13 нау, 2025 сағат 13:07

5,6 млрд теңге заңсыз айналымын жасаған алматылық жасөспірімге сот үкімі шықты


Фото: Алматы облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі


Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті 5,6 миллиард теңге цифрлық активтердің заңсыз айналымын жасаған жасөспірімге қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды агенттік.


Кәмелетке толмаған күдікті 2020 жылы қыркүйекте "Telegram" мессенджері мен "OLX" платформасында айырбастау операцияларын жүргізетіні туралы хабарландырулар орналастырған.


"Binance" криптобиржаның пайдаланушылары тек ересектер бола алатындықтан, ол аккаунт жасау үшін ағасына верификациядан өтуін сұраған. 2021 жылы ол айналым сомаларын бөлшектеу және бұғаттау тәуекелін төмендету мақсатында өзінің туыстарының атына қосымша тағы үш аккаунт тіркеген", - дейді қаржылық мониторинг агенттігіндегілер.


Күдікті жасөспірім 2021-2024 жылдар аралығында жалпы сомасы 5,6 миллиард теңге цифрлық активтердің заңсыз айналымын жасаған. Көрсеткен қызметі үшін 0,5%-тен 2,5%-ке дейін сыйақы алып отырған.


"Күдікті өзінің заңсыз табысына Mitsubishi автокөлігін сатып алған, соттың шешімімен бұл автокөлікке тыйым салынды. Сот үкімімен ол Қылмысық кодекстің 214-бабының 2-бөлігі 2-тармағы "Заңсыз кәсіпкерлік, аса ірі мөлшерде табыс алумен ұштасқан" бойынша кінәлі деп танылып, 2,5 жылға еркіндігін шектеу жазасына кесілді", - дейді ведомстводағылар.


Сондай-ақ мемлекет кірісіне 5 172 USDТ цифрлық активтері мен Mitsubishi автокөлігі тәркіленді.


Еске салайық, былтыр жалпы айналымы 60 млрд теңге болатын 36 заңсыз крипто айырбастау пункті жойылды. Шамамен 2,5 млрд теңге (4,8 млн USDT) сомасына активтер бұғатталып, тәркіленген.