18 қар, 2016 сағат 14:29

Абаев өңірлік журналистер альянсын құру бастамасын қолдады

Елордада өтіп жатқан Өңірлік БАҚ форумы барысында ұсылған өңірлік журналистер альянсын құру бастамасына еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қолдау білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Дәурен Әскербекұлы, өзіңіз атап өткендей, Қазақстанның медиа-нарығының 70 пайызын өңірлік БАҚ  құрайды. Бүгінгі таңда Қазақстанның медиа-нарығында Ұлттық телерадио хабарларын таратушылар қауымдастығы сынды көптеген қоғамдық БАҚ ұйымдары бар. Бірақ олардың бағыттары өте тар, бірде-бір өңірлік БАҚ-ты қамтымайды. Яғни, оларды қорғамайды, мүдделерін ілгерілетпейді. Осыған орай менде мынадай ұсыныс бар. Сіз өңірлік БАҚ-тың мүддесін қорғайтын жаңа альянс құру идеясына қалай қарайсыз?», - деп сұрады «Алматы» телеарнасының бас директоры Әлібек Әлденей Ақпарат және коммуникациялар министрінен.

Өз кезегінде министр бұл бастамаға толықтай қолдау білдірді. «Иә, мұндай альянс керек деп ойлаймын. Өңірлік журналистер альянсын құру ұсынысын толықтай қолдауға болады. Бұған қоса, шынымен де мемлекеттік тапсырыс аясында әзірленетін контенттермен алмасатын уақыт жетті. Біз бұл контенттерді өңірлерге беруге дайынбыз. Бұл әсіресе өңірлік телеарналар үшін барынша маңызды болар еді», -  деді Абаев.