ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Алматы гарнизонына барып, «Айбалта - 2019» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуының өткізілу барысымен танысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
15 сәуір күні «Көктал» оқу-жаттығу полигонында «Айбалта - 2019» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталғанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Ол 3 мамырға дейін жалғасады.
Министр оқу-жаттығу аумағында әскерлердің практикалық іс-қимылдарын байқап, полигонның инфрақұрылымдық нысандарын тексерді.
«Заманауи қауіп-қатерлерді ескере отырып, әскерлерді жауынгерлік қызметтің негіздеріне сапалы оқытуға, қару-жарақ пен әскери техниканың тиімді қолданылуына, сондай-ақ оқу-жаттығуды өткізу кезінде қауіпсіздік шараларының сақталуына ерекше назар аударды», - делінген Қорғаныс министрлігінің ақпаратында.
Сапар қорытындысы бойынша Н.Ермекбаев стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығудың сапалы өткізілуі мен бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігін және жауынгерлік қабілетін одан әрі арттыру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Оқу-жаттығуға Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері, Арнайы операциялар күштері, арнайы және материалдық-техникалық қамтамасыз ету әскерлерінің әскери бөлімдері мен бөлімшелері тартылды. Жалпы алғанда, маневрге шамамен 8 мың әскери қызметші және 2 мыңнан астам қару-жарақ пен әскери техника, оның ішінде майдандық және армиялық авиация жұмылдырылған.