Фото: bilim-all.kz
Абайдың әйелдері Ділда мен Әйгерімнен сүйген жеті ұл мен үш қыз балаға әке атанған кезі еді. Қырық жастың қырқасынан асқанында бозбала шағына елжірей тұрып та, өткенін сағынудан аулақ. «Көкірек зор, уайым жоқ, бар ойы өлең айтып, ән салған, біреуді қалжың қылып, қызды ауылға үйір» кезеңге қайта айналғысы жоқ: «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық, Қартаймастай көрмелік, ойланалық... Қалжыңдасып өткізген қайран дәурен, Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық». Хакім, сондай-ақ «Қызды сүйсең, бірді-ақ сүй таңдап тауып» деп, «лапылдақ көрсеқызар» мінезден жирентіп, шынайы сезімді өнеге тұтады. Адал махаббат болса ғана отбасы «гүлбақшаға» айналады.МАХАББАТ «ГҮЛБАҚШАСЫ»
Өлеңмен өрілген «Евгений Онегин» романын Абайдың оқи бастағанына бірнеше күн болды. Кітапты қолына алған сайын аялап ұстап, өзгеше қастер тұтады. Оқып болған соң, тағы да солай әспеттейді. Мұқабасын алақанымен бір сипап барып қана орнына қояды. Кеудесіне сыймай бұлқынған жүрегі Пушкиннің махаббат жырынан «тоят» табатындай. Бүгін де ақынның ұнатқан кітабын ашқанына біраз уақыт болды. «Как рано он мог лицемерить, Таит надежду, ревновать, - деп, шығарманың әрбір сөзіне шұқшия үңіліп, астарына ой жүгіртеді. - Разуверять, заставит верить, Казатся мрачным, изнывать, Являться гордым и послушным, Внимательным иль равнодушным!..».
Хакім роман кейіпкерінің «жеті қырлы» мінезіне қалың ой үстінде қайран қалады. Мұндайлар сырт адамға «бойы бұлғаң, сөзі жылмаң, ойында да, бойында да бір міні жоқ» секілді көрінер еді. Дегенмен, мына Онегин осал жігіт болмады: «Жасынан түсін билеп, сыр бермеген, Дәмеленсе, күндесе білдірмеген...» - деп, ақын қаламы жорғалай жөнеледі. Шынында да нәті бөлек, ерекше жан. Түсінен еш күмән туғызбай, бірден іші-бауырыңа кіріп, билеп-төстеп алады: «... Нанасың не айтса да, амалың жоқ, Түсінде бір кәдік жоқ алдар деген...». Кейде көнгіш, кейде елеусіз, кейде ынтық қалпымен айтқанына көндіреді екен. Бірақ, осы паң мінезіне де қарамастан орынды сөзге тоқтайтынын тағы қайтерсің.
«Как томно был он молчалив, Как пламенно красноречив, В сердечных письмах как небрежен, - деп, Александрдың туындысына одан әрі тесіледі: - Одним дыша, одно любя / Как он умел забыть себя! Как взор его был быстр и нежен...». Әуелі ойша тәржіма жасап, ақын жаны өлеңнің «іші алтын, сырты күміс» болып, жарасым тапқанын қалайды. Тіпті «...Үндемей жүрсе де сөзге баяу, От жалындай жауапкер құрбыменен. Ғашықтық сөзге жүйрік әсіресе, Дем алысым, құмарым – бір сен десе». Сонда «апырым-ау, бұл не қылған жан өзі!»: «Жанын құрбан жолына қылған жансып, Көз қарауы құбылар әлденеше, Кейде ұялшақ, төменшік, кейде тіп-тік, Қамыққансып, қайғырып, орны келсе...».
Шынында да бұл өзі не қылған жан? Осы сауалдың жауабын да Хакім көп ұзамай табады. Өзінің байқауынша, Евгений, ерте бастан «лас» ортада «былғанған» болды. Біресе «ұяң-әдепті, біресе ұрт мінезді «серінің» күнәсіз көз жасы тілдескен жанды бейне бір дуалап тастайтынын қайтерсің! Бұдан кейін Онегин сөздің майын тамызып, алдындағы бойжеткенді әпжыландай арбайды. Абайдың қандастарының арасында да осындай майда сөйлеп, майдай ерітетін «жылпостар» аз емес. Бірақ, тап мынадай мінезі тәкаппар, тілі тәтті жанды кездестірмепті. Роман кейіпкері ештеңеден «бейхабар», жаңа танысқан «бейкүнә» жан секілді суреттеледі: «Қалжыңын білдіртпейді қалай деген. Жаның шошыр өрлігі жаннан бөлек...».
