Мешіттерде садақа салуға арналған электронды терминалдың орнатылуы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ашықтықты қолдайтынын дәлелдейді.
«Ашық диалог» бағдарламасында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев осылай деді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бұл - өте маңызды жұмыс. Бұл бастаманың өзін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастап отырғаны ерекше қуантады. Бұл дегеніңіз – діни басқармамыздың ашықтықты, есеп беруді қолдап отырғанын дәлелдейді. Сол себепті, терминалдарды орнатып, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу – бүкіл ел бойынша қолға алынады», - деді Дәурен Абаев.
Министр бұл бағыттағы келесі қадам – мобильді құрылғы, банк карталары арқылы құрбан шалу бастамасы болатынын атап өтті.
«Ол не береді? Ол ең алдымен азаматтарға аударған қаражаттың мұқтаж адамдарға анық таратылатынына көздерін жеткізіп, сенім ұялатады. Ол қаражат мешіт жұмысын қолдауға, жастарды медреселерде оқытуға, көптеген игі іске жұмсалады. Құрбан шалу – сенімге келіп тіреледі. Шалған құрбаны тиісті жеріне баратынына күмән келтіретін азаматтар бар. Қазір ондай күдікшіл адамдардың саны азаяры анық», - деді ол.
Еске сала кетсек, күні кеше елордадағы «Әлжан ана» мешітінде садақа салуға арналған электронды терминал іске қосылған болатын.