03 жел, 2020 сағат 11:22

70 елдің сарапшылары пандемиядан кейін қайта қалыпқа келу ойларымен бөлісті

Онлайн форматта өткен халықаралық симпозиумге әлемнің 70 елінен 450-ден астам ғалым, практик, сарапшылар қатысты. Олар Covid-19 пандемиясынан кейін тиімді институттарды ілгерілетіп, тыныс тіршілікті қайта қалпына келтіру бойынша ой-пікірлерімен бөлісті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Симпозиум Тұрақты Даму Мақсаттарын (ТДМ) іске асыру және тұрақты қайта қалпына келтіру ісінде тиімді, инклюзивті және есеп беретін мемлекеттік мекемелер мен цифрлық үкіметті трансформациялау мәселелеріне арналды. 

Шара барысында БҰҰ Бас хатшысының экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Лю Чжэньминь, Корея Республикасы Ішкі істер және қауіпсіздік министрі Чин Ен, Корея Республикасының Инчхон қаласының мэрі Намчун Пак сөз сөйледі. Ал арнайы баяндамашылар ретінде БҰҰ-ның 8-ші Бас хатшысы Пан Ги Мун мен Бангладеш Халық Республикасының Мемлекеттік және қоғамдық басқару министрі Фархад Хоссейн шақырылды.

Астана мемлекеттік қызмет хабының басқарушы комитет төрағасы Алихан Байменов симпозиумда жасаған баяндамасында, қазіргі кезде мекемелердің тұрақтылығын нығайту – жұмыстың шешуші бағытына айналғанын атап өтті.

«VUCA әлеміндегі сынақтарға жауап беру үшін үкіметтерге қажетті сипаттамалардан өзге, пандемия жаңа ахуалды қалыптастырып, мемлекеттік органдардың шешуші рөлін тағы бір мәрте айғақтады. Пандемия жағдайында психологиялық аспектінің маңызы артты. Қазір ең алдымен жұмыс ортасына назар салудың маңыздылығы арта түсті. Сондықтан, технологиялармен қатар, мемлекеттік басқару жүйесіндегі көшбасшылық пен кадр саясатына көңіл бөлген жөн», - деді Байменов.

Спикерлер пандемияның әлеуметтік-экономикалық салдарын тежеу және соған қатысты үйлесімді шаралар қабылдауда есеп беретін және инклюзивті институттар маңыздылығына тоқталды. Олар, сонымен бірге, дағдарыс кезеңінде бизнестің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, қажетті мемлекеттік қызметтерді ұсыну үшін инновациялар мен цифрлық шешімдердің айрықша рөлін атап өтті.

Баяндамашылардың айтуынша, көшбасшылық, өңірлік ынтымақтастық және цифрлық экономика – тұрақтылықты нығайтуда және пандемия салдарынан туындаған іркілістерді жоюда негізгі элементтер.