18 қар, 2016 сағат 11:27

Абаев өңірлік медиа ұдайы көтеретін өзекті мәселелерді атады

Өңірлік медиа журналистика саласына сапалы кадр даярлайтын орталық ретінде қызмет етуде. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан Өңірлік БАҚ форумында еліміздің Ақпарат және коммуникациялр министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

«Ақпараттық саланы айрықша назарда ұстау кез келген мемлекеттің көкейтесті мәселесі екендігі белгілі. Бұл тұрғыдағы маңызды міндеттердің бірі отандық бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту десек, соның ішіндегі ауқымды бағыт аймақтық медиа. Осы орайда Ақпарат және коммуникацилар министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірлік масс-медианы жаңа деңгейге көтеру шараларын қолға алады», - деді ол.

Министрдің атап өтуінше, бүгінгі күнгі форум осы мәселелерді өңірлік журналистермен бірге талқылап, өзара пікір мен тәжірибе алмасудың тамаша мүмкіндігі болмақ.

«Жалпы, мемлекеттің ақпараттық саясатын жүзеге асыруда аймақтық медиа үлкен рөл атқаратындығы бәріңізге аян. Бұқараның өзекті проблемаларын қашанда жергілікті баспасөз бен телеарналар бірінші болып көтеретіндігін атап айтқым келеді. Елбасы саясатын насихаттай отырып бірлік пен тұрақтылықты нығайту, ұлттық мүддені қорғау өңірлік медиа ұдайы көтеретін алтын арқаулы мәселелер. Оған қоса, олар журналистка саласына сапалы кадр даярлау орталықтары ретінде де қызмет етіп отыр», - деді Абаев.

Айт кетейік, шараға Парламент депутаттары, Президент әкімшілігінің өкілдері, республикалық және өңірлік БАҚ басшылары, журналистері, орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, Ресейдің танымал тележурналистері қатысуда. Үш сессиямен өтетін форум барысында қазақстандық журналистер мен қоғамды алаңдататын өзекті мәселелер талқылануда.