ұстаздарым болсын, азды-көпті атқарып жатқан жұмыстарымды бағалап қолдау көрсеткендер болсын бәріде қолдап келеді. Ұстаз ағаларым қазақтың дәулескері күйшілері Таласбек Әсемқұлов, Жанғали Жүзбаев, Мұрат Әбуғазы т.б. аға-апаларымыздың көрсеткен қамқорлығы зор болды. Сондай-ақ, университет қабырғасында жұмыс жасап жүргенде белгілі ғалым, күйші-зерттеуші, мархұм Базаралы Мүптекеев ағамызбен де дәмдес-тұздас болып, ғылыми жұмыстар жағынан көптеген білім алдым. Далалық экспедиция жұмыстарында ол кісінің тәжірибесі мол еді, сол жағынан да көп нәрсе үйретті жарықтық. Сонымен бірге Мемлекет және қоғам қайраткері, ел ағасы Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың да шарапатын көп көрдім. Әсіресе ел арасындағы рухани мұраларды жинау бойынша көп қолдау көрсетті. Махат Аға Өзіңіз білесіз, мен 2013-2015 жылдар аралығында Сіздің қарамағыңызда Қазақ радиосында редактор-жүргізуші болып жұмыс істеп жүргенімде, Мырзатай ағамыз Сізге арнайы хабарласып ұсынысын айтып, «Ұлт мұрасы» деген бағдарлама жүргізуіме тікелей ықпал етті ғой. Онымен қоса Мырзатай ағамыз, сол кезде корпорацияның төрайымы Н.Ж. Мұхамеджановаға қолымнан жетектеп апарып, екі мәрте қытайдағы қазақтарға экспедиция жасауыма жол ашып бергенін Сіз жақсы білесіз. Сол Мырзатай ағамыздың арқасында қытайдағы қазақтарда сақталған көптеген рухани дүнеиелерді елге әкелдік қой. Сол дүниелердің ішінен қаншама күйді қазақ радиосының эфирінен бағдарламалар арқылы халыққа ұсындық. Сізде өз тарапыңыздан әрдайым қолдап отырдыңыз. Міне Мырзатай ағамыз маған ғана емес, қазақтың өнеріне осылай қамқорлық көрсеткенін Сізде жақсы білесіз. Сондай-ақ, алаштың арқалы ақыны Н. Айтұлы, Б. Әшімбекұлы т.б. өнерімді бағалап үнемі қолдау көрсетіп жүретін асыл ағаларыма да зор алғысымды айтамын. 

Қазіргі нақты жұмыс орның және ондағы осы рухани салаға қандай қызмет жасап жатырсың? Алдағы шығармашылық, ізденіс жоспарларың қалай?

- 2016 жылдан бастап ҚР Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ҒЗИ-ында қызмет атқарып келемін. Бұл институтқа келгелі де өз салам бойынша жақсы нәтижелі жұмыстар істеп келемін. Жыл сайын институттың және Ұлттық музей басшыларының тікелей қолдауымен Қазақстанның облыстарына арнайы музыкалық-этнографиялық экспедицияларға шығып рухани мұраның әр түрінің қазіргі көзі тірі ұстанушыларының қолынан қыруар дүниелер жазып алудамыз. Бұл дүниелер келешек ұрпаққа, біздің бабаларымыз осындай дүниелер қалдырған болатын деп ұялмай көрсете алатын құнды мұралар болмақ. Қазіргі таңда еліміздің әр даласында өз бетімен рухани мұраны сақтаушы өнерпаздарды тек жазып, хаттап қана сақтап қаламыз. Сондықтан болашақта да осы жұмыстарды барынша атқара беруіміз керек деп ойлаймын. Дәл қазіргі уақытта алыс-жақын шетелдегі қандастарымыздың да жай-күйі, олардағы сақталған ұлттық құндылықтардың жағдайы тым күңгірт екенін жақсы білесіз. Алдағы уақытта осы мәселені минитрлік тіпті үкіметтік деңгейде ерекше назарға алмасақ, шеттегі ағайындарда сақталған қыруар құндылықтарымыздан айырылумыз әбден мүмкін. Болашақта шамам келсе осы жұмыстарға да атсалыссам деймін.

Табысты бол, Ардаби бауырым.

ҚазАқпарат