22 шіл, 2024 сағат 12:45

"5 адамның жағдайы өте ауыр" - Ферроқорытпа зауытындағы апатқа қатысты жауапты органдар кеңес өткізді


фото: egemen.kz

Ферроқорытпа зауытындағы апатқа қатысты жауапты органдар аппараттық кеңесте жағдайды баяндады, -деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".


Өздеріңіз білетіндей, ферроқорытпа зауытында штаттан тыс жағдай болып, өкінішке қарай, 8 қызметкер зардап шекті. Қазір барлығына толық көлемде қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Мен зардап шеккендердің туыстарымен жеке кездестім, дәрігерлермен де сөйлестім. Медицина қызметкерлері қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.


Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенованың айтуынша, зардап шеккен бес адамның жағдайы өте ауыр, үшеуінің жағдайы ауыр жағдайда. Шокқа қарсы барлық кешенді терапия жүргізіліп жатыр.

Айта кетсек, YDD Corporation ферроқорытпа зауытында болған оқиға фактісі бойынша ҚР ҚК 156-бабының 2-бөлігі бойынша «Абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бабына сай қылмыстық іс қозғалды.

Еңбек заңнамасы шеңберінде болған жағдайдың себептері мен мән-жайларын тексеру үшін арнайы комиссия құрылды.
Комиссия құрамына барлық уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. Жұмыстар бірінші күннен басталып кетті. Әр өкіл өз бағытын пысықтап жатыр. Бастапқыда оқиға болған жер тексеріліп, жазатайым оқиғаның куәгерлеріне сауалнама жүргізілді. Енді техникалық құжаттамамен танысу жүргізіліп жатыр. Біз күн сайын жұмыс істеп жатырмыз, – деді еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Мұрат Қарақекілов.


Тергеу қорытындысы бойынша қорытынды жасалады.

Бұл жұмысты сіздер барлық жауапты мемлекеттік органдармен, соның ішінде құқық қорғау органдарымен тығыз ынтымақтастықта жүргізулеріңіз керек. Түбегейлі және объективті түрде! – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.