18 шіл, 2019 сағат 12:47

#Аbai175: Қандай шаралар өткізілетіні айқындалды

Әр қазақ «Абай сөзінен тағылым алдым ба?» деп ойлануы керек. Бұндай пікірді Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтті. Бұл жиын барысында алдағы мерейтойдың жай-жапсары, атқарылатын істің ауқымы айқындалды. Атқарылатын шаралардың сыртында, ең үлкен жұмыс біздің өзіміздің ішімізде, жүрегімізде жасалуы керек деп санаймын. Әр қазақ «Абай атамыздың айтқанын тыңдадым ба? Кемеңгердің сөзінен тағылым алдым ба? Қазір қандаймыз, Абай күткен халықпыз ба? Абайдың аманатын ақтадық па?» деген тұрғыда ойланып, толғанса, ең үлкен олжа сол балады. Біздің халқымыз Абай өлеңдерін тек жаттаумен тынбай, ішкі түлеуге көп көңіл бөлсе дейміз», - деп тоқталды Сауытбек Абдрахманов.

Сонымен қатар, депутат Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай ақын өлеңдерін оқу эстафетасына қатысты өз ойын айтты.

«Халықтың осы мәселеде ерекше сілкіністе тұрғандығы #Abai175 челленджінен жақсы көрініп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап халықтың белгілі тұлғалары, қарапайым азаматтар Абай өлеңдерін жаттап, бір-біріне жалғастырып жатқаны бір ғанибет», - деді С.Абдрахманов.

Айта кетейік, бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен 2020 жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жылдық мерейтойын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтті.

Жиын барысында халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейдегі 500-ге жуық түрлі шара қамтылған Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына дайындалу мен өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспардың жобасы қаралды.