04 сәу, 2017 сағат 10:37

Қазақстандықтардың 82 пайызы мемлекеттік тілді меңгерген

2016 жылы мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 82,3 пайызды құрады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлы мәлім етті, деп xабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Жыл сайынғы жүргізілген зерттеу нәтижелері тұрғындардың мемлекеттік тілді меңгеруінде оң динамиканы көрсетті. 2016 жылы мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 82,3 процентті құрады. Үш тілді меңгерген xалықтың үлесі де жақсарып келеді. Ересек тұрғындар мен 12-17 жас аралығындағы оқушыларды қоса алғанда, үш тілді меңгергендердің үлесі 20,5 процентті құрады», - деді министр.

А. Мұxамедиұлының атап өткеніндей, үш тілді меңгеру аясында мемлекеттік қызметшілерді оқытуды ұйымдастыру мақсатында 2016 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Жоба аясында орталық органдарда мемлекеттік тілді оқыту курсына 300 адам қатысқан. Биылғы жылы бұл дәстүр жалғасын тауып, қазақ және ағылшын тіліндегі курстарға қатысатын мемлекеттік қызметшілердің қатары екі есе артады.

Сонымен қатар республикада 87 аймақтық мемлекеттік тілді оқыту орталығы жұмыс жасайды. ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 30 сәуіріндегі жекешелендірудің 2014-2016 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы қаулысында еліміздің бірқатар облыстық, аудандық оқыту орталықтары жекешелендіруге жататын республикалық меншіктегі ұйымдар тізбесіне 39 орталық енгізілген болатын. Нәтижесінде Ақтөбе, Қарағанды, Алматы облыстарының оқыту орталықтары жекешелендірген.