Фото: khabar.kz
Бүгін Парламенттің төменгі палатасында «Ақ жолдың» партиясы фракциясы атынан депутат Қазыбек Иса Бас прокурор Асыловқа,Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік төрағасы Жұмағалиға және Спорт министрі Мырзабосыновқа сауал жолдады. Онда Қазақстан спортындағы легионерлерге жұмсалып жатқан қаражат мәселесі көтерілді. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.
Депутаттың айтуы бойынша, «Ақ жолдың» 2021 жылы жасаған футболға кетіп жатқан сансыз миллиардтар туралы сауалы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қазақ қазынасы арқылы байып отырған шетел легионерлері шеруін тоқтату мәселесі де қоғамның қатты қолдауына ие болды. Өйткені сол кезде тек премьер лиганың 150-і, яғни 40 пайызы шетелдік еді.
Ал биылғы спорт туралы заң жобасы таныстырылымында Ұлыбритания, Франция, Германия, тіпті көрші Өзбекстан да 17-18 спорт түрін ғана қаржыландырса, Қазақстан олардан 10 есе асып түсіп, 180 спорт түрін қаржыландыратыны, яғни, министрліктің спортты сауын сиыр етіп алғаны жайлы көтерген мәселеміз де көптің қолдауына ие болды.
Өйткені, 2018-2020 жылдары спорттың барлық түрлеріне 646 млрд теңге бөлінген, оның 72 пайызының еліміз үшін басымдығы мен маңызы жоқ боп шықты.
Яғни, сонда 3 жылда 500 млрд-тай ақша далаға кеткен бе, қайда кеткен?! Ал 30 жылға көбейтсек,бұл, 15 триллион болады!!? Бұл елдің жылдық бюджетінің 70 пайыздайы?!
"Бір қуанарлығы, қазір талқыланып жатқан заң жобасында осы легионерлерді тоқтату мен 180 спорт түрін қысқарту секілді мәселелер шешімін тапты", деді ол.
"Шаршап қалған Аршавиндер 55 млн. теңге айлық алғанын білеміз"
Тек 6 жыл ішінде (2018-2023 ж.) «Самұрық-Қазына» АҚ 4 кәсіптік клубқа 138 млрд теңге бөлген. («Астана» ФК - 50,1 млрд, «Барыс» ХК - 48,8 млрд, «Astana Qazaqstan Team» велотобы - 31,5 млрд).
Қазақстанда ең көп жалақы алатын – футболшылар. Шаршап қалған Аршавиндер 55 млн. теңге айлық алғанын білеміз. Бюджеттен, халықтың қалтасынан қыруар қаржы бөлетіндей футбол мемлекеттің ең маңызды мәселесі ме? Халық қаржысын футболға шашып отырған Қазақстан секілді ел әлемде жоқ.
"Футболды дамысын деп қанша қаржы бөлсек те, футбол емес, жемқорлық дамып жатыр", деген депутаттың сөзінше ФИФА рейтингісі бойынша 110-130-шы соңғы орындардамыз. Ал футболдағы №1 жемқорлық қылмыс болып саналатын «келіскен ойындар» саны бойынша әлемдік рейтингте алдыңғы 4-орындамыз.
"Ең масқарасы сол - мүшелерінің бәрі шетелдіктер «Астана велоспорт» клубына кетіп жатқан қаржының есебін ешкім білмейді. Тек «Самұрық – Қазынаның» өзі 6 жылда 31,5 млрд теңге аударған. Біздің бүкіл ұлттық спортымызға бөлініп жатқан қаржы шайтанарба айдағандарға шаш-етектен шашылып жатқан ақшаның ширегіне де жетпейді", -деп отыр депутат.
Ал енді олар олимпиадада, Тур де Франс, Джиро де Италия жарыстары этаптарында ешқашан Қазақстан туын көтерген емес. Олар тек өз елдерінің туын көтеріп, әнұранын айтады.
"Сонда қалай, біз қазақтың миллиардтарын аямай шашамыз оларға, олар өз елдерінің атын шығарады ол ақшаға? Мұндай қорлыққа Қазақстаннан басқа қай ел көнеді? Мемлекет басшысы биыл шетелдік спортшыларға азаматтық беріп, ел атынан додаға қосуды доғаруды тапсырса да, екі ай өтпей, Франция мен Италиядан екі велошабандоз алған Астана велоспортына не деуге болады?!", - деп ашынды Қазыбек Иса.
Президент Тоқаев 2023 жылы спорт федерацияларына ревизия жүргізуді тапсырды. Содан бері екінші жылға кетіп барады, бір ғана федерацияға ревизия жасалған. Атышулы футбол федерациясына әлі ешкім жолаған жоқ.
Ал төрт ойында қақпасына 8 гол кіргізіп ойсырай ұтылған, бір де бір жеңіске жетпеген футболдан ұлттық құраманың бас бапкері, ресейлік Шершесовке Барменқұлов басқаратын футбол федерациясы 640 млн тг төлейді дейді. Сонда біз Черчесовке қарсыластың емес... біздің ұлттық құраманың қақпасына салғызған әр голы үшін 80 миллион теңге төлеп отырмыз!?
"Күйінгеннен айтқан едік осыдан 3 жыл бұрын «Миллиардтар жұмсалып жатқан қазақ футболында гол жоқ, ал ауылдарда жол жоқ! Гол салмайтын, тек халық қазынасына қол салатын, қол салғанда мол салатын футболға миллиардттарды босқа шашуды тоқтататын уақыт жетті!»-деп. Содан бері жетіскеніміз шамалы, енді ел болып, есімізді жиюмыз қажет!" - деді депутат.
«Ақ жол» фракциясы ұсыныстары:
1.Бас прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік барлық спорт федерациялары мен кәсіптік спорт клубтарына ревизия жүргізуі тиіс.
2.Кәсіби спорт, футбол – бұл негізі бизнес. Сондықтан, бюджетке байланған футбол және басқа да кәсіптік клубтардың барлығын жекешелендіріп, мемлекеттен қаржыландыруды тоқтату қажет;
3.Мемлекет қаржысы балалар мен жасөспірімдер мектептеріне, ұлттық спортқа, бұқаралық спортқа жұмсалуы керек.
4.Осы уақытқа дейін мемлекеттен жалпы спортқа, соның ішінде футбол саласына бөлінген қаржының есебі берілуі тиіс. Өйткені,ол халық қаржысы!