Ақылмен «арбап», жылы жүзі кімнің болсын басын шырқ айналдырады. Соған да қарамастан кейіпкерін шын «танып», бетпердесін сыпырған Пушкиннің әрбір сөзін Абай да мұқият саралап барып қана қаламын сияға малады: «Кісіге балдан тәтті орны келген... Емінер, «әй» дегізер, дайын қылар, Жүрегің қалай соқса, пайым қылар...». Оның «сыйқырлы» сөзі сұлу бикештердің жүректерін «қытықтап», буын-буындарын жайлайды. Майлы қасықтай, жылмаң қағып, «жылы ізін суытпай, дамыл көрмей, бір оңаша жолығар жерді айтқызады». Осы «сүлік» мінезімен «небір сұм мен сұрқия жандардың да мысын басып, «әжуаға, қорлауға тілі орамды, не түрлі тұзақ құрып көңілін басады».
Онегин осылай «күл-қоқыс» қоғамның нашар елесіндей көлбең қағады. Бұл түлкі әрі тазы тірліктің жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның қасіреті екенін Абай өз тұсынан түйсінтеді. Өз қандастарының да арасында замандасқа есесі кетіп, өші бардай, екпіні қатты, сөзі өктем пенделер аз емес. Адам «құны» арзандаған «мыстан» қоғамға зығырданы қайнайды. Бірақ, Евгенийдің басындағы бейшара халге кінәліні анық тапқан соң, ақын өзінің оған іш тарта бастағанын сезеді. Рас, ол өте айлалы әрі өркөкірек: арам жан мен «желетек» ұрғашыны аямайды. «Жасынан түсін билеп, сыр бермей», былыққан қоғамды «балшықша» илейді.
Тәкаппар табиғаты «жан шошырлық» оның «көз қарауы әлденеше құбылып, орны келсе, қамыққансып, қайғырғансыған» қулығына «құрық бойламайды». Тіпті, «ақылы асқан, күндес шықса, оған небір түрлі тұзақ құрып, оп-оңай көңілін басады». Бірақ, өзі таныған Онегин жаманға «жайсыз» болса да, адал сезімге қылау түсіруден аулақ жанға ұқсайды. Бұған енді қалайша бүйрегі бұрмасын. «Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ, Саған жар менен артық табылса да...», - деп, махаббаттың «ащы дәмін» татқан Абайға орыс ақынының романы ұнайды. «Жасынан түсін билеп, сыр бермеген...», бірақ сезімін бірден суытпақ болған Евгенийдің мінезі Татьянаға да бәрібір жағымды.
Тәкаппар әрі аса ізетті «сері» сұлу бойжеткеннің жүрегінің «әміршісіне» айналғандай екен. Татьянаның өзі бірінші боп хат жазуға мәжбүр: «Әлімше мен де ұялып, Білдірмен дедім өлсем де. Шыдар ем күйіп, мен жанып, айында бірер көрсем де... ». Ғашықтық «дертінен күйген» қыз «Тіршілігім – құрбандық, Шыдамай сені көргенше. Тәңірімнен келген бұл жарлық, Ием сенсің өлгенше», - деп дір-дір қағып, жарық дүниені де тәрк етуге бар. Евгений болса, мұндай перизатқа өзін тең көрмей, оның лайықты жар табуына тілеулес. «Ұяттан еріксіз аттап», махаббат отына күйіп-жанған бойжеткеннің «Амал жоқ, қайттім білдірмей, Япырым-ау, қайтіп айтамын?.. Қоймады дертің күйдірмей, Не салсаң да тартамын...» - деген пәк сезіміне жаны аши тұрып та оны адал жолдан «тайдырмақ» емес.
