01 шіл, 2024 сағат 16:26

86 млн теңге тартқан: Qnet қаржы пирамидасы құрылымдық бөлімшесінің басшысы сотталды

Сурет: ашық дереккөз

Қостанай қаласының №2 сотында Qnet қаржы (инвестициялық) пирамидасының құрылымдық бөлімшесіне басшылық етті деп айыпталуышының ісі қаралды – оған сот 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қалалық сотқа сілтеме жасап.

Сот жариялаған ақпарат бойынша, Қостанай қаласының №2 сотында ҚК-нің 217-бабы 3-бөлімі 2) тармақшасы бойынша "Qnet" қаржы (инвестициялық) пирамидасының құрылымдық бөлімшесіне басшылық еткені үшін, атап айтқанда Қостанай облысының аумағында жеке тұлғалардың ақшасын тартудан түскен қаражатты, осы активтерді қайта бөлу жолымен қабылданған міндеттемелерді қамтамасыз ететін кәсіпкерлік қызметке тартылған қаражатты пайдаланбай жеке тұлғалардың ақшасын ерекше ірі мөлшерде тарта отырып, басқалардың жарналары есебінен кейбір қатысушыларды байыту арқылы қабылданған міндеттемелерді қамтамасыз ету бойынша іске жетекшілік жасау бойынша іс қаралды.

"2017 жылдың тамызы мен 2022 жылдың қыркүйегі аралығында Қостанай облысының аумағында бүкіл әлем бойынша түрлі өнімдермен интернет-саудамен айналысатын QNet халықаралық компаниясының тәуелсіз өкілі болып тіркеліп, қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарды, оны жарнамалауға бағытталған іс-қимылдарды үйлестірді, азаматтарды қаржы пирамидасына қатысуға алдамшы жолмен тартып, оларға екінші деңгейдегі банктерден несие алуға көмек береді", - делінген хабарламада.


Сотта оның QNet компаниясына жалпы сомасы 86 млн теңгеден асатын 94 азаматтың жинақтарын тартқаны мәлім болды.

Сотта сотталушы И. кінәсін мойындамады және оны ақтауды өтінді.

Сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ.

"Сотталушының жеке басын, ұзақ уақыт бойы жасалған және өзі өтемеген 94 жәбірленушіге материалдық залал келтірген іс-әрекеттің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, сот И.-ға қаржы, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда 5 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындады", - делінген сот хабарламасында.


Үкім заңды күшіне енген жоқ.