Бастапқыда қыздың жазған хатына ризашылығын жеткізумен ғана шектеледі. Абай «Еркінен айрылып, тағдырын өзіне табыстаған» бойжеткенге Онегиннің таңданысын әбден түсінеді. Ғашығымен тағдыр қосу үшін ештеңеден қорғанбай, тіпті өзін «құрбандыққа шалуға» даяр сұлудың кіршіксіз сезіміне шығарма кейіпкерімен қоса тебіренеді. Татьянаның «әдепті әрі рас сөзі «бойын жеңсе» де Евгений періште қыздың сезімін суытпақ емес: «Жас жүректің толқынын дөп / Жаза алыпсың толтырып, Бойды жеңіп бұл асыл деп, Тұрды титық көп құрып...» - деп, сезімге ере жаздап, бойын тез жияды: «Тіл буынсыз, бой – таза гүл, Ақылы артық, ары зор. Ол – перизат, ойла, өзің біл, Не болады болса қор...?».
Хакім «сері» жігіттің ару қыз «өзіне қосылса, оны қор етуден» қорқып, ағынан жарылғанына сүйінеді. Ол өз басы «бар қызықтан бас тартқанда» жолыққан бойжеткеннің «гүлденген бағын» қуартып алудан қорғанады екен. Бар қалауы асыл жар емес, «ағасындай, шын дос» болу. Бірақ, өкінішін де жасырып қала алмайды: «Бар денемнің бәрі – бір мұз. Қайырылуға жарамас. Мына дәулет, мына асыл қыз / Болды маған арам ас...», - деп қабағын мұң басады. Ару қыздың «сыршыл тілін» ұғынса да кіршіксіз сезімді «жастық пен нанғыштыққа» балап, ғашықтық отына «өртену мен өртеуден» сақтанады. Бұдан соң, Онегин «жанып, сөніп, суынған көңілі қобалжыса» да алғашқы сөзінен танбайтын сияқты.
Бірақ, шынайы махаббат лебі «жамағанмен түзелмес сынық жанның» қоламтаға айналған сезім шоғын қайта үрлеп, жалындатып жіберген еді. Ол енді «өмірінің отты шағы өтіп кеткенін» мойындай келіп, жан сырын бүкпейді: «Сақтасар, ардақтасар кісі болсам, Жалғанда сенен басқа жанды алмас ем», - деп, өзін «антұрған, қазымыр, баянсыз жан» санап, тағдырына тым қатал. Тіпті, жүрегін аялаған Татьянаның «кірсіз жүрек, мінсіз тіл, гүл мінезін» көлденең тартып, оны өзі секілді «опа бермес ерден» айнытуға тырысады: «Қуартып, қайғыменен суалтамын / Біреудің қызыл гүлін тұрған балқып...». Тіпті, кейін жазатын екінші хатында да Евгений сері бойжеткеннің тағы да ойлануын өтінеді.
Алайда, ол «Ақылменен ойласаң тоқтау қылып, Сүйкімді менен артық жан табылар...», - деп, қоштасуға қаншалықты бет бұрғанымен: «мұз жүрегі май сықылды еріп, от боп» лаулайды. Евгений әуелгі сөзінен енді амалсыз танады: «өлі бойға жан жүгірді, қайратым құрыш болды», - деп, мұз жүрегінің майдай ерігенін айтып, ару қызға өлердей жалбарынады. Өзінің ғашықтық «отына» күйіп, жанған жүрегіне әмір жүрмесін кеш ұққан жігіт жанына дауа таппай, жүдейді. Махаббат «дертіне» шалдыққан ол ғашығының жар болуын жалынышпен өтініп, жанына пана болуын тілейді. Егер Татьянасы келіспесе, «көзі көруден қалып, жан тапсырудан» басқа амалы жоқ: «Сен бетіңді әрі бұрсаң, Шықты көзім, болды көр».
Ғашық қызға деген сағыныштан жүрегі алып-ұшып, тым құрыса оның «ақ жүзін бір көрсе, арманы жоқ»: «Күні ертең бір көрінсең / Сорлы асықтың көзіне. Тәңірі үшін, шапқатыңмен / Нан ғаріптің сөзіне...». Ол бастапқы шешімінен тез қайтып, өзін де, сүйген сұлуды да қосылуға қайрап салады: «Ақылы бар, ықтиярлы, Пенде теппес өз жарын... Қорғалап құр өтпе өмір бос, Тағдырыңа қарсы бар». Бұған да себеп Татьянаның хаты еді. Евгений енді оның сезімінің қадіріне жетпегенін жасырмай, «михрабым» деп, бас иіп, «мәжнүн» хәлге түседі: «Он сегіз мың бұл ғаламның / Бар тынысы Күнде тұр. Мен сықылды сорлы адамның / Ықтияры сенде тұр...». Осы жолдарды жазып отырған Абайдың көз алдына ғашығы Тоғжан келеді.
«Тәңірі қосқан жар едің сен... »
Сұлу қыз елдің бәріне бірдей жаға бермесе де, оның сүйіктісі Тоғжан баршаға сүйкімді жан. Махаббаттың «безгек ауру секілді жүдетіп, үміт үзсе – тондырып, дәмеленсе күйіп-жандырар» әсерінен ақын жүрегі кеудесінен сыймай тулайды. Алайда, ғашық жүректің лүпілін сезінуді екінің бірінің маңдайына жазбаған секілді. Хакімнің байқауынша, махаббатты кейбіреу жүректің емес, арзан тілектің «саудасы» деп біледі. Сондықтан ол махаббат туралы «сөз мәнісін» замандастарының, әсіресе жас ұрпақтың дұрыс ұғынуынан үмітті: «Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол, Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол...» дей келіп, жан сырымен бөліседі.
Ғашық жүрек, тіпті «Көңілімнің рахаты сен болған соң, Жасырынба, нұрыңа жан қуансын...», - деп тебіренеді. Махаббат «азабының ащы дәмін» татқан Абай жастарға адалдықты өсиет етеді. Сүйген қызы Тоғжанмен тағдыр қоспаған соң, мұңын өлеңге шағумен шектелмей, өзге «Мұңлық-Зарлықтардың» қосылуына қамқор болатыны да мәлім. Тобықты жұрты ақынның Топай руынан Әліман, Мамай руынан Ақбордақ деген жесір әйелдерге бас бостандығын алып бергенін біледі. Ол, сондай-ақ, Жуантаяқтан – Қадиша, Сыбаннан – Зылиқа сияқты және басқа қыздардың сүйген адамдарына қосылуына көмектеседі. Осы орайда Абай әмеңгерліктің де жөнімен атқарылуына баса көңіл бөледі.
Абайдың би ретінде Көкше руынан еркек есімді Батырбай мен Аналық деген жесір әйелдерге байланысты дауды әділ шешкені белгілі. Осы жолда, тіпті жау да табады. Кезіндегі досы Оразбай сияқтылардың жаулығына да Сыбан мен Мұрын табының арасындағы «жесір дауы» себеп еді. Хакімнің Кеңгірбайдың әділ болмағанын айтып, Мұрын қызына еркіндік әпергені оларға жақпайды. Осы орайда Абайдың ғашықтық туралы шығармалары да, оның махаббатты ерекше ардақ тұтуының айнасы болатын: «Біреуді көркі бар деп жақсы көрме, Лапылдақ көрсеқызар нәпсіге ерме! Әйел жақсы болмайды көркіменен, Мінезіне көз жетпей, көңіл берме!..». Бұл кешегі мен бүгінгі ғана емес, ертеңгі замандасқа да зор өнеге.
Дегенмен, адам өмірінің Көктемін, оның жадыраған Жаз түгілі, Күзімен де шатастыратындар аз ба? Сөзді ұғарлық замандас болса, бұдан кейін «ақсақал айтпады» деп кінә арта арту қисынсыз... Ақын махаббаттан суынғанымен, асық сезімнің қадірін жырлаудан танбайды. Тіпті, табиғаттың тамаша сыйы – әйел баласының ажарына сүйсінбеу мүмкін бе?! Олай болса, «Шу дегенде көрінер сұлу артық... Кімі паңдау келеді, кімі тантық. Ақыл керек, ес керек, мінез керек. Ер ұялар іс қылмас қатын зерек... Жасаулы деп, малды деп байдан алма, Кедей қызы арзан деп құмарланба... Ары бар, ақылы бар, ұяты бар / Ата-ананың қызынан ғапыл қалма. Үйіңе тату құрбың келсе кіріп, Сызданбасын қабақпен имендіріп».
Бұрын да, қазір де, өкінішке қарай, ақиқатты «кейбіреу тыңдар үйден шыққанынша, кейбіреу көңіл қояр ұққанынша». Сөз мәнісін білерлік жан ғана «әрбір сөзді өз халынша абайласа» керек. Алайда, «меліш сауда сықылды күлкі сатқан ендігі жас пайда деп, мал деп туады». Демек, адамның сыртқы болмысы демесек, ой-ниеті өзгермейтін көрінеді. Ақын өсиеттері адам қоғамының алтын арқауы – махаббаттың арзандап кетпеуіне деген алаңдаушылықтан туған еді. Себебі, «Күлкі баққан бір көрер бишаралық... Еһе-еһеге» елірме, бозбалалар, Бұл бес күндік бір майдан ер сынарлық. Салынба, қылсаң дағы сан құмарлық». Осыны ертерек естіп, ертерек есейіп, «ақыл, қайрат пен жүректі тең ұстағанға не жетсін!
Сондықтан «Әсем салдық өлгенше кім қыларлық, Оған да мезгіл болар тоқталарлық. Қалжыңдасып өткізген қайран дәурен, Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық?..». Бірақ, «қанша үміт еткенмен, ақынның замандастары қатарында сөзді ұғарлық бозбала» аздау. Көбінесе ер адамның көзі сыртқы сымбатқа «сұқтанып», оның көңілді «баурайтыны» табиғи нәрсе. Мұның, бірақ сұлудың жан дүниесін айқындай алмайтын кездері де аз емес. Абай қазақтың бойжеткен қызының көрікті кескін-келбетін асқан шеберлікпен суреттейді. Ол тамсанған арудың сымбаты жас атаулы қызығып, ересек жанды сүйінткендей сүйкімді. Еркек пен әйелдің махаббаты, әсілі ерекше сый әрі өзгеше сын екен.
Ару қызға тамсанған өлеңнің алғашқы жолынан бастап, оның көркем өрімі тәнті етеді: «қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы...» бойжеткен кез-келген паң жігіттің жүрегін лүпілдетіп, кіріптар халге түсіреді. «Аласы аз қара көзі» жарқ еткенде басқа дүние қаперіңе кірмейді. «Жіңішке қара қасын сызып қойған жаңа туған айға ұқсатып», тәтті сезім құшағында балқисың. Сұлу бейне жанарда «жүзіп», есіл-дертің соған ауады: «Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын, Ақша жүз, алқызыл бет тіл байлайды. Аузын ашса, көрінер кірсіз тісі, Сықылды қолмен тізген іш қайнайды». Ақын бойжеткеннің «бейне бұлбұл сайрағандай күлкісіне, жұп-жұмыр, ақ торғындай мойнына, күн шалмаған тамағына» елтиді.
Мінсіз бойы, тал шыбықтай бұраңдаған белі мен жас баланың етіндей білегі, әжімсіз саусақтары мен қолаң қара шашы еркіңнен тыс бойыңды билеп, дәрменсіз халде соңынан ере жөнелгендейсің. Абай осындай арудың нендей оғаш мінезді болса да бойына жуытпауына шын көңілден жанашыр тілек үстінде, оның ажары мен ақылының жарасқанын қалайды. Әйел баласының сыртқы бейнесімен қатар ішкі жан дүниесіне де үңіліп, өзі ғашық жанның ажарын айрықша айшықтайды. Бұл осыған дейін жазған «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңінде айтқан «лапылдақ көрсеқызар сезім мен әйел мінезі» туралы ойларының қисынды жалғасы іспетті. Ару қыздың келбетіне әлі талай талай жас тамсанады.
Сондай-ақ, Әуезовтің жауһар романына да терең «бойлаған» сайын ақын ғашық болған ерекше жанмен жүздескендей әсерге бөленеміз. Замандас осы ерекше жаратылған сұлуды тым құрыса бір көруге құмар. Сөйтіп, «желсіз түндегі жарық ай» астында бірін-бірі аңсап, ынтыққан екі жастың кездескен сәтінің куәгеріне айналамыз. Осылай табиғат пен адам сезімі үндесіп, қабысып, жарасым табады. Ғашық жүрек өзін сүйген жанның жолында құрбан етуге даяр: «Сенен артық жан жоқ деп, ғашық болдым, Мен не болсам, болайын, сен аман бол». Махаббат сезімінің де «безгек ауру» сықылданып жүдетер» азабын «Қор болды жаным...» деп жайып салады.
Енді Абайдың қолынан бар келетіні, ғашықтық сырын, яки көзінің ыстық жасын ақ қағазға төгеді. Осы тілхаты арқылы сәлем жолдап, сүйіктісін тәтті сырмен тоймас ләззатқа бөлеуге тырысады. «Тән шымырлап, бой ерітер» сезімнен қыз жүрегінің тебіреніп, елжіреуінен дәмелі. Соған орай бойжеткеннің «Біз де әркімді байқаймыз, Тап бергеннен тайқаймыз. Сіздей асыл кез болса, Қайтіп басты шайқаймыз? -деген жауабы да ойынан шығады. Көңілі «майдай шыжыған» қыз, бірақ алаңсыз да емес: «Үйір қылма бойыңа, Шыны жақсы көрмесең» деп, кеудесінен «итере» отырып та махаббат тоятына ынтық екенін жасырмайды. «Арқасында өрген бұрымы білектей, шолпысы сылдыр қаққан» сұлу көз алдымыздан өте береді.
Ақын «Жүректен қозғап, әдептен озбай», көп сөйлеп созбайды: «Көзімнің қарасы, Көңілімнің санасы, Бітпейді ішімде / Ғашықтық жарасы...». Осы ғашық жүрекпен бірге «сан кісі мұңаяды: «Күйемін, жанамын, Еш рахым қылмайсың... «Сенсің – жан ләззәті, Сенсің – тән шәрбәті... Құдай-ау, бұл көңілім / Күн бар ма бір тынар?!». Тап осылай махаббат сырын өлең сөз ғана шебер кестелейді: «Ғашықтық тілі – тілсіз тіл, Көзбен көр де, ішпен біл. Сүйісер жастар қате етпес, Мейлің илан, мейлің күл». Әдемі жыр ғашықтың тәтті сырымен әлі талай жүректі лүпілдетеді: «Айттым сәлем, қалам қас, Саған құрбан мал мен бас. Сағынғаннан сені ойлап, Келер көзге ыстық жас...».
Ғашық жан үшін өз сүйіктісіне ешкім тең келмейді: «Сенен артық жан тумас, Туса, туар артылмас. Бір өзіңнен басқаға / Ынтықтығым айтылмас. Асыл адам айнымас, Бір бетінен қайрылмас...». Әттең, «Ғашықтық – қиын жол. Жетсең – жеттің. Жетпей өттің, Не болды? Арманда өмір / Өтті, Ойлар ма екен бір сені сол?». Асық жанға қолы жетпеген соң «аяқ-қолы салдырап, іші дертке толады». Бірақ, сонда да ойлағаны ғашығының бақыты: «Ажал уақыты / Жетті, Мен өлейін, сен-ақ сау бол...». Осылай қоштаса тұрып та, оны жүрегінің төрінде мәңгіге сақтары түсінікті. Бұл пәк сезімге сұлу да бей-жай қарай алмаса керек. Алла тағаланың адамға тамаша сыйының бірі – тірлікке сүйіспеншілік екен.
Ақын «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да, Аспанда ай менен күн шағылса да», - деп, жанының «жапырағын» жаяды. «Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты, Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?.. Аласы аз қара көзі айнадайын, Жүрекке ыстық тиіп салған сайын... Үлбіреген ақ етті, ашық жүзге» көз тоймайды: «Бұраң бел, бойы сұлу, кішкене аяқ, Болады осындай қыз некен-саяқ...». Бірақ, маңдайына жазған қосағына адал жар болуға ұйғарған Татьяна асығы Евгенийге кеш қалғанын жеткізеді. Сұлудың сабырға шақырған ғаріп хал енді Тоғжан екеуінің басына түскендей. Абайдың ғашықтық сырын ішіне бүкпей, жыр қылып төгіп, «жар ете алмай қалғанына» өкінуден басқа амалы қалмаған.
Осы орайда талай жыл ұлы ақын елінде еңбек еткен әкем – Абай ауданының құрметті азаматы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мақашев Шаймағамбет Оразбекұлы айтқан сөз ойымда жаңғырады. Ол кісі Тоғжанның арбакеші болған қариядан естіген әңгіме Абай ғашықтық жырларын арнаған Тоғжанның ажары ақылына сай бойжеткен, Құдай қосқан қосағына адал жар болғанын паш етеді